Солтүстік Қазақстан облысында жанар-жағармайдың шекті бағасы осы кәсіппен айналысатын кәсіпкерлерді шығынға батыруда. Олар мемлекеттен көмек сұрап отыр. Әйтпесе, көктемгі егіс қарсаңында жабылып тынбақ. Қаңтар оқиғасынан кейін ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, Энергетика министрлігі мұнай өнімдерін бөлшек сауда арқылы сатуға 180 күнге шекті бағалар белгілеген болатын. Министрдің бұйрығына сәйкес, АИ-92 бензинінің шекті бағасы – литріне 182 теңге. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер осы баға белгіленген кезде, өңірлердің ерекшеліктері ескерілмеген деген пікірде. «Эталон Регион» ЖШС директоры Мәден Жұмағұловтың айтуынша, министрлік шекті бағаларды белгілеген кезде PetroRetail мұнай компаниясының, яғни бұрынғы «ҚазМұнайГаз»-дың сол күнгі бағаларын негізге алған. «Сол кезде асығыс шешім қабылданып, біздің солтүстік өңір мұнай өңдеу зауыттарынан шалғайда орналасқанын ешкім де ескермеді. Қазақстан бойынша бір баға – 182 теңге. Мұнай өңдеу зауыттары бар Павлодар, Шымкент, Атырауда да, қашықтағы бізде де бір баға. Логистика, тасымалдау, жеткізу шығындары ескерілмеген. Оның үстіне, Петропавлда Ресей теміржолының учаскесі бар, яғни қосарланған тариф төлеуге мәжбүрміз», – деген Мәден Дәуренбекұлы шығынмен жұмыс істеп жатқанын ашына жеткізді. Әрі мұндай қалыппен бизнестері ұзаққа созылмай, көктемгі дала жұмыстары басталғалы тұрған кезде жабылып тынатынын да жасырмады. Яғни, жұмыс орындары жабылып, өңірде әлеуметтік шиеленіс туындау қаупі бар.
СҰРАҒАНЫН АЛА АЛМАЙДЫ
Сондықтан кәсіпкерлер министрдің бұйрығына өзгеріс енгізуді сұрап отыр. Атап айтқанда, тасымал шығындары ескеріліп, солтүстік өңірлерге басқа шекті баға белгіленгенін қалайды. Айта кетсек, дизель отыны мен АИ-95 бензинінің шекті бағасы белгіленген кезде, тасымал шығындары ескерілген: шекті баға көтерілмейтінін түсінген кәсіпкерлер АИ-92 бензинін сатып алу бағасы солтүстік өңір үшін арзандатылғанын сұрап отыр. Мәселен, зауыттан бензиннің бір тоннасы 198 мың теңгеге сатылса, солтүстік өңірлер үшін тым болмаса, 190 мың теңге болғанын қалайды. Бұған қоса, кәсіпкерлер Солтүстік Қазақстан облысына 6-7 мың тоннадай квота бөлінсе екен деген өтініштерін де жеткізді. Солтүстік Қазақстан облысындағы отын нарығы бойынша тәуелсіз сарапшы Ерғали Жұмағұлов түсіндіргендей, мұнай өңдеушілер өңірлерге өнімнің шекті көлемін ғана бөледі. Бұған дейін Энергетика министрлігі арқылы осы көлемді көбейтіп, квота берілетін тәжірибе болыпты. «Қазіргі қиын-қыстау кезеңде осы тәжірибені жандандырудың жөні бар», – дейді сарапшы. Петропавл мұнай базасының директоры Ерғали Серғалиұлы тіпті өз кәсіпорнында 50 мың тонна мұнай өнімін сақтауға мүмкіндік бар екенін, сондықтан өңірге қажетті өнімді сақтау үшін резервуар паркін ұсынуға дайын екенін жеткізді. «Эталон Регион» ЖШС директоры өздері сұраған өнім көлемін ала алмай отырғанын, бұдан Кәсіпкерлік және Индустриялық-инновациялық даму басқармасы хабардар екенін ашып айтты. «Мәселен, АИ-92 бензинінің 3 мың тоннасын сұрасақ, бізге 500 тонна ғана беріледі. Ақпан-наурыз айларына 2,5 мың тонна дизель отынын сұрадық. Алайда 30 жанар-жағармай құю стансамызға ақпан айына берілгені – тек екі вагон. Ал PetroRetail мұнай компаниясына келсек, ол да дәл біздікіндей жекеменшік компания екеніне қарамастан, оларға жеңілдік бар. «ҚазМұнайГаз» өңдеген барлық дерлік өнім соларға беріледі. Ал біз баршаға белгілі түрлі қитұрқы кестелер арқылы делдалдардан қымбатқа сатып аламыз. Өйткені бізге дизель отыны мүлдем берілмейді десе де болады, тікелей ала алмаймыз», – дейді Мәден Жұмағұлов. Ал өндірушілер министрлікке Солтүстік Қазақстанға бөлінген 10 мың тонна жөнелтілді деп есеп беретін көрінеді. Оның 4 мың тоннасын «ҚазМұнайГаз» жанар-жағармай құю стансалары тікелей алса, қалғанын басқа желілер алыпсатарлардан екі есе қымбат бағаға сатып алып жатқанында ешкімнің шаруасы жоқ. Әріптесінің сөзін құптаған «Тим Консалтинг компания» ЖШС директорының орынбасары Татьяна Бариева сұраған 6 вагон өнімінің тек біреуі бөлінгенін айтты. «Қалған 5 вагонды бір тоннасы үшін 10-15 мың тонна айырмашылықпен сатып аламыз. Былтыр бір жыл бойы осылай жұмыс істедік. Бұл қалай?», – деп наразылығын білдірді ол.ЖҰМЫС ТОБЫ ҚҰРЫЛАДЫ
Сонымен қатар жанар-жағармай бизнесімен айналысатындар ресурс иесімен тиімсіз келісімшарт жасауға тура келетінін айтып шағымданды. Мәселен, келісімшарт бойынша 4 күн ішінде тауардың құнын толығымен төлеу керек. Ал мұнай өңдеуші тарапынан сол тауарды жеткізіп беру туралы міндеттеме мүлдем жоқ. Таңдаудың екі-ақ жолы бар: келісімшартқа не қол қою, не қоймау. Басқа амал жоқ. Сондықтан жанар-жағармай сатушылар осындай келісімшарт бойынша жұмыс істеуге мәжбүр. Бүгінде банктердің базалық ставкасы көтерілгендіктен әрі несиелеу тоқтатылғандықтан, төрт күн ішінде өнім бағасын толық төлеуге қиналған кәсіпкерлер бұл төлемді бөліп төлеу мүмкіндігін қарастыру туралы ұсыныс білдірді. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің отырысына қатысқан Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек кәсіпкерлер көтерген мәселелерді қарастыру үшін жұмыс тобын құруды ұсынды. «Біз бұл қиындықтан хабардармыз. Осы мәселелер бойынша Энергетика министрлігіне жүгіндік. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына барлық калькуляция, шот-фактуралар ұсынылса, сараптама жасауға болады. Министрлікке өтініш жасаған кезде, елдің қиыр солтүстігінде орналасқанымыз туралы ғана жалаң сөз болмасын. Барлығын есептеп, дәлелдей білу керек», – деді Дәурен Жандарбек. Бұл мәселелер тез арада шешуді қажет етеді. Әйтпесе еліміздің ең астықты өңірінде жуырда басталатын көктемгі-дала жұмыстарына қауіп төнуі мүмкін.Солтүстік Қазақстан облысы