Бұрын айлығы шайлығына жетпеген соң ұстаздық қылудан қашатындар көп еді. Қазір жалақысы өскен сайын мұғалім болғысы келетіндердің қатары жылдан-жылға артып келеді. Алайда күнкөрістің қамы үшін жүргендер де аз емес. Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатуды сылтау ететіндер жалған диплом жасаушылардың бизнесін жандандырған. Құзырлы орындар жоғары оқу орнын оқымай-ақ жалған дипломмен қызмет етіп жүргендерді жыл сайын анықтап жатады. Олардың арасында адам өмірінің маңызды салаларында жүрген мемлекеттік қызметкерлер көп. Әсіресе, әлеуметтік жағдайын жақсартып, айлығын өсірген сайын мұғалім мен дәрігер болуға асығатындардың қатары артқан. Қайбір жылы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов отандық университеттерге талдау жүргізгенде оқуға 100 адам түсіп, 800 адам бітіріп шығатынын айтқан болатын. Сонда жоғары білім алған 700 адам жалған «мамандардың» қатарын толтырады. Өкініштісі сол, төрт жыл оқу қабырғасында білім алған кәсіби мамандарды жалған құжатпен жүргендер ығыстырып барады. Бұрын диплом жұмысын сататындардың әрекетіне тосқауыл жоқтығын айтып келсек, қазір дипломның өзін сататын түрлі сайттан көз сүрінетін болды. Алдыңнан шыққан кез келген жарнамада дипломның қандай мамандыққа, қандай оқу орнынан керегін де таңдауға болатынын жазып қояды. Қажет болса, қажетті құжатты тиімді бағада, қолжетімді уақыт ішінде жасап беруге келісуге де кедергі жоқ. Оны айтасыз, жалған құжаттың түпнұсқадан еш айырмашылығы жоқ екеніне кепілдік беретіндер бакалавр дипломынан бөлек магистр, ғылым кандидаты, ғылым докторы атағын растайтын дипломды сатылымға шығарып жатыр.
Жаза жеңіл ме?
Жұмысқа қабылданар кезде құжаттарын тәптіштеп тексеріп жатқан ешкім жоқ па, әйтеуір төрт жыл жоғары оқу орнының қабырғасында уақыт жоғалтқысы келмейтіндер жалған дипломмен-ақ жоғары жалақы алып, алаңсыз қызмет етіп жүр. Мәселен, былтыр Батыс Қазақстан облысында жалған құжатпен жұмысқа қабылданып, он жыл бойы адам өміріне араша болатын жауапты мамандық – медицина саласында медбике болып қызмет еткен әйел анықталды. Ал екі жыл бұрын Ақмола облысында 12 мұғалімнің жалған дипломмен жұмысқа тұрғаны тексеріс кезінде белгілі болған. Олар аудандық білім бөліміне жоғары білім жөнінде жалған диплом тапсырған. Департамент қызметкерлері кезекті тексерістің кезінде ғана қызметкерлерінің жалған құжатпен жұмыс істеп жүргенін дәлелдеген. Олардың барлығы дерлік соңғы екі жылдан бері мектепте жұмыс істеген. Былтыр Түркістан облысында да сырттай оқу бітірген мұғалімдердің арасында жалған құжатпен жүргендер үлесі 80 пайыздан асатыны анықталды. «Бұдан бұрын да ақтөбелік 34 педагогтің жалған құжатпен жұмыс істеп жүргені анықталып еді. Соның ішінде 7 мұғалім арнаулы білім беретін колледждерде, 11-і мектептерде және 13 тәрбиеші балабақшада тәлім берген. Бес күн бұрын Қызылорда облысында да орта білім беру ұйымдарында жалған дипломмен жұмыс істейтін 112 мұғалім әшкере болып, барлығы жұмыстан босатылды. Облыстық Білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымованың айтуынша, жыл сайын педагогтерді аттестациялау барысында мұғалімдердің портфолиоға жалған құжаттарды салатынын анықталып жатады екен. Әсіресе, күмән келтіретін құжаттарды (сертификат, грамота) ұлттық біліктілік тестілеудің түпнұсқаға сәйкестігін нақтылау ісін ашық жүргізіп, заңбұзушылықтар дер кезінде белгілі болатын көрінеді. Мәселен, былтыр қаңтар-маусым айларында аттестаттау комиссиясы 863 құжатты қарап, 24 мұғалімнен жалған құжатты байқаса, шілде-желтоқсан аралығында 587 құжат қарап, 14 мұғалім түпнұсқаны дәлелдей алмаған. Басқарма кәсіпті игермей, дипломды қолдан сатып алған 112 «ұстазға» қатысты деректерді құзырлы органға жолдапты. Алайда жалған құжатпен қызмет етіп келгендер айыппұл төлеумен немесе жұмыстан кетумен ғана шектеледі. Күні кеше Ақмола облысында спорт мектебі жаттықтырушыларының жоғары білімі жоқ екені белгілі болды. Елорданың үш тұрғыны екі жылдай жалған дипломмен жұмыс істеген. Олар Қазақ спорт және туризм академиясын «тәмамдаған» екен. Қылмыстық кодекстің 385-бабына сүйенсек, жалған құжаттарды қолдан жасағандарға екі мың АЕК-те айыппұл салынады немесе түзеу жұмыстарына, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Не болмаса екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Сондай-ақ бiрнеше рет немесе адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған дәл сол іс-әрекет төрт мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға алып келеді. Сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 1 000 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартуға болмаса 4 жылға бас бостандығынан шектелуі мүмкін. Бұдан басқа көрiнеу жалған құжатты пайдаланғандарға 160 АЕК-де айыппұл салынады. Болмаса сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 160 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тартылады. Ары кетсе, 40 тәулікке қамауға алынады. Қарап отырсақ, жалған құжатты жасаушылар мен сатып алушыларға да берілетін жаза жеңіл. Содан да болар, диплом сататын сайттардың санынан көз сүрінеді.QR коды жоқ құжат жарамсыз
БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары Бану Нарбекованың айтуынша, жалған құжат алушыларға қарсы күрес жүріп жатыр. Мәселен, жоғары оқу орындары деректер базасын толтыру арқылы білім туралы құжаттардың тарихи деректерін цифрландыру бойынша жұмыс жүргізеді. Қажет болса, жоғары оқу орындары деректер базасын толтырған жағдайда жұмыс беруші лауазымға үміткердің дипломын арнайы сервисте онлайн режимде тексеруге мүмкіндік бар. Сондай-ақ қазір дипломның электронды нұсқасы «eGov Mobile» электронды үкімет қосымшасында да орналастырылады. Сонымен қатар білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы барлар мен аккредиттеуден өткен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары өзіндік үлгідегі құжаттарды қоса беруі керек. «Бүгінде жоғары оқу орындарының бітірушілері үшін берілетін білімі туралы өзіндік үлгідегі құжаттардың серияларын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді. Өзіндік үлгідегі дипломдар үшін нөмірлер мен QR кодтарын генерациялау арнайы Сервис арқылы жүзеге асырылады, оның көмегімен жоғары оқу орындарына сериялар мен реттік нөмірлер, сондай-ақ QR кодтар беріледі. Бұл сервиске тіркелген қызметкерлер ғана кіре алады. Білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттың нөмірлерін генерациялау Ұлттық білім беру деректер қорына енгізілген білім алушылар туралы ақпарат негізінде жүзеге асырылады. Ұлттық білім беру деректер қорында білім алушы болмаған жағдайда диплом нөмірі берілмейді. Сондықтан нөмірі мен QR кодтары жоқ өзіндік үлгідегі білім туралы құжаттар жарамсыз», – дейді министрлік өкілі.Біліктілікке емтихан тапсыру керек
Академиялық адалдық лигасы хатшылығының жетекшісі Яков Воронков былтырдан бастап қолданысқа енген QR кодпен тексеруді жұмыс берушілер қажет деп тапса, «жалған» мұғалімдерді мектептің есігінен кіргізбеуге болатынын айтады. Ол үшін бар болғаны мектеп әкімшілігі алдына келген маманның құжатын тексеріп беруді диплом берген ұйымға арнайы сұрау хатпен жіберсе де жетіп жатыр. Екіншіден, оқу орнының сапасына көз жеткізу ЖОО-ның ресми веб-сайтын және онда ұсынылатын білім беру бағдарламаларының мазмұнынан да қарау қажет. «Мысалы, жоғары оқу орны шынайы білім берсе, онда ондай оқу орнының атынан жалған құжат беру мүмкін емес. Дипломды қолдан жасаушылар да білім рейтингі төмен, жалған диплом жасайтын фабрикаға айналған оқу орындарын жағалайды», – дейді Яков Воронков. Академик Кәрімбек Құрманәлиев «жалған» мамандардың артуына білім алмай-ақ «білім» беріп, жоғары жалақы алатындарға жауапкершіліктің аздығынан көреді. Айтуынша, заңсыз жолмен диплом алып, ұрпақ тәрбиесімен айналысудың өзі қылмыс. «Дегенмен соңғы жылдары жалған құжатпен жұмысқа тұрғандарға ашық күрес жүріп жатыр. Оның бірі – Ұлттық біліктілік тесті», – дейді ол. Мәселен, былтыр пилоттық негізде ұйымдастырылған тестте қолына жоғары білімі бар 32 мың педагогтің 15 мыңы ғана біліктілігін дәлелдепті. Ал 54 пайызы жоғары білім алған дәлелдеп бере алмаған. Биылдан бастап ереже бойынша жұмысқа кіретін мамандар міндетті түрде ұлттық біліктілік тестін тапсыруы тиіс. Алайда бұл кедергінің өзін кейбіреулер тиімді пайданалып кетуі де ғажап емес. Сол үшін академик әлемдік тәжірибеден аларымыз көп екенін жеткізді. Яғни, кез келген маман өз саласы бойынша қызметке тұратын кезде біліктілігін дәлелдеп, сертификат алу үшін емтихан тапсыруы керек. Бұл ереже заңнама арқылы бекітілсе, құба-құп.