Белгілі этномузыкант Еділ Құсайынов қазір Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында сабақ беріп жүр. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында түбі бір түркі жұртының алтын бесігі саналатын Алтайда шәкірт тәрбиелеуді қолға алған өнер иесімен аз-кем сұхбат құрған едік. – Еділ аға, үлкен қаланы тастап Алтайға, ауылға келуіңізге не себеп болды? – Бұл – өте қызық тарих. Катонқарағайға бұрын ара-тұра туыстарыма, пантыға түсуге, демалуға келіп жүретінмін. Мен бұл өңірдің тумасы емеспін. Әкем – Оралдікі, өзім Алматыда дүниеге келгем. Көне аспаптарды біршама меңгерген адаммын. Әсіресе, көмей өнерін Қазақстанда дәріптеушілердің бірімін. Қазақтың тарихы көне аспаптардан басталады. Аспаптардан бұрын әуен пайда болған. Мәселен, Алтын адамның үні қандай болған? Алтын адам туралы көп айтамыз. Бірақ Алтын адамның қандай аспап қолданғаны, қандай үнмен шыққаны туралы ешкім айтпайды. Біле білсек, көмей өнері сақтардан басталады. Шаңқобыз бен сыбызғының Отаны – осы Алтай. Оған дәлел төрт мемлекеттің аумағындағы Алтайды жайлаған қазақтарда көмей өнері жақсы дамыған. Бәрінде шаңқобыз бар, бәрінде сыбызғы бар. Айтпақшы, белгілі сыбызғышы Шанақ Ауғанбаевтың Катонқарағайдың тумасы екенін осы жаққа келгенде білдім. Таңғалдым. «Эврика» дедім. Таңғалғаным, ол кісіні бұрыннан білетінмін, бірақ Катонқарағайда сыбызғы өнері болды деп ойламаған едім. Сөйтсем, Катонқарағай сыбызғының Отаны екен. Қадыр ағамыз айтады ғой: «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп. Катонқарағайда бұл сөз жүрмейді. Алтайлықтар, оның ішінде катондықтар үшін нағыз қазақ – сыбызғы. Бірді айтып, бірге кеттім бе? Енді Катонға қалай келгенімді айтайын. – Соны айтыңызшы, маған да сол қызық болып тұр. – Былай болды, бірде Алматыда қазір Катонқарағайды дамