Жасыратыны жоқ, бізде кез келген спорт түрінде легионер көп. Себебі шетелдік спортшыларға Қазақстан азаматтығын беріп, еліміздің атынан халықаралық жарыстарға қатыстыратын әдет тауып алдық. Бәлкім, мұның себебі тез арада табысқа жетіп, көптің һәм ел басшылығының көзіне түсіп қалуға ұмтылатын спорт шенеуніктерінің «пысықтығында» болуы мүмкін. Жалпы, елімізде шетелдік спортшыларды шақыру үрдісі 2005 жылы басталды. Сол уақыттан бері бізде легионерлердің келгенін қолдайтындар да, шетелден спортшы шақыруға қарсы тараптар да табылды. Жанкүйерлер мен қазақстандық спорт сарапшыларының кейбірі «шетелдік атлеттерге емес, жергілікті спортшыларға мүмкіндік беру керек» деп есептесе, Қазақстандағы спорт федерацияларының өкілдері легионерлер шақыру – спортты насихаттау әрі елдегі балаларды спортқа тарту және ішкі біріншіліктегі бәсекені арттыру деп санайды.
Енді кениялықтар қосылды
Таяуда БАҚ беттерінде «төрт бірдей кениялық жеңіл атлет Қазақстан азаматтығын алды» деген ақпарат жарияланды. Олардың еліміздің атынан алдағы халықаралық жарыстарға қатысуды жоспарлап отырғаны да айтылды. «Нора Джеруто, Дэйзи Джэпкимэй, Шэдрак Коэч және Каролин Кипкируи Қазақстан азаматтығын алды. Бұдан былай аталған спортшылар халықаралық турнирлерде осы елдің намысын қорғайды. Әу баста Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы азаматтық ауыстыруға рұқсат бермеген еді. Міне, енді төртеуі де әлемдегі жер көлемі бойынша тоғызыншы сатыда тұрған елдің намысын қорғауға мүмкіндік алды», – деп жазды pulselive.co.ke порталы. Қызығы, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы Кения елінің бес адамына «спорттық азаматтық» рәсімдеу шарасын бастап кеткенін осыдан үш жыл бұрын, яғни 2019 жылы 29 қаңтарда мәлімдеген. «Қазір федерация «спорттық азаматтықты» рәсімдеу шараларын бастап кетті. Оларды Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы (IAAF) өз ережелеріне сай тіркейді. IAAF рейтингіне сәйкес, бүгінде Нора Джеруто 3 000 метрге кедергілермен жүгіру бойынша екінші орында тұр, ал Каролин Кипкируи 5 000 метрге жүгіруден сегізінші орында, 10 шақырымға жүгіруден бірінші орын, 3 000 метрге жүгіруден екінші орында. Өз кезегінде Дэйзи Джэпкимэй 3 000 метрге жүгіруден оныншы орында», – деп жазды федерация өкілдері. Негізінен, спортшылар Қазақстанға 2017 жылы келгенімен, азаматтықты 2018 жылы алған. Бірақ кейін Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы легионерлерге қойылатын талапты күшейтіп тастағандықтан, бастапқыда Каролин Кипкируи, Нора Джеруто, Дэйзи Джэпкимэй және Шэдрак Коэч Қазақстан атынан жарыстарға қатыса алмай жүрген. Тек 2019 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысында құрылған Altay athletics клубының өкілі ретінде әлемдік жарыстарда бақ сынаған. Бірақ азаматтығы ретінде Кения көрсетіліп жүрген. Өйткені заңға сәйкес, Қазақстанда олар бес жыл тұруы тиіс болды. Бүгінде олардың елімізге келгеніне бес жыл толды. Енді «бүкіл қазақ жеңіл атлетикасы осы спортшылардың тасасына тығыла ма?» деген сұрақ туындап тұр. Өйткені Қазақстан азаматтығын алған кениялық жеңіл атлеттердің спорттық әлеуеті өте жоғары. Бұл ретте Кения атлеттерінің жетістіктеріне аз-кем тоқталып өткен жөн шығар.Осал спортшылар емес
Норе Джируте – 3 000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден әлемдегі лидерлердің бірі. Аталған қашықтықта кедергілер арқылы жүгіруден 2016 жылғы Африка чемпионы болған. 2011 жылы Лилльде (Франция) өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 2 000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден алтын алған. 2017 жылы Ослода (Норвегия) өткен Diamond League кезеңінде 3 000 метрге жүгіруден алтын медаль иеленген. Былтыр тамызда АҚШ-та өткен Prefontaine Classic коммерциялық жарысында 8:53.65 минут уақыт көрсетті. Салыстырсақ, Токио Олимпиадасында осы қашықтықта чемпион болған угандалық Перут Чемутай 9:01,45 минут уақытпен алтын алған. Осыдан-ақ спортшының қаншалықты жүйрік екенін аңғаруға болады. Ал Каролине Кипкируи 2011 жылы Лилльде өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына Кения атынан қатысып, 3 000 метрге жүгіруден қола медаль алған спортшы. Сондай-ақ Ботсванада өткен жастар арасындағы Африка чемпионатында 5 000 метрге жүгіруде жеңіске жеткен. 2012 жылы Барселонада (Испания) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында 5-орын алды. 2018 жылы Дохада (Катар) өткен Diamond League кезеңінде 3 000 метрге жүгіруде жеңімпаз атанған. Сол жарыста Кипкируи осы қашықтықтағы жеке рекордын жаңартқан болатын (8.29,05). Одан бөлек, дәстүрлі Boost Boston Games халықаралық жарысында 5 000 метрге жүгіруден топ жарған (15:55,24). 2017 жылы «Гауһар лиганың» соңғы қорытынды сайысында күміс жүлдеге ие болды. Дәстүрлі Ғ.Қосанов мемориалының 5 000 метрге жүгіруден рекордын жаңартқаны тағы бар (15.14.17). Дэйзи Джепкемей көбіне 3 000 метрге кедергілер арқылы жүгіру жарысына қатысады. 2012 жылы Барселонада өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын, 2013 жылы Донецкте (Украина) өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль алған. Сонымен қатар ересектер арасында Шанхайда (Қытай) өткен Diamond League кезеңінде қола медаль иеленген. Шэдрак Коечке келер болсақ, ол бірнеше рет Кения чемпионатында жүлде алған қырағы спортшы. 2017 жылы Алматыдағы Ғұсман Қосановты еске алу турнирінде ерлер арасында 5 000 метрге жүгіруде алдына жан салмады. Бұл спортшылардың жетістігіне қарар болсақ, алдағы жазғы Олимпиада ойындарында жүлделі орындарға таласуға мүмкіндігіміз көп секілді. Себебі жеңіл атлетикадан Кения спортшылары әлем бойынша үздіктердің бірі саналады. Айтпақшы, бірінші болып Нора Джерутоға Қазақстан атынан халықаралық жарыстарда бақ сынауға мүмкіндік берілді. Қалған үшеуіне де жақын күндері еліміздің атынан жарысқа қатысуға рұқсат берілуі тиіс.«Басқа амал жоқ» деседі
Біз мақала барысында спорт сарапшыларынан аталған спортшылардың еліміздің атынан әлемдік жарыстарға қатысуына көзқарасы қандай екенін білдік. – Жеңіл атлетика – өте қиын спорттың бірі. Бізде, әсіресе осы спорттан мықты спортшыларға зәруміз. Қазақстанда спринтерлік қашықтықта әлемдік деңгейге сай дәрежеде өнер көрсететін жас спортшылар жоқ. «Болашағы бар» деп үкілеп жүрген жастарымыз ішкі біріншілікте топ жарғанымен, халықаралық жарыстарға барғанда әріптестерінің шаңына да ілесе алмай қалады. Содан кейін амалсыз осы спорт түрінен легионер шақыртамыз. Бұл бір есептен дұрыс та шығар. Алдағы уақытта осы спортшылардың әлемдік аренадағы жеңісі біздің жас өрендердің жүгіру спортымен айналысуына жол ашатын шығар, – дейді спорт журналисі Фараби Әбдіхалық. Ал Қуанышхан Өмірхан шетелден легионер алдыру спортта әлдеқашан әлемдік трендке айналып кеткенін айтады. – Барлық спорт түрлеріне жете көңіл бөлмесек, өмір бойы сырттан легионер алдырып, солардың медальдарына мәз болып жүре береміз. Басқа жол көріп тұрғаным жоқ. Айталық, ауыр атлеттердің көпшілігі сырттан келді, Бразилиядан да бірнеше футзалшы алдырдық. Өзіміздің спортшылар солардың арасында жүріп өседі. Тек қазақстандық спортшыларға шектеу койылып, оларды шетке ысыру болмаса дейсің. Қазір әлемдік жарыстарда да алтынды кім алғаны маңызды болмай қалды ғой. Бастысы, қатысушы елдің туы желбіреп, әнұраны шырқалса болды. Ал легионерлердің оған еш кінәсі жоқ. Олар үшін спорт күнкөріс қана, – дейді ол. Шетелден көк қағазға өзге елдің қосалқы құрамда отырған немесе екінші, үшінші деңгейлі спортшыларын алу легионерлерге өзге елде болса да өз әлеуетін көрсетуге, жетістікке жетуге таптырмас мүмкіндік сыйлайды. Одан бөлек, қалталарын қалыңдатып, үлде мен бүлдеге кенелетіні тағы бар. Ал біз көп спорт түрі бойынша легионер шақыртуға мәжбүрміз. Олар «қажет пе, қажет емес пе?» деген мәселе талқыланбайды. Өйткені жергілікті спортшыларымызда шеберлік жетіспейді. Әсіресе, біздің елдің саңлақтарына жеңіл атлетикада жоғары жетістікке жету қиынның қиыны саналады. Осындай жағдайлардан соң әлемдік жарыстарда легионерлердің мүмкіндігін пайдаланғымыз келеді. Ендігі кезекте алыс-жақыннан алдырған өзге «қазақстандықтардан» бөлек Қазақстан атынан жарысқа қатысуға мүмкіндік алатын төрт кениялық желаяқтың жолына да үмітпен қараймыз.