Теңдікті ту еткен әйелдер
Теңдікті ту еткен әйелдер
© коллаж: Әсел Балтақызы
839
оқылды
Соңғы ғасырдағы ең күрделі әлеуметтік мәселенің бірі – әйел теңдігі десек, қателесе қоймай­мыз. Әлемнің әр қиырында бұ­рымдылар мен бөріктілердің құ­қығын теңестіруді талап ете­тіндер көп. Елімізде де бұл мә­селе ара-тұра көтеріліп тұрады. Соңғы екі жұма ішінде елорда мен Алматыда қыз-келіншектер бас көтерді. Алайда бұған дейін біз көріп жүрген әлеуметтік мә­селе көтеретіндердің бұл жолғы ұраны басқа. Әдетте, жәрдем­ақы, жөргекпұлды даулайтын әйелдердің ендігі қалауы – биліктің мінбері.

ҚҰҚЫҒЫН ТАПТАЙТЫН ҚОҒАМ БА?

Стратегиялық жоспарлау және ре­формалар агенттігінің дерегінше, Қазақ­станда 9,8 миллион әйел және 9,3 миллион ер адам бар. Сенатта 9 депутат, Мәжілісте 28 депутат, Үкіметте 1 министр, 1 облыс әкімі бар. Астанада 3 мыңға жуық көшенің тек 39-ы әйелдердің құрметіне қойылған, бұл – 2 пайызға жетер-жетпес көрсеткіш. Елордадағы 72 ескерткіштің тек үшеуі ғана ресми түрде тарихтағы белді әйел адам­дардың атымен аталады. Әйелдердің төл мерекесінде Алматы­дағы Шоқан Уәлиханов ескерткіші ал­дында мыңнан аса адам осындай статис­тиканы алға тартып, гендерлік теңдікті талап етті. Бейбіт митингке шыққандар әйел­дердің зейнет жасын төмендетіп, 58 жас­қа түсіруді, әйелдерге зорлық-зомбы­лық жасауды тоқтатуды, әйелдерді мем­лекет басқару ісіне араластыруды сұрады. Мақсат орындалды, қоғамның назары ауды. Көп уақыт өтпей 12 наурызда әйел теңдігін талап етіп, астаналықтар да бас көтерді. 200 адам жиналып, елімізде әйел­дер құқығы қажетті дәрежеде қорғал­май­тыны, тұрмыстық зорлық-зомбылық көп екені, жалғызбасты аналардың мем­лекет қамқорына зәру екенін даулады. Бұл – ел астанасында биліктің мақұл­да­уымен өткен алғашқы феминистік жиын. Расымен, біздің елде әйелдер құқығы қорғалмай ма? БҰҰ мәліметіне сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда шамамен 400 әйел тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болады. Былтыр тұрмыстық зорлық-зом­былық салдарынан 67 әйел қаза тапқан. Заң бойынша ер мен әйелдің құқы тең. Бірақ әйелдерді «нәзік жандылар» деп айтудан басталатын заңбұзушылықтардың тізбегі көп деп отыр мамандар. «Бірінші, елімізде әйелдер еркектермен бірдей жұмыс істесе де, жалақысы төмен. Бұл жерде әйелдердің экономикалық құқығы бұзылғанын көрсетеді. Әлемде гендерлік теңдік орнатқан бірде-бір мем­лекет жоқ. Дүниежүзілік экономи­ка­лық форумның 2021 жылғы есебіне сәй­кес, гендерлік алшақтық бойынша (gender gap) Қазақстан 156 елдің ішінде 80-орынға ие болған. Бұл осыған дейінгі көрсеткіштен сегіз сатыға төмен. Қазақстанда әйел адам­дардың табысы ерлерге қарағанда орта есеп­пен 25 пайызға төмен болса, кей сала­да айырмашылық 37 пайызға дейін же­теді», – дейді гендерлік экономиканы зерт­теуші, SDU оқытушысы Әйгерім Құсайынқызы. Әйелдердің құқығы қай салаларда бұ­зылады? Мәселен, медицинада қызметкер­лердің 75 пайызы әйелдер болса да, бас­қару саласындағылардың үлесі 25 пайызды ғана құрайды. Білім саласында да әйел­дердің үлесі 75 пайыз болса, ректор әйел­дердің үлесі 30 пайызға да жетпейді. Заң бойынша sexual harassment-ке шектеу бар. Бірақ жұмыс орындарда әйелдерге қатыс­ты харассментке ұшырағандар жетерлік. Бірақ елімізде мұны айтуға қыздардың өзі ұялады, харассментті құқықбұзушылық емес, мақтау деп қабылдайтын еркектер бар кезде әйелдер құқығының теңдігіне жету елімізде қиын екенін Әйгерім Құсайынқызы да мойындап отыр. «Алматы мен астанадағы митингке тоқталсам, ұйымдастырушылардың бірі­мін. Әйелдер халықтың 50 пайызынан астамын құраса да, саясаттағы үлесі мар­дымсыз. 2019 жылғы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін азаматтың жазасын құ­қықбұзушылық туралы кодекске ауысты­руының өзі әйелін ұруды қылмыс емес деп көрсетеді. Себебі әйеліне қол көтерсе, біріншісінде ескерту алады. Екінші рет қол көтерсе, айыппұл төлеп құтылады. Бұрын­ғыдай қылмыстық жауапкершілікке тар­тылмайды. Сондықтан елімізде күйеуінің қолынан қаза табатындар көп», – дейді гендерлік экономиканы зерттеуші маман. Қош, тарихқа үңілсек, әйел теңдігін талап еткен алғашқы белсенділер сайлау кезінде дауыс беру үшін күрескен. Бұл құқықты алғаш болып Жаңа Зеландия әйелдері 1893 жылы алған. Ресейде әйел­дер Қазан төңкерісінен кейін, Еуропада Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана дауыс беру құқығына ие болды. Кейіннен еңбек құқығы, ақысыз үй шаруасы, тұр­мыстағы зорлық-зомбылық сияқты көп­теген мәселені көтерді. Бірақ әлемде әйелдер дауыс бере алмайтын бір ел әлі бар. Ол – Ватикан. Рим папасына карди­нал­дар ғана дауыс бере алады. Яғни, ше­руге шыққан әйелдердің алғашқы талабы толыққанды орындалды деп айта аламыз. Өткен ғасырдағы әйелдердің қалған екі талабы өркениетті елдерде орындал­ға­нымен, әлемнің 34 пайыз елінде әлі күнге дейін гендерлік теңдік туралы заң қабыл­данбаған. Әлем елдерінің 34 пайызында гендерлік теңдікті қалыпқа түсіретін заң­ның мүлде жоқтығын көрсетті. Ал әйелдер мен ерлердің тең құқықтылығын көздейтін заңы бар елдердің үлес салмағы 43 пайызды құраса, бұл көрсеткіштегі елдерде заңды­лық сақталмаса да, ешқандай қарсы шара қолданылмайтын көрінеді. Қалған 23 пайыз елде арнайы заң да, заңды орында­мағандар үшін қолданылатын санкциялар да бар. Қазақстан соңғы топқа енеді.

БИЛІККЕ КЕЛМЕ ДЕГЕН КІМ?

Еліміздегі әйелдер 1917 жылдан бастап дауыс беру құқығына ие болды. Жұмыс уақыты мен демалыс алу құқығы да заңмен реттеліп отырады. Заң тұрғысынан қара­ған­да, Конституциямыз халықты ер-әйел деп бөле-жарып қарауға, кемсітуге тыйым салады. Сондай-ақ соңғы жылдарда қоғамдағы әйелдердің рөлі мен теңсіздік мәселесін реттеу мақсатында бірқатар заң жобасы қабылданған. Атап айтсақ, 2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік тұжырымдамасы мен 2009 жылы қабыл­данған «Тең құқықтардың мемлекеттік кепілдіктері және ерлер мен әйелдер үшін тең мүмкіндіктер» заңы бар. Сондай-ақ 2016 жылы қабылданып, қолданысқа енген Қазақстандағы отбасы және ген­дерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұ­жырымдамасын да ерекше атауға болады. Аталған заңдар мен тұжырымдамалар әйел адамның қоғамдағы рөлін айқындауды мақсат етеді. Алайда соңғы 5 жылда тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың, денсаулыққа қасақана ауыр зақым келтірудің деректері 2 есе өсті. Ал орташа зақым келтіру 6 есе артқан. Яғни, бізде әйелінің қолын, аяғын сынды­ру қалыпты деген сөз. Оның ішінде – от­басылық жанжалдан бастап, әйелдеріне ерінің тарапынан қысым көрсетіліп, тіпті бала-шағасымен қоса өртеп жіберген жағдайлар да болғаны көпшілікке аян. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың болуына көп жағдайда үйдегі ер азаматтың ішімдікке тәуелді болуы, маскүнемдік дәрежеге жетуі негізгі фактордың бірі болады. Салдарынан шаңырақ шайқалады, еш кінәсіз балалар зардап шегеді. Қоға­мымызда әйелді қорлайтын еркектер бар кезде әйелдердің талабын айтып, қоғамға үнін естіртуді қаралау да орынсыз. Иә, жәбір көрген әйелдер қандай заң барын, өз құқықтарын қалай қорғау кере­гін білмегендіктен, көп жағдайда қылмыс жылы жабылып қалатыны бар. Мұны тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы құрылған «Не молчи» ұйымының негізін қалаушы Дина Таңсәрі де мойындап отыр. «Құқығы тапталған ана мен зорлық көрген балаға құқық қорғау органдары толыққанды көмек көрсетпейді. Өйткені зорлық-зомбылық істерінің көбі «айғақ, дәлел толықсыз» деп жабылып қалады екен. Тағы бір ақпарат, еліміздегі зорлық статистикасы жыл сайын артып келеді. Нәтижесінде, Қазақстан ТМД елдері арасында зорлау фактісі бойынша бірінші орынға шыққан», – дейді Дина Таңсәрі. Сонымен, мақсатымыз шеруге шық­қан әйелдерді жақтау, болмаса даттау емес. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық ста­тистикасы жыл өткен сайын өскен тұс­та әйел құқығын қорғау да маңызды мә­селе. Ал билікке келгісі келсе, өз еркі. Скан­динавия елдерінде Парламент депу­таттарының 50 пайызы әйел, 50 пайызы ер адам болуы міндетті деген сияқты ар­найы заңдар қабылданған. Бұл – жасанды пропорция. Өйткені сол қызметтегі адам­дардың кәсіби біліктілігі дәл сондай дең­гейде болса, оның жынысы маңызды емес. Адамдардың жынысына, тіліне, ұлтына қарап, пайыз арқылы теңестіру де орын­сыз. Парламентте әйелдердің үлесі неге аз, облыс әкімдерінің арасында неге бір ғана әйел десе де, заң бойынша ешқандай шек­теу жоқ. 1 әкімнің, министрдің барының өзі қабілеті сай келсе, жол ашық екенін дәлелдейді. Қорыта келгенде, теңдік дегенде әуелі әйел адамның қоғамдағы және үйдегі орны ойға келеді. Бірақ қоғамда ер адамдардың да құқығы тапталатыны шындық. Балаға жастайынан «Сен жігітсің, сондықтан жы­ламауың керек!» деген сияқты эмоцио­налдық қысымнан бөлек, әлеуметтік және заңнамалық тұрғыда да ер адамға қатысты талаптар қалыптасып кеткен. Декрет демалысын алған еркекті ез деп есептеп, қабылдай алмайтын қоғам бар бізде.