Демократияны көздеген өзгерістер
Демократияны көздеген өзгерістер
293
оқылды
Жаңа Қазақстанда ұлтымыздың жан-болмысына жақын, қазақы бейнедегі де­мократия өркен жаяды. Мемлекетіміз тамыры терең­ге тартқан Ұлы даланың демо­кра­тиялық дәстүрлеріне сүйенеді. Себебі қа­зақ елінде байырғы заманнан билік пен халық­тың үздік­сіз, ұдайы диалогі басты орынға қойылған: тағ­дыр­шешті шешім­дер жалпы­халықтық құрылтайларда тал­қыланып, қабыл­данған. Ал ұлттық сана-сезімді жаң­ғыртуға, рух­ты көтеруге, рухани кемел­денуге байырғы геог­рафиялық атауларды қайтару, ұлттың ірі тұл­ға­ларын ұлықтау ықпал етпек.

Қайырымды көшбасшыға қарапайымдылық тән

2022 жылғы 16 наурыз – тарихқа арналған кітаптарға атаулы дата болып енері даусыз. Осы күні Президент Қ.Тоқаев Қазақстанның саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын – саяси реформалардың 5-ші топтамасын жария етті. Ондағы әрбір бастама салмақты, демек қайтарымы да қомақты болмақ. Сарапшылар Жолдауды талдай келе бұл жерде тәуелсіздіктің 30 жылында қалыптасқан «суперпрезиденттік басқару формасынан» «пәрменді Парламенті бар президенттік республикаға» көшу жөнінде сөз болып отырғанын қаперге салады. –Қазақстанда суперпрезиденттік басқару үлгісі қалыптасты. Дамудың бастапқы кезеңінде мемлекетімізге мұндай үлгі қажет болды. Бірақ біз бір орында тұрған жоқпыз. Қоғам да, еліміз де өзгеруде. Саяси жүйеміз жаңа жағдайларға бейімделуі тиіс! – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Осыған байланысты бұдан былай Президент ретінде сайланып, Қазақстанның тізгінін өз қолына алған тұлға өзіне қатысты белгілі бір шектеулерді қабылдауға міндеттенеді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысы бірде-бір партияның мүшесі бола алмайды: президенттік өкілеттігі аяқтал­ғанға дейін партиядағы мүшелігін уақытша тоқтата тұруы шарт. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды. Қ.Тоқаев айтқандай, «осылайша, біз еліміздің болашақтағы көшбасшыларын негізгі саяси институттарды өзіне бағындырып алуға құмар болудан сақтаймыз». Мемлекет басшысының жақын туыстарын саяси мемлекеттік қызметші лауазымына тағайындауға тыйым салынады. Мұның сыртында, олардың мемлекет қатысатын компанияларды, квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарын, ұлттық компанияларды басқаруына рұқсат етілмейді. Эксперттердің пайымдауынша, бұл элитадағы, «жоғары деңгейдегі жемқорлыққа» тегеурінді тосқауыл қоюы тиіс. – Біз «Қасіретті қаңтардан» маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды. Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал өзгелерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлместің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді, – деп түсіндірген Қ.Тоқаев «Президент барлық азаматқа бірдей мүмкіндік берілетініне кепіл болуы керектігін» нықтады. Ол «Президентті тым көп өкілеттігінің бір бөлігінен айыру» үрдісі жүретінін айтты. Әйтпесе, «Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады». Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы Мемлекет басшысын облыс, республикалық маңызы бар қала әкімдері шығарған актілерді жою немесе ондай құжаттардың қолданылуын тоқтата тұру құқығынан айыруды ұсынды. Себебі бұл норма «қолдан басқарудың» орынсыз тәжірибесінің орнығуына әкеп соқтырады және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін әлсіретеді. Бұған қоса, Президенттің аудан, тіпті ауыл әкімдерін лауазымынан босатуға құқығы жойылуы мүмкін. Ұсынылған бастамалар, Қазақстан көшбасшысының байламынша, саясат сахнасындағы «ойын ережесін» түбегейлі өзгертіп, қоғамды одан ары демократияландыру үшін берік негіз қалыптастырады.

