Абай. Ұлытау. Жетісу...
Абай. Ұлытау. Жетісу...
662
оқылды
Қазақстан өңірлерінің саны 20-ға дейін артады. Бұл –  республика тарихындағы рекорд. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың  жаңа 3 облысты құру туралы шешімі өңірлер мен қалалардың  өркендеуіне серпін бермек, жергілікті билікті халыққа жақын етпек, жаңа облыстардың алдынан дамудың бірегей  мүмкіндіктерін ашпақ. Сарапшылар жаңа облыс орталықта­ры  – Жезқазған, Семей және Қапшағай осы үшін қажетті барлық  алғышарттар мен әлеуетке ие екенін айтады. Тәуелсіздік алар тұста, 1989 жылы Қазақстанда 17 облыс болыпты. 1991 жылы олардың саны 19-ға дейін ұлғайды. Ол кезде республикалық маңызы бар қалалар жоқ-тын. 1992 жылы Гурьев облысының атауы – Атырау, Целиноград облысы – Ақмола, Орал облысы – Батыс Қазақстан, Шымкент облысы Оңтүстік Қазақстан облысы болып өзгертілді. Алайда 1997 жылы елімізде әкімшілік-аумақтық реформа жүргізілді де, облыстар саны 14-ке дейін азайтылды. Нақтылай кетсек, ел картасынан Жезқазған, Көкшетау, Семей, Талдықорған, Торғай облыстары жойылды. 2001 жылы Алматы облысының орталығы Алматыдан Талдықорғанға көшірілді. Торғай облысының бір бөлігі Ақмола, қалған аудандары Қостанай облысына біріктірілді. Көкшетау облысы Ақмола (осының алдында Целиноград) облысына кірді. Семей – Шығыс Қазақстан, Жезқазған  Қарағанды облысының құрамдас бөлшегіне айналды. Президент Қ.Тоқаевтың жаңа шешімінің стратегиялық маңызы бар: жаңадан құрылатын Абай облысы да, Жетісу облысы да – шекараға жақын орналасқан өңірлер болмақ. Ендеше олардың көркеюі – елдің тұтастығы мен елдің бүтіндігіне сүбелі үлес қосатын игілік. Ел Президенті Қ.Тоқаев өз Жолдауында аталған бастамасының «Қуатты өңірлер – қуатты ел» ұстанымына негізделгенін, еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымды оңтайлы ететінін жеткізді. Ол ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынды. – Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Екіншіден, бұрынғы Жезқазған облысының аумағында Ұлытау облысы құрылады. Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығы болады. Жетісу – Бұл аймақта дербес облыс құру – экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім. Кең-байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз, – деді Мемлекет басшысы. Үшіншіден, ол Алматы облысын екіге бөлуді ұсынды. Өйткені Алматы агломерациясына қатысты түйткілдер көп. Облыс тұрғындары негізінен қала төңірегіне шоғырланған. Ұзынағаштағы немесе Талғардағы мәселені сонау Талдықорғанда отырып шешу оңай емес. Облыс орталығына бару үшін халық алысқа сабылуға мәжбүр. – Бұл өңірде Жетісу және Алматы облыстары құрылады. Алматы облысының орталығы Қапшағайда болуы керек. Ал Жетісу облысының орталығы Талдықорғанда орналасады. Бұл қадамдар аймақтарды дамыту ісіне тың серпін береді. Жалпы, жаңа облыстардың құрылуы – көпшілік көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айырылған өңірлерде тұрғындар саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткен. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келді, – деді Қ.Тоқаев. Оның дәйектеуінше, әкімшілік-аумақтық өзгерістер мемлекеттік басқару үдерісін жеңілдетеді. Жұрттың облыс орталығына барыс-келісін оңайлатады. Ішкі көші-қон мәселесін реттеуге септігін тигізеді. Кезінде Өңірлік даму министрлігінде жұмыс істеген маман, мемлекеттік басқару ісінің менеджері Ерлан Кәрібаевтың түсіндіруінше, Қазақстан дамыған елдер мүше ЭЫДҰ-ның үлгісіне жүгініп, «тұрғындарға қолайлы жинақы өңір» қағидаты негізінде даму жолына түсуде. «Еліміздегі қалалар да «қадамдық қолжетімділік» қағидаты бойынша дамуда. Яғни, аурухана, емхана, әкімшілік мекемелер тұрғындарға мейлінше жақын болуы тиіс. Неге бұл игілікті тек қалалықтар ғана көруі керек? Осы модельді өңірлерге де таратқан жөн. Мысалы, Жезқазған қаласының тұрғындары Қарағандыға дейін 530 шақырымнан астам, ал Семейдің тұрғындары облыс орталығы Өскеменге дейін 300 шақырымдай жол жүруге мәжбүр. Қарағанды облысы болса, еліміздегі ең үлкен өңір саналады, Сарыарқа төсінде ұлан-байтақ далада жайылып жатыр. Президенттің бүгінгі шешімі осы жаңа облыс тұрғындары үшін өмірді қолайлы етуге бағытталған», – деді сарапшы. Оның мәліметінше, өзге өңірлердің тұрғындары Торғай облысын қалпына келтіруді, Мырзашөл облысын ашуды сұрап жүрген көрінеді. Өйткені оларда да алыс ауыл-аудан тұрғындары орталыққа дейін бірнеше жүз шақырымды басып өтуге мәжбүр. «Аймақ басшылары мен орынбасарлары қоластындағы барлық әкімді бір залға жинауды қояр емес. Олар да жиі-жиі орталыққа жөңкіледі. Әйткенмен облыс әкімдігінің активін, басқа жиындарды онлайн өткізуге міндеттесе, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді тегіс цифрландырса, алыс аудан тұрғындарының орталыққа шабылуына себеп қалмайды. Соған қарамастан Президенттің бүгінгі шешімінің басқа да қисыны бар: болашақта әлемде мемлекеттер емес, ірі мегаполистер, гүлденген қалалар басты рөл атқарады, олар инвестицияны, ақыл-ойды, технологияларды тарту және генерациялау орталықтарына айналады деген болжам бар. Олай болса, бізде де осындай тартылыс ошақтарын қазірден көбейте берген жөн», – деді Е.Кәрібаев. Жаңа облыс орталықтары – Семей, Жезқазған және Қапшағай тек Қазақстаннан ғана емес, сондай-ақ көрші елдерден де инвестицияларды, технологияларды және интеллектуалдық ресурстарын тарта алады. Аталған президенттік бастама реформалардың географиясын кеңейтуге, жаңғыру процесін өңірлерге көшіруге және оған ауыл-аудандардағы халықты кеңінен тартуға да бағытталған. Соның дәлеліндей, әлеуметтік желіде Қ.Тоқаевтың жаңа облыстар құру туралы шешімін сол өңірдегі жұртшылықтың қуана қарсы алып, бірін-бірі құттықтап жатқаны бейнеленген видеожазбалар тарауда. Бұл шынында, Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурызға арналған үлкен бір тарту болды.