Санкция сарсаңға түсірер сала көбеймек
Санкция сарсаңға түсірер сала көбеймек
290
оқылды
Әуелден Ресейге салынған санкциялардың зияны бізге де тиіп кетерін болжап, үрейленгендер көп болды. Расымен, жанама түрде болса да, әсері білініп жатыр. Елімізге тауар жеткізу қиындады. Онымен қоймай алдағы уақытта интернет сапасы нашарлап, құны қымбаттамақ тәрізді. Аз уақытта кем-кетігімізді түзеп алар дәрмен де жоқтай.

Тауар жеткізудің тәлкегі

Осыған дейін Ресеймен алыс-берісі көп елімізге тауар жеткізудің қиындағанын жазған едік. Енді онлайн сауда қызметі де тосырқап жатыр. Жақында қазақстандықтар көпшілікке жақсы таныс, киім-кешек, электроника мен құрал-жабдықтар жеткізумен айналысатын Wildberries халықаралық интернет дүкенінің жұмысында ақау шыққанын айтып, шағымданды. Себебі тұтынушылардың шоттарында тапсырыс туралы барлық ақпарат жоғалып кеткен. Алдағы уақытта тауар жеткізе алмауы да мүмкін. Неге екенін біліп-ақ тұрғандаймыз. Өйткені әлемге танылса да, Wildberries төркіні ресейлік компания екені мәлім. Ал АҚШ пен Батыс елдерінің көршімізге салған санкциясының негізгі мақсатының бірі – Ресей қазынасына табыс түсіретін кез келген компанияның ісін тоқтату. Яғни, интернет дүкен шыққан қиындықты «уақытша» деп ақталар жөні жоқтай. Елімізге жеткізетін тауарларын компания Ресей арқылы өткізеді. Ал ол шекараға тауар тасымалдау қазір қиынның қиыны. Шағым айтушылар еселенген соң көп ұзамай Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Wildberries маркетплейсі жұмысына қатысты пікір айтқан екен. «Осындай маркетплейстердің көпшілігінің порталында ақау шыққаны туралы ақпарат бар. Шағым түссе, жауап береміз. Әзірге мұндай шағым түскен жоқ. Дереу осы туралы ақпарат алған кезде Wildberries-ке хабарластық, олар жақында шешіледі деп уәде берді», – деп жауап беріпті Сұлтанов. Ал мамандар Wildberries компаниясының жұмысында алдағы уақытта да қиындық шыға беретінін болжап отыр. Алпауыт болғанына қарамастан, шектеулер кедергі келтірмей қоймайды. Мысалы, экономист Бауыржан Ысқақов әлемнің көп елінде ықпалын арттырған ресейлік маркетплейстің санкция кезінде ісін дөңгелетіп отыра береді дегенге сенбейді. – Компанияның Қазақстандағы ықпалы жыл сайын артып барады. 2020 жылғы дерек бойынша, интернет дүкен елімізге 4 млрд теңгеден астам салық төлеген. Әлемде онлайн сауданы жандандырып отырған Amazon сияқты компанияларға бәсекелес болуға дәмелі жүрген. Еуропа елдерінде де тауар тасымалдап, саудасы жүрді. Бірақ ресейлік болғаны үшін санкция шырмауынан босамауы мүмкін. Ақау шығып жатқанының мәні де сонда жатыр. Қазақстанға келетін тауарын олар әуелі Ресейге әкеледі, алайда көршімізге басқа елдерден тауар жеткізу қиындады. Сондықтан компанияның біздің елдегі жұмысына санкция тікелей кедергі болады, – деді ол. Әзірге Wildberries санкциялардың кедергісі жөнінде ресми мәлімдемелер жасап жатқан жоқ. Уақытша жасыруға тырысып отыр­ғандай көрінеді.