Мәжіліс мәртебелі болады

Енді мемлекетіміздің институционалдық тұғыры «мықты Парламентпен» нығайтылады. Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуы тиіс. Бұл салада ел күтпеген соны бетбұрыс, түбегейлі өзгеріс болғалы тұр. Нақтылай кетсек, Қазақстанда Мә­жілістің мән-маңызы артып, құзыры күшейтілмек. Сонымен бір мезгілде, Сенаттың рөлі төмендетілуі мүмкін. Қ.Тоқаев Сенатқа «Мәжіліс қабылдаған заңдарды тек мақұлдау немесе мақұлдамау құқығын ғана беруді» ұсынды. Қазір кез келген заң жобасын сенаторлар қабылдайтыны мәлім. Мәжіліс тек мақұлдайды. Сенат Мәжілістен түскен заң жобаларына өз түзетулерін қосып, немесе өзіне ұнамаған баптарды алып тастап, қалағанын істей алады. Енді сенаторлар заң жобаларына өзгерістер, толықтырулар, қандай да бір түзетулер енгізу құқығынан айырылуы мүмкін. Президент айтқандай, «заң қабылдау құқығы Мәжіліске ғана тиесілі болады». Мәслихаттар сайлайтын сенаторлар саны 40-қа жетпек. Ал президенттік квота 15-тен 10 депутатқа дейін азайтылады. Ел Президенті мемлекетті басқаруды тек Парламентпен ғана емес, қоғамның әртүрлі қабат-стратымен жан-жақты ақылдасу, диалог құру арқылы жүзеге асыратынын білдірді. Осыған орай Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің орнына құрамы жағынан әлдеқайда ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. –Бабаларымыз ел тағдырын айқындайтын тарихи шешімдерді бүкіл халық болып ақылдасып, бірге қабылдаған. Ұлытауда, Ордабасы мен Күлтөбеде өткен ұлы басқосулар – соның айқын дәлелі. Келелі жиында айтылған кесімді сөзге алты Алаштың баласы түгел тоқтаған. Біз бірліктің бастауы болған осы дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек! – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыра отырып, елдегі демократияның кең ауқым алуына және қоғамның әрбір қабатына дейін жетуге жол ашуы тиіс. Қазіргі кезде орталық меморгандардың, жергілікті әкімдіктердің, квазимемлекеттік сектор компанияларының жанынан құрылған Қоғамдық кеңестер осы Ұлттық құрылтайдың құрамына енеді деп күтілуде. Құрылтай елдегі маңызды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде шақырылып тұрады.

Мәңгілік елдің мызғымас ұстыны

Жолдаудағы саяси реформалар жан-жақтылығымен, салмақтылығымен дараланады. Мәселен, оған сәйкес, жаңа партия құру жеңілдейді. Заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілген соң партия құруға 20 мың емес, 5 мың мүшені жиса да жеткілікті болады. Зерттеуші ғалым, саяси ғылымдардың кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының аға оқытушысы Райхан Сейсебаеваның байламынша, Қазақстанның суперпрезиденттік басқару үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республика қалыбына көшуі біріншіден, шынайы демократия тетіктерін іске қосуға, екіншіден, саяси жүйедегі тепе-теңдік және тежемелік механизмдер жүйесінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. «Алда салмақты конституциялық өзгерістер келе жатыр. Оның барысында суперпрезиденттік билік терең трансформацияланады. Сонымен қатар басқарудың орталық органдары деңгейінде – Парламент Мәжілісінің, ал жергілікті басқару деңгейінде – мәслихаттардың рөлі күшейеді. Бұл «еститін мемлекеттің» жұмыс істеуінің шынайы тетіктерін қалыптастырады. Тұтастай алғанда, Конституцияның 30-дан аса бабы өзгертіледі. Жыл соңына дейін 22-ден астам заңды, заңнамалық актілерді қабылдау қажет болады. Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің қосымша мүмкіндіктеріне және уақытша ықпалына қарағанда, өзі үшін мемлекеттің ұзақ­мерзімді мүддесі әлдеқайда маңызды екенін айтты», – дейді Р.Сейсебаева. Ғалымдар Президенттің Жолдауы елді саяси және экономикалық тұрғыдан тең дамытуға бағытталған дейді, осының арқасында қоғамды кемел демократияландырудың берік іргетасы қаланады. Тарихшы ғалым Таисия Курманованың пікірінше, Президенттің Жолдауы біздің қоғамды ғана емес, халықаралық қоғамдастықты алаңдатқан басты бір сұраққа жауап берді: «Қасіретті қаңтар» оқиғаларынан кейін және Украинадағы шиеленіс аясында Қазақстан қандай жолды таңдайды? «Қазір барлық адам бейбітшілік, тұрақтылық қаншалықты маңызды екенін түсінді. Осыны пайдаланып, өзгеше ойлайтындарды аяусыз қудалай ма, түрлі қысымды күшейте ме, билік таңдаулы адамдардың қолында одан ары шоғырлана түсе ме? Президент нақты жауап берді: жоқ, біз елді ары қарай демократияландыру, халық сұраған реформаларды жүргізу жолымен жүреміз! Елдің орнықты өркендеуі, кең ауқымды әлеуметтік-экономикалық дамуы – саяси жаңғырусыз іске аспайды. Сол себепті біз оны жақсы заман ту­ған­ға дейін ысырмаймыз. Қ.Тоқаевтың саяси реформалары қоғамның түбегейлі өзгерістерге деген көп жылғы сұранысын қанағаттандырады. Сондай-ақ жүйелі демократияландыруға септеседі», – деді ғалым. Басқаша айтқанда, Қазақстан демократияландыру үдерісінде бүкіл посткеңестік кеңістікке, өзге елдерге қайтадан үлгі болатын дәрежеге көтерілуде. Мұқият ойластырылған, халықтың қолдауына сүйенген демократиялық жаңғырулар елдің өрлеуін, мемлекеттің орнықтылығын және билікке деген берік сенімді қамтамасыз етеді. Бұлардың бәрі – Көк Түріктің аңсарлы арманы болған Мәңгілік елдің мызғымас ұстыны.