Еліміз дамудың жаңа кезеңі – Жаңа Қазақстанға аяқ басты. Бұл біздің сан ғасырлық терең тарихымыздағы бетбұрысты және тағдырлы сәт. Бүгінде әлем күрделі де қауіпті кезеңді бастан кешіруде. Қарулану мен жаһандық азық-түлік дағдарысының қаупі артып келеді, жанжалдар күшейіп, әскери қақтығыстар туындап жатыр, ауқымды санкциялар енгізілуде, климат өзгеріп, коронавирус пандемиясы жалғасып келеді. Бұл жаһандық тенденциялар Қазақстанның жүйелі проблемаларын анық көрсетті. Мұндай жағдайда сындарлы өзгерістер мен эволюциялық жаңғыру ғана қиындықтарды еңсеріп, еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. 2022 жылғы қаңтар қасіретін бастан кешірген Қазақстан халқы жұмылған жұдырықтай бірігіп, радикализм мен экстремизмге қарсы тұрды, прогресс пен игі өзгерістердің жалғасын табуын қалады. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент қызметіне кіріскен сәттен бері елде жүйелі реформаларды кезең-кезеңімен жүргізіп келеді. Қазірдің өзінде мемлекет пен қоғамның барлық салаларын қамтитын кешенді реформалар жүзеге асырылды. Ел мен халық алдында тарихи жауапкершілік алған Президент Қазақстан халқына Жолдауын жариялап, елімізді саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда реформалауды тереңдетуге бағытталған ауқымды реформалар жоспарын ұсынды. АMАNАТ партиясы Қазақстан Президентінің жүйелі және кең ауқымды реформаларын толығымен қолдайды. Мемлекет басшысының реформаторлық бағытының аясында АМАNАТ партиясы өзгерістерді өзінен бастап, ішкі трансформацияны қолға алды. Біз реформалар бағытына балама жоқ екеніне сенімдіміз. Саяси либерализация және әлеуметтік әділеттілік – бұл азаматтардың өтініштеріне дер кезінде берілген жауап. Біз барша қазақстандықтарды бірлік пен ынтымаққа, барлық қоғамдық-саяси күштерді топтасуға шақырамыз. Біз барлық күш-жігеріміз бен қуатымызды Мемлекет басшысының Жолдауын жүзеге асыруға бағыттауға дайынбыз. Біздің бірлігіміз нығайғанда ғана Тәуелсіздік пен Мемлекеттілікті берік етеміз, ортақ Отанымыз бен барлық азаматтардың әл-ауқатын арттыра аламыз!