Интернет нашарлап, тариф қымбаттайды

Шамасы, ортақ экономикалық кеңістік құрған көршімізге салынған санкциялардың зияны тимеген сала бізде де қалмайтындай. Жуырда ғана еліміздегі IT қауымдас­тық өкілдері бас қосты. Дегенмен отырысқа жиналған мамандардың қазіргі жағдайға көңілі толып отырған жоқ, проблема тым көп. Өйткені Қазақстандағы байланыс операторлары осы уақытқа дейін интернет трафигін Ресейден алып келген. Енді санкциялардың кесірінен интернеттің сапасы төмендейді. Оның үстіне, бізде интернет арқылы жұмыс істейтін жобалар ресейлік серверлерге қосылған. Олар сөзсіз бағаны қымбаттатады. Иә, интернеттің негізгі трафигін көршімізден алдық, бірақ IT технологияларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес елдерден алдыртамыз. Қажет технологиялар доллар не еуромен сатылады. Яғни, қазақстандық операторлардың да шығыны еселенбек. Мұны IT маман Әлібек Байсейіт те нақты айтып отыр. – Интернетке қатысты мәселе туындайды деп алаңдауға негіз бар. Біздегілер трафиктің басым бөлігін көрші Ресейден алатыны рас. Мәселен, мен IT маман ретінде үлкен жобалармен жұмыс істегенде ресейлік серверлерге қосыламын. Жалға алу есебінде әр ай сайын ақы төлеймін. Таяуда санкциялар көбейгеннен кейін маған хабарлама келді. Серверлерге қосылу құны 1,5 есеге өсуі мүмкін екені айтылыпты. Интернет сапасы да аздап төмендейтіні сөзсіз. Елімізде ресейлік серверлер арқылы жұмыс істейтін жобалар көп. Оларға да қиын соғады. Мұның бәрі айналып келіп экономикаға әсер етеді. Тауарлардың құны да қымбаттайды, – деді маман. Енді не істеген жөн? Саладағылар биліктегілердің трафикті сатып алудың шұғыл басқа жолын іздес­тіргені қажет екенін айтады. Демек, ресейлік трафиктен бас тартып, өзге елдерге жүгінген абзал. Алайда салаға жауапты ведомство өкілдері проблемаға мүлде алаңдамайтын сияқты. Жақында осы жайт сөз болғанда «Барлығын қарап отырмыз. Қазақстанда интернетпен мәселе туындамауы керегін түсіндік. Еліміз тек Ресейден емес, басқа елдерден де трафик алады. Яғни, елде интернет өшпейді. Уайымдау­дың қажеті жоқ», – деп сытылған екен Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек. Тағы бір мәселе – осы жағдайдан кейін шетелге кетуге ұмтылатындар артуы мүмкін. Себебі жалақысын АҚШ долларымен алғысы келетін IT мамандар көп. Оның үстіне, біразы Цифрлық даму министрлігінің ресейлік Сбермен келісімге келгеніне наразы екенін шырылдап жеткізіп жүр. Сондықтан салаға жауапты ведомство осы бастан басқа серіктестер іздеп, жолын қарастырмаса болмас. Тоқ етері, олар ресейлік Сбермен де келісімді үзуді сұрап отыр. – Сберге біраз санкциялар салынғанын білеміз. Ол бәріне әсер етеді. IT қауымдастығы бірнеше рет Үкіметке де, Цифрлық даму министрлігіне де Сбер бойынша жобаны тоқтату керегін айтты. Біраз ресурс пен уақыт кетті. Болашағы жоқ жобаны уағында тоқтата білу қажет, – дейді Documentolog компаниясының директоры Байжан Канафин. Онсыз да ел аумағын толықтай интернетке жарыта алмай отырғанда, трафиктің қымбаттауы мен сапасының нашарлауы жығылғанға жұдырық болмақ. Расы сол, санаулы ұялы операторлары монополия орнатып алған. Аз болған соң үлкен аумақты интернетпен қамтуға шамасы жетпей отыр. IT мамандар дабыл қаққанмен, құлақ аса қояр біреу бар ма? Санкциялардан кейін біздегі салалар да тоқырағаны одақтасымызға оралып қалғанымызды көрсетсе керек.

Түйін: Осыған дейін теңгенің тұрақтанбай тұрғанын, алыс-берістің ретке келмей, қымбатшылықтың болуы мүмкін екенін жаздық. Бәрінің себебі қайда жатқанын айтып жүрміз. Енді интернетке де күн туғанына қарап, одақтасымыз­дан басқа да елдермен қарым-қатынасқа көшкен абзал екенін түсіндік. Әйтпесе, алдағы уақытта көршіге салынған санкцияның зардабын шеккен біздегі тағы бір сала бас көтерері анық.