Президенттік және перзенттік борыш
Президенттік және перзенттік борыш
422
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын қаңтар оқиғасының себебі мен салдарынан бастап, оны шешу жолындағы жүргізілген шаралардан хабар берді. Президент мемлекет басқарудағы және мемлекеттік кейбір органдардың түбегейлі реформасын ұсына отырып, жаңа құрылымдар мен жүйелерді ұсынды. Соңғы екі жылда он шақты заңның жүзеге асырылғанын алда тағы да бірқатар заң қарастырылатынын, оның бәрі мемлекет мүддесіне орай қамтамасыз етілетініне басымдық берді. Қоғамға өзгеріс керек екенін дәлелдеп отырған халық бұл жолдаудан үлкен өзгерістерді күткені рас. Соның айғағы болатын 10 бағытқа құрылған жолдау жаңа да тың серпілісті қамтыды. Саяси кешенді бағдарламаларды көздейтін жолдау құр сөзге емес, нақты нәтижеге құрылатынын атап айтты. Партия құру мен тіркелудегі ашықтық, еркіндік, сайлау жүйесіндегі тәуелсіздік және оның электронды дауыс беру жүйесін орнатуды көздеген пікірі заман ағымына сай қарастырылған мүмкіндік деп есептейміз. Сайлау жүйесіндегі пропорционалды бөлу, яғни 70/30 пайыздық өлшеммен  мәжіліс депутаттарынан да құралатынына тоқталды. Бұл халық мүддесі үшін күресе алатын шынайы патриот иесін, халқының мүддесі үшін қызмет ете алатын азаматтарымыздың қатарын көбейтетіні рас. Бұл жаңа үлгі әртүрлі көзқарастағы адамдардың тең құқығы мен пікір ашықтығы сайлауға қатысуға мүмкіндік береді. Тіпті сайлауға деген азаматтарымыздың көзқарасын сенімді түрде өзгертеді. Құқық қорғау жүйесін күшейту бойынша жолдауда біршама бастама көтерілді. Заң актісі құқық нормалары Конституциялық кеңесте қаралатындықтан,  Конституциялық кеңестің болуы кезек күттірмейтін мәселе болғаны рас. Президент жолдауында бұл кеңестің ашық  халықпен тығыз бірлікте болуын, қызметінің ашық құрылуын атап айтты. Сондықтан бірден  Конституциялық сот құруды ұсынды. Бұл бастамалар институционалдық тұрғыда тең азаматтардың құқығын әділ қорғайды. Адам құқығы және прокуратура құқығын жетілдіру  үшін де қажет.  Сонымен бірге заң үстемдігін қамтамасыз етуді көздейді. Жоғары сот кеңесі соттарды жасақтауда, судьялардың тәуелсіздігі ашық сотты халықтың хабардар болып отыруын көздейді. Бұл қоғамның ашықтығын танытады. Қоғамдық кеңестердің «кеңесіп пішкен тоны келте болмайтынына» тоқталды. Қоғамдық кеңес енді ұлттық  құрылтай мәселесімен толықтырылып, ол халықтық деңгейде жұмыс жасайтын болады. Бұл, әрине, болашақта маңызды мәселелерді талқылау үшін жиі бас қосып отыруды көздейді. Мемлекеттің өркендеуі аймаққа да байланысты. Елдегі аймақтық әкімшілікті дамыту мақсатында ең алдымен облыстарды, атап айтқанда, Абай облысын құруды ұсынды. Киелі өлкені жаңғырту үшін Ұлытау облысын құруды ұсынды. Алматы облысын екіге бөліп, Жетісу және Алматы облыстарын құруды, олардың орталығы ретінде Қапшағай және Талдықорған қалалары таңдалды. Кризиске қарсы мәселелерді де қамтып, елдегі болып жатқан өзгерістерге тоқталды. Антикризистік мәселеде ұлттық валютаның күшін арттыру үшін өкіметке бірнеше тапсырма берілді.  Банктегі шетелдік валютаға байланысты алыпсатарлықтың болмауын,  оның белгілі бір деңгейде шетелде сатылуына шектеулер қойғанын түсіндірді. Шұғыл штабтардың экстренді түрде іс жасап, елдің экономикалық, азық-түлік бағамын ретке келтіру керектігін айтты. Ел тәуелсіздігін сақтап қалуда елдің бірлігі, өкіметтің трансформацияға түсуі керектігін атап айтты. Өкімет елдің әрбірінің үнін естуге дайын екенін және бірігіп мәселені шеше алатынына басымдық танытты. Жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей атсалысуға шақырды.

Сәуле ЕРЖАНОВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры Филология ғылымдарының докторы