Кеденнің жыры бітер емес. Қытаймен шекарадағы өткізу бекеттері былыққа түбірімен батқандай екен. Себебі контрабандалық тауар өткізу мен жемқорлыққа еш кедергі болмай келген. Таяуда билік сол заңсыздықтың бәрін жоймақ ниетте. Дегенмен осы кезге дейін асып-тасығандарға заңдағы олқылықтар мүмкіндік беріп қойғаны бізді таңғалдырып отыр. Яғни, осыған жол бергендер қатарында шенділер де болғанға ұқсайды.
Миллиардтар неге жоғалды?
Жыл басынан бері Қытаймен шекарадағы кеден мәселесі жиі талқыланып кетті. Бұрын да заңсыздық пен жемқорлық белең алғанын көбі айтатын. Енді билік кедендегі асып-тасқан жасырын топтардың заңсыз бизнесін ауыздықтауға кіріскен тәрізді. Расы сол, қыруар қаржының ошағындағы ықпалдыларды тоқтату оңайға түспейтіндей. Әуелі мәселенің жай-жапсарын шолып шықсақ. Сауда және интеграция министрлігінің дерегіне үңілсек, былтыр Қазақстанның өзге елдермен тауар айналымы 2020 жылмен салыстырғанда 17,4 пайызға артып, 101,5 миллиард долларды құраған. Экспорттың көлемі – 60,3 млрд доллар, импорт – 41,2 млрд доллар. Басқасын айтпағанда, Қазақстанның ең ірі негізгі 3 сауда серіктесі ғана бар. Қос көршіміз – Ресей (тауар айналымы 24,2 млрд доллар) мен Қытай (18,2 млрд доллар) және кәрі құрлықтағы Италия елі (9,6 млрд доллар). Ресеймен кедендік одақта болған соң шекарада қатаң кедендік шектеулер болмайтынын білеміз. Кеденге қатысты шикілік шығыстағы көршімізбен түйіскен жерде шығып тұр. Жоғарыда екіжақты сауда көлемінің 18,2 миллиард доллар екенін айттық. Соның шамамен төрттен бір бөлігі екі ортада жоқ болып шықты. 4 млрд доллардан астам ақша кімнің қалтасына кетіп жатыр? Демек, кеденде көбі айтатын жемқорлық белең алған. Алаңдауға негіз болған соң мәселе биік мінберлерде де көтерілді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кедендерге тексерісті бастап, соның ішінде әсіресе «Нұрлы жолға» назар аудару керегін айтып, жауаптыларға тапсырма берген. Кейін кедендегі бірнеше жауапты қызметкер ұсталды. Ізін ала Ұлттық экономика министрлігі Қытайдан келген тауарлардың кеденде арзандай қалатынын растады. Яғни, әрі-бері жүк тасығандар еш қиындықсыз салықтан жалтарған. Ол үшін кеденшілер өз үлесін алып отырғаны айтпаса да анық. Еліміздің сыртқы сауда статистикасы Қытай тарапының дерегімен сәйкеспей қалады. 2018 жылы осындай алшақтық 5,9 млрд доллар, 2019 жылы 6,1 млрд доллар, 2020 жылы 5,3 млрд доллар, 2021 жылы 5,6 млрд долларды құраған. Экономикалық контрабанданың ашық көрінісі. Кесірінен ел қазынасы түсуі тиіс қыруар ақшадан қағылды.Контрабандамен айналысу қиын болмапты
Бір қызығы, кеденнен ақша жымқырғандардың тайраңдауына қылмыстық жауапкершіліктің жеңіл болғаны да әсер еткен сыңайлы. Бұрын Қазақстанда экономикалық қылмыстарды ізгілендіру науқаны жүрді. Сол арқылы контрабанда қылмысы бойынша жауапкершілікке тарту қиындап кеткен. Мысалы, қазір «ірі мөлшердегі контрабанда» мөлшері 5 мыңнан 10 мың айлық есептік көрсеткішке дейін көтерілген. Ал 2015 жылға дейін бұл мөлшер 1 мың АЕК болған. Демек, бұрынғы «ірі контрабанда» қылмысы енді жеңіл қылмыс санатына өтіп кеткен. Аса ірі мөлшердегі контрабанда залалының құны 10 мыңнан 20 мың АЕК-ке дейін өскен. Шамамен 61,2 млн теңге. Соның кесірінен көп адам жазадан құтылды, еркінсіді. Дәлелі мынау – 2018 жылы экономикалық контрабанда фактілері бойынша, Қазақстанда сотқа дейінгі тіркелген тергеулер саны 71 болған. Ал келесі жылы лезде 28-ге түсіпті. Бұның барлығы елдің бас экономисі Әлібек Қуантыров келтірген деректер. [caption id="attachment_188111" align="alignleft" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Заң әбден контрабандистердің ырқына бейімделіпті. Шамасы, билікте жүргендер ішінен солардың сойылын соғатын ықпалдылардың болғаны даусыз. Экономикалық контрабандаға қатысты белгіленген мөлшер азайып қана қоймай, жаза да қоса жеңілдеген. Кеденнен біреу салығын төлемей, заңсыз жүк өткізді делік. Егер тауарының құны 30,63 миллион теңгеден кем болса, айыптыға түк те болмайды. Жай әкімшілік тәртіппен қаралады. Болды. Жазықты әрі қарай ісін дөңгелете береді. Әкімшілік жауапкершілік қаралғанымен жарытып айыппұл да төлемейді. 30 миллион теңгедей контрабандалық тауармен ұсталған адам 132 мың теңге ғана төлеген. Сұмдықты көкесі әлі алда. Заңсыз тауар алып өтіп, азғантай айыппұлын төлеп құтылған адамның жаңағы контрабандалық мүлкі де тәркіленбеген. Абырой болғанда, таяуда Ұлттық экономика министрлігі заңнамалық түзетулер әзірлепті. Енді алдағы уақытта көлеңкелі экономикаға тұсау болып, заңсыз жүк тасушылар қатаң жауапкершілікке тартылуы мүмкін.Қылмыстық топтар ықпал еткен
Кеден саласындағы сорақылықтарды одан әрі тереңдеп білу үшін біз сол саладағы тәжірибесі бар мамандарға сұрау салдық. Сөйтсек, шикіліктің тамыры сонау 2000 жылдардан-ақ жайылыпты. Мұны бізге кеденде басшылық қызметтер атқарған ардагер, полковник Бекен Нұрахметов тарқатып айтып берді. Оның сөзінше, әуелден кеденге қатысты шешілмей тұрған 3 міндет бар екен. Біріншісі – шекаралық кедендердегі сыбайлас жемқорлықты жойып, кадрларды кәсіби шеберлігіне қарай іріктеп, кеденшілерді қылмыстық топтың ықпалынан ажырату. Екіншісі – контрабандаға қарсы үзілді-кесілді тосқауыл қою. Үшіншісі – басқа қалталарға кетіп жатқан кедендік төлемдерді түгелдей мемлекет қазынасына түсіру. Б.Нұрахметов бізге 2002 жылы тікелей астанадан түскен бұйрық бойынша Қытаймен шекарадағы барлық кеденнің заңсыздыққа қатысы болуы мүмкін басшылары ауысқанын айтады. Орнына нағыз іскер азаматтар келген. – Мысалы, «Қорғас» кеден бекетінде 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап 14 ақпанына дейін импортталған тауармен 998 жүк машинасы өткен екен. Ал түскен кедендік төлемдер 100 миллионға да жетпейді. Жүк тасыған әр көліктегі тауардың салмағы мен кедендік құны 15-20 есеге дейін төмендетілген. Яғни, миллиард теңгеден артық қыруар ақша мемлекет қазынасына түспегенін білдік. Содан соң Е.Абдрахманов есімді азамат сол кеденге басшылыққа барып, бәрін түзетті. Осының арқасында сол жылдың бір ғана сәуір айында республикалық бюджетке кедендік төлемдер бойынша 1 миллиард 86 миллион 473 мың теңге аударылды. Бірақ қиындықтың бәрі кейін басталды. Шекарадан өткен әр көліктен өз үлесін алып отырған құқық қорғау органдары мен бандиттік құрылымдар «несібеден» қағылғысы келмей, жұмысын адал істеген кеденшілерге түрлі жолмен шабуыл жасады. Кеденшілерді ақпарат құралдары арқылы жамандатты, жалған жолмен қасақана қылмыс ұйымдастырып, соттатып жібергісі келді. Бала-шағаларына да қауіп төнді. Міне, сол кезден-ақ кедендегі заңсыздыққа мүдделі ықпалды адамдардың болғанын біле беріңіз, – дейді ол. Иә, қазір де заңсыздықтың көп болып тұрғанына қарап, сол кездегі қылмыстық құрылымдардың ызғары әлі де бар секілді деп ойладық. Әйтпесе жыл сайын миллиардтаған ақша қайда кетеді? Ал Бекен Нұрахметов кедендегі заңсыздықтарды жоюға бағытталған шаралардың биыл ғана аздап жемісін бере бастағанын айтады. Енді жауаптылар заңсыздықты түбімен жойса игі. Онсыз кеденнің жыры жалғаса беретін тәрізді.