«Тегін адвокат» тегеурінді ме?
«Тегін адвокат» тегеурінді ме?
282
оқылды
Нақақтан жалалы болып, ауыр айып арқалаған кісіге араша түсудегі адвокаттардың еңбегі ерен. Әйтсе де, айыптаушы тараппен тең дәрежеде таласқа түсе алатын білікті заңгерлерге ақы төлеуге екінің бірінің шамасы жетпейді. Адвокат жалдауды қалтасы көтермейтіндер мемлекет кепілдік беретін заң көмегін пайдалана алады. Дегенмен қазына қаржысынан қорғауындағы кісінің кінәсіздігін дәлелдеуі керек заңгерлердің біліктілігіне күмәнмен қарайтындар көп. Ал адвокаттар алқасының бұған қарсы өз уәждері бар. Әсіресе, қаңтар оқиғасы кезінде жаптым жала, жақтым күйенің құрбаны болғандар мемлекет кепілдік беретін заң көмегінің сапасына көптеп күмән келтірген. Ақысын мемлекет төлейтін адвокаттардың өз ісіне жүрдім-бардым қарағаны туралы шағымдар Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімоваға түскен екен. – Мемлекет кепілдік берген заң көмегі көбіне тергеу судьясы бұл­тартпау шарасы туралы шешім шы­ғарғанға дейін алғашқы ұстау­лар кезінде көрсетіледі. Маған мем­­ле­кет кепілдік берген заң кө­мегі ая­сында заңгерлік көмек ұсы­натын адвокаттардың жұмысына қатысты шағымдар уақытша ұстау изоля­торларына болғанымда түсті. Ондай шағымдар адвокаттар ал­қасы мен Әділет министрлігіне түс­­пеген. Өздері істі болып қамауда отырған соң және құқықтық ен­жарлығы мен құқықтық сауат­сыз­дығынан олар заңгерлердің үстінен ша­ғым­данған, – дейді Эльвира Әзімова. Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен сын сағатында қорға­лу­шыларының сенімін жоғалт­қан­дар күллі адвокаттардың да беделін түсіргенін атап өтті. Әрі заңгерлік көмектің бұл түрін мемлекет ұсы­нады. Демек, күдікке ілінген аза­мат­тың құқығының аяқасты бол­мауы үшін шыр-пыр болатын адво­каттың өз ісіне атүсті қарауы мемлекеттің гуманистік рөлін жоққа шығаруы мүмкін. Алайда елдегі адвокаттар алқа­сы мұндай ауыр айыптаумен келіс­пейді. Әрі тегін заңгерлік қызмет­тің сапасына қатыстың мәселенің тым тереңде жатқанын алға тар­тады. Республикалық адвокаттар ал­қасының төрағасы Айдын Би­кебаев құқық қорғаушылардың қан­дай жағдайда болмасын Конс­титуцияда бекітілген миссиясына жауапкершілікпен қарайтынын атап өтті. Мемлекет кепілдік бер­ген заң көмегі жүйесіне қатысатын заңгерлердің қызметінің тиімді­лігін адвокаттар алқасы жеке ба­қылауына алған. 10 қантарда әр об­лыс орталығында адвокаттар ал­қасының жедел желісін іске қос­тық. Оқиғалардан кейін мыңдаған адамға көмек көрсетілді. Бұл кө­мектің басым көпшілігі үшін ақы да алмадық. Бүгінде адвокаттар алқасына қантар оқиғасына байланысты 2 адвокаттың үстінен арыз түсті. Оны тексеріп жатырмыз. Қоры­тынды шешімді тәртіптік комис­сия қабылдайды. Былтыр 180 адвокат тәртіптік жазаға тартылды. 13 ад­вокат тәртіптік комиссияның ше­шімімен адвокатурадан шы­ға­рыл­ды, – дейді Айдын Бикебаев. Адвокаттар алқасы төраға­сы­ның мәліметінше адвокаттарды тәр­тіпке салудан бөлек мемлекет ке­пілдік берген заң көмегінің са­па­сына әсер ететін факторлар жеткілікті. Бұл жүйе аясында жұмыс іс­тейтін адвокаттарға төленетін ақы тым төмен. Адвокаттардың еңбек­ақысы оның процеске қатысқан минутына байланысты болады. Бір істі жүргізу кезінде адвокатқа бар болғаны 5-10 минутқа ғана ақы тө­ленеді. Сондағы алатыны 300-500 тенге. Адвокат жолына бұдан көп жұмсайды. Орта есеппен санағанда 1 істі соңына жеткізген заңгер 20 мың теңге табыс табуы мүмкін. Ал 1 адвокат айына осын­дай 4 іске қатысады, – дейді Айдын Жолшыұлы. адвокат Мұнан бөлек дәл осы бағдар­ламаға қатысатын адвокаттар про­цессуалдық оппоненттеріне тә­уел­ді болуы да өзекті мәселе саналады. Себебі қаламақысын алуы үшін олар тергеушінің қолы қойылған қаулы алуы керек. Сондықтан ад­вокаттар көп жағдайда істі қарап, күдіктіні қорғау кезінде адвокат тергеушіге тегеурінді қарсылық көрсете алмауы мүмкін. Демек, бұл жүйе де өзгертуді қажет етеді. Сондай-ақ соңғы уақытта құ­қық қорғау органдары қызмет­кер­лерінің мемлекет кепілдік берген адвокаттарды өздері таңдап алу фактілері жиілеген. Әрине, мұндай мүмкіндік берілген соң олардың өздерінің айтқанымен жүретін заң­герлерді таңдап алатыны түсі­нікті. Заң бойынша тергеушілерге мұндай мүмкіндік беруге болмай­ды. Олар іске қажетті адвокаттарды арнайы электрондық жүйе арқылы немесе аймақтық адвокаттар ал­қасы арқылы тартуы тиіс. Аталған мәселелер адвокат­тардың мемлекет кепілдік берген заң көмегі аясында жұмыс істеуіне құштарлығын азайтқан. Мәселен, республикалық адвокаттар алқа­сының мәліметінше 2 жыл бұрын елдегі адвокаттардың 62 пайызы осы бағдарламамен жұмыс істеген екен. Қазір олардың үлесі 31 па­йыз­ға дейін төмендеп кеткен көрінеді. Әрине, білікті адвокаттардың бірінен соң бірінің бұл жүйеден бас тартуы мемлекет кепілдік берген заң көмегінің сапасына кері әсер ететіні анық. Сондықтан заңгер­лер­дің алаңсыз, кедергісіз жұмыс істеуіне лайықты жағдай жасау са­паны қамтамасыз етудің алғы­шар­тына айналғаны жөн. Сәйке­сінше, республикалық адвокаттар алқасы салада қордаланған көп мәселені арнайы жол картасын қабылдау арқылы шешуге ниетті. Ал заңгер Әлімжан Жұбатқанов адвокаттардың қызметіне күмән келтіру құқық қорғау органдарын ақтап алу үшін жасалған болуы мүмкін деген пікірді қуаттайды. Құзырлы органдар тарапынан қаңтар оқиғасына дейін де түрлі заңсыздықтар болып келді. Соңғы оқиғалар кезінде де Президенттің өзі тапсырма беріп, бақылауға ал­ғаннан кейін жазықсыз қамал­ғандар босатылып жатты. Демек, бұл прокуратура органдары тара­пынан тергеушінің әрекеті қада­ғаланбағанын көрсетеді. Алайда сайып келгенде бар­лы­ғы кінәні адвокаттарға аудара сал­ды. Адвокаттар өз ісін заң аясында жүргізеді. Бірақ олардың уәжіне прокурорлар мен судьялар құлақ аспай, өз қалауын істейді, – деді Ә.Жұбатқанов. Әрине, заңгер айтқандай адво­каттардың кәсіби біліктілігіне күмән келтіру арқылы өз бастарын арашалап алуға тырысуы құқық қорғау органдарының қазіргі әре­кеті «суға кеткен тал қармайдының» кебі. Дегенмен жеме-жемге кел­ген­де адвокаттарға төленетін ақы­ның төмен болуы да істің сапасына әсер етеді. Бұл пікірді заңгер Әлім­жан Жұбатқанов та жоққа шығара алмайды. Мәселен, жақында бюджет тапшылығын сылтауратып сала­лық ведомство мереке, демалыс күндері күдіктіге араша түскен адво­каттардың ақысын 1,5 есе­ленген мөлшермен төлеу жүйесін алып тастады. Оның үстіне төлем процестің ұзақтығына байланысты. Шыны керек кейбір процеске төленетін ақы адвокаттың сот ғимаратына дейінгі жолақысын ақтамайды. Осы жағдайдан кейін адвокаттар мемлекет кепілдік беретін заң кө­мегі аясында іске қатысқысы келмейді, – дейді заңгер. Қалай десек те, мемлекет ке­піл­дік берген заң көмегінің сапа­сын әлсіретуге болмайды. Мұны адвокаттарға берілетін төлемақы­ның мөлшерін ұлғайту арқылы шешу – уақыттың еншісіндегі дү­ние. Алайда тергеушінің дәлел-дә­йектер базасын жинаумен бас­талып, соттың үкім етуімен аяқта­латын істің артында адам тағдыры жатқанын әсте естен шығаруға болмайды.