Оқиға наурыз айының басында №6 мектеп-лицейдің маңында болған. Екібастұз тұрғыны 7-сыныпта оқитын баласын өлімші етіп сабап кеткенін жазған.
Оның айтуынша, баласы бас-ми жарақатын алған. Миы шайқалып, мұрны сынған. Баланың шошығаны соншалық аузы көбіктеніп, есінен танып қалған. Күннің суығынан оқушы суықтап қалған. – Ұлымды футбол алаңқайында соққыға жыққан. Осыны қызықтап тұрған отыз шақты баланың біреуі тоқтатпаған. Ол жерде камера болмаған. Сондықтан сол күннің жазбалары да жоқ. Есінен танып, жерде сұлқ жатқанын көрген сыныптас қыз жедел жәрдем шақыртқан. Сөйтіп ұлымды мектеп ауласындағы орындықтың біріне көтеріп апарған. Сол жерден жедел жәрдем алып кеткен, – деп жазды анасы Instagram парақшасында. Содан бері екі апта өткен. Мектеп басшылығы не мұғалімдерінің бірі де баланың жағдайын білуге жарамаған. – 9 наурыз күні ұлым ауруханадан шықты, қазір үйде. Бірақ бүгінге дейін мектептен ешбір жан халін сұрап, хабарласпады. Олардың мұндай қарым-қатынасына таңғалдым. Содан мектепке бардым. Алайда олар кешірім сұраудың орнына "полицияға хабарластың" деп өзімді кінәлап шықты, – дейді ол. Анасының шағымына Екібастұз қалалық білім бөлімі қызметтік тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, қазір №6 мектеп-лицей аумағында оқушылар арасындағы төбелес фактісі бойынша профилактикалық кеңес өтіп жатыр. "Қызметтік тексеру қорытындысы бойынша мектеп әкімшілігі мен мұғалімдердің әрекеті бағаланады», - деп сендірген Екібастұз білім бөлімі. Ал полиция істің әлі қаралып жатқанын хабарлаған. Баланың анасы болса, бұл іс қаралмастан, жабылып қала ма деп қорқып отыр.