Теңселген теңгені интервенция құтқарса игі...

Теңселген теңгені интервенция құтқарса игі...

Сансыз санкцияның ас­тын­да қалған экономикалық одақтасымыз Ресейдегі жағ­дай ұлттық валютамыз теңгені де кері тартып жатыр. Төл ақ­шамыздың аз уақытта бір­шама құнсызданғанын көрдік. Ал Ұлттық банк мәселені қар­жы шығындап, интервенция жасау арқылы шешуге ұмты­лып отыр. Бірақ одан нәтиже бола ма, осы іс шығынды ақ­тай ма? Жасыратыны жоқ, интервенциялық саясат елі­міздің алтын валюта қорын құртып тынуы мүмкін. Сонда тығырықтан шығар қандай жол бар, қаржы сарапшылары бұл жайлы не дейді?

1 аптада 420 млн доллар шығындадық

Иә, санкция салдары әлден-ақ білініп жатыр. Ресейдің рублі соңғы он шақты күннің ішінде екі есеге жуық құнсызданып кетті. Ал оның теңгеге тигізетін әсері көп. Украи­надағы жағдай басталғанға дейін доллар бағамы 430 теңгенің маңа­йында жүрген, осы күні 500-ден асып кетті. Бұлай тұра берсе, тең­геге қысым күшейе берері сөзсіз. Шыны сол, қазір көп қаржы сарап­шылары доллар бағамын Ұлттық банк қаражатын сатып ұстай ал­май­тынын айтып жүр. Интервен­ция жағдайды түк те оңалтпайты­нын жеткізген. Дегенмен Ұлттық банк бас­қа жолды таба алмай отырса ке­рек. Өткен бір аптада 420 млн дол­ларға валюталық интер­венция жүр­гізген. Қаржы нары­ғын­дағы жағ­дай құбылмалы. Ал Ұлттық қор­дан республикалық бюджетке транс­ферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату өткен аптада 240,2 млн долларға шыққан. Осылай Ұлт­тық банктің валюталық интер­вен­циялары мен Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 92,9 пайызын құрапты. Теңгенің құнсыздануы бағаның өсуіне, инфляцияның көтерілуіне алып келері сөзсіз. Инфляция кө­терілсе, банктердегі пайыздық мөл­шерлемелер өседі. Экономикаға инвестиция салынбай қалады. Онсыз да жұртты алаңдатқан құры­лыстың бағасы одан әрі артады. Өйткені біздің экономикаға шетел­ден келетін материалдың үлесі тым көп. Енді арғысын болжай беріңіз. Жалпы, интервенция тақырыбы 2015 жылға дейін ашық айтылмады. Сол жылдан бастап Ұлттық банк валюталық интервенциялардың таза көлемі (сатып алу мен сату арасындағы айырмашылық) туралы ай сайын жариялай бастады. Кейін бұл амал әдетке айналып кетті десек жалған емес. Бір ғана 2020 жылы Ұлт­тық банк 1,9 млрд долларды ин­­тервенция арқылы теңгеге дем беруге жұмсаған. Интервенциядан бөлек, қымбатшылық пен панде­мияға қарсы күреске жұмсалған қа­­ражат есебінен Ұлттық қор 5 млрд долларға азайып қалғаны есте. Одан бөлек, Қазақстанда ұлттық компаниялардың валюта түсімде­рінің бір бөлігін сатуды міндеттейтін мәжбүрлі шешімдер болды. Одан түскен қаражат теңселіп жүрген ұлттық валютаны қолдауға бағыт­талды. Сарапшылар бұл әдіс доллар тапшылығы кезінде теңге бағамына айтарлықтай көмектессе де, Ұлттық банктің жеке секторға доллар сатып алуды міндеттей беруге құқы жоқ екенін талай айтқан. Яғни, интер­венцияға қатысты сан түрлі пікір мен дау көп. Біз үшін осы кезде ма­ңызды болып тұрған – «интер­вен­циядан жақсы нәтиже бола ма?» деген сауал.

Қаржыгерлер не ойлайды?

Көп созбай-ақ, қазір теңгеге зиянын тигізіп жатқан себептер мен мәселені шешу жолдарын қа­растыруды жөн санадық. Бәріне мә­лім дүние – теңге рубльге қосақ­талып, байланып қалған. Оған әсер еткен факторлар жетерлік. Жақын арада бейтарап бола қалуы да мүм­кін емес. Қаржы сарапшысы Жанат Нұрғалиев те қазіргі жағдайдың біз ойлағаннан ауыр екенін айтып отыр. Оның пікіріне сенсек, әзірге теңге тұрақтылығы үшін интер­вен­циядан басқа жол жоқ. Сондықтан амалдай тұруға тура келеді. – Осы күні барлық жерде де­валь­вация. Ресейге салынған санк­циялар оңай болмай тұр. Импорт­тың түгелге жуығы көршіміз арқы­лы келеді. Басқа түгілі, сіріңкенің қо­рабын да сол елден аламыз. Отан­дық өндіріс ауыз толтырып айту­ға келмейді. Импортқа байла­нысты бір жол бар – Қытаймен сау­даны арттыру. Ал қайта-қайта интервенция жасай беруге мүм­кіндігіміз жоқ. Бұл әрекет тағы 2 ап­таға созылар. Сосын тағы деваль­вация болады. Негізі қазір доллар бағамы теңгеге шаққанда 600-650 теңгенің маңайында болуы тиіс еді. Амалдап ұстап тұрмыз. Қазіргі сенеріміз – Алтын валюта қоры. Теңге тек Украинадағы қақтығыс бітіп жатса тұрақтануы мүмкін, – деді Жанат Нұрғалиев. Сарапшы биліктің қамсыз отыр­мағанына тоқталды. 14 нау­рыз­да Мемлекет басшысы Қасым-Жо­март Тоқаев Қазақстанның ұлт­тық мүддесін қорғау және елдің қаржылық тұрақтылығын қамтама­сыз ету мақсатында ел аумағынан 10 мың доллардан аса қағаз ақша алып шығуға тыйым салатын қау­лыға қол қойды. Бұған қоса, 100 грам­нан астам аффинирленген алтын­ды елден әкетуді шектеді. Ал Экономикалық саясат инс­титутының директоры Қайырбек Арыстанбеков Ресейге салынған санк­циялардың Қазақстанға тигі­зетін жанама зияны барын, оған тос­қауыл болу тікелей Ұлттық банк­тің жұмысына байланысты еке­нін айтады. Оның сөзінше, кез кел­ген мемлекетпен сыртқы эко­номикалық байланыстың негізгі өлшемі бар. Оған өңдеу өнеркәсібі мен сыртқы сауда бойынша сауда­ның көлемі жатады. Еліміз Еура­зиялық экономикалық одақ аясын­да кейінгі жылдары Ресей мен Бе­ларусьтен келетін өңделген тауар­лардың үлес салмағын, импортын ұлғайтып алған. – Ол екі жол арқылы жүзеге асты. Біріншіден, Еуразиялық эко­номикалық одақ, Кеден одағы аясындағы біртұтас экономикалық кеңістікте осы екі елден тауарлар мен қызмет көрсетудің жаппай біз­дің нарыққа ену процесі. Екіншіден, ұлттық валюта бағамы нығайып, рубль бағамы төмендеген кезде Ре­сейдің өңделген тауарының экс­пор­ты ұлттық өндірушілерді ығыс­ты­ратын процесс болды. Сондық­тан Ұлттық банк валюта бағамы сая­сатын айқындағанда екі такти­калық-стратегиялық әдісті қол­дануы керек. Бірақ ол байқалмайды. Ресми мәлімдемеде айтылмады. Бірінші тактикалық әдіс – рубльдің бағамы төмендеген сайын теңгенің бағамын Ресей валютасының ба­ғамына сәйкестендіріп ұстап тұру керек. Бірақ мұның мерзімін, ва­лю­та интервенциясы көлемін, ба­тыс­тың Ресейге салған санкцияла­ры­ның ықпалын бағалау мәселесі біз­де дұрыс жасалмай тұр, – дейді маман. Маманның сөзіне сенсек, ба­тыстың Ресейге салған санкция­ларын екі топқа бөлуге болады. Ал­ғашқысы – Ресейдің Орталық бан­кінің активтерін бұғаттау немесе басқа да коммерциялық банктерге салынған санкциялар, банкаралық SWIFT аударма жүйесі бойынша, қаржы саласындағы санкциялар. Яғни, дереу әрі дәл соққы беретін санкциялар екен. Ал екінші тобы ор­та және ұзақ мерзімге бағытталған. – Ұлттық банкке екі әдіс керек дедік. Отандық тауар өндіру­ші­лер­дің бәсекеге қабілеттілігін ұстап тұру үшін әлсін-әлсін девальвация жасап, валюталық интервенция жасау әдісін санкциялардың бірін­ші тобына қолдану керек. Келесі әдісті Ұлттық банк бірінші топтағы санкциялардың ықпалы эконо­микада толық көрініп, екінші топ­тағы санкциялардың алғашқы ық­палы біліне бастағанда қолданылу керек. Яғни, өңдеу өнеркәсібі тұн­­шыға бастаған кезде Ұлттық банк дереу интервенциядан бас тар­тып, валюта бағамын ішкі эко­номика мүддесіне сәйкестендірген жөн. Өкініштісі сол, Ұлттық банк­т­ің басшыларынан осындай пайым байқалмайды, – дейді Қайырбек Арыстанбеков. Иә, алаңдайтындай жөн бар. Қазақстан аз уақытта теңге бағамын интервенциялауға жарты мил­лиард­­қа жуық доллар жұмсады. Егер осындай процесс жалғаса берсе, алтын валюта резерві таусы­луы мүмкін. Сондықтан сарап­шы­лар бұл салада кешенді шаралар керегін ескертіп отыр.

Түйін:

Кез келген қуатты валютаның артында қуатты ұлттық индустрия тұ­рады, сол фактор қаржы жүйесінің тұрақтылығына кепілдік береді. Ал біздің елде валютаның тұрақтылығы толығымен сыртқы факторға, оның ішінде мұнай бағасына да тәуелді. Мем­лекеттік бюджеттің негізгі до­но­ры – Ұлттық қор. Ұлттық қордың не­гізгі түсімі – шикізат көздерінен түс­кен салық. Біздің болжауымыз бо­йынша, теңселген теңгеге интер­вен­­ция жасау алдағы уақытта да жал­­ғаса беретіндей. Әзірге басқа жол­­ды көрмедік. Бірақ бұл әдістің тең­­ге­ге дем бере қоюы екіталай секілді.