Петропавлда 16 жастағы мектеп оқушысы ұсталды
Петропавлда 16 жастағы мектеп оқушысы ұсталды
© polisia.kz
311
оқылды
Петропавлда интернет-алаяқтыққа күдікті жасөспірім ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Петропавлдың бірқатар тұрғыны интернет-алаяқтық туралы арыздарымен полицияға жүгінді. Жәбірленушілердің дені жастар. Олар “ВКонтакте” әлеуметтік желісінде тартымды қызбен танысқаны жайлы айтқан. Аз уақыт хат алмасқаннан кейін “виртуалды таныс” қарызға ақша сұраған, алайда оны қайтаруды ойламаған. Шығын сомасы 13 мың теңгеден бастап 316 мың теңге аралығында. Петропавл қалалық ПБ Криминалдық полиция қызметкерлері жалған парақшаны анықтаған. Оның атын автор кездейсоқ таңдап, фотоны интернеттен алып орналастырған. Жедел уәкілдер күдіктіні анықтаған, ол Петропавлдың 16 жастағы мектеп оқушысы болып шықты. Ол ата-анасының кепілдігімен босатылды. Аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бүгінгі таңда істе 4 эпизод бар, полицейлер жәбірленушілердің санын нақтылау бойынша жұмыс істеуде.
– Интернет желісінде ақшаға байланысты сұрақтар туындаған кезде азаматтардан сақ болуды сұраймыз. Киберқылмыскерлер адамдардың интернет желісіндегі парақшаларының көшірмесін айнытпай жасап, таныстарынан белгілі бір себептерді сылтау етіп, ақша сұраған деректер де кездеседі. Сондай-ақ, интернетте тауарлар сатып алу кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеңіздер. Бұдан бөлек, ешкімге ешқашан жеке деректеріңізді: банк карталарының нөмірлері мен парольдарын, картаның екінші жағында жазылған cvv-кодтарды, sms арқылы келетін бір реттік кодтарды айтпаңыздар, – дейді Петропавл қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің бастығы Дархан Зияфиддин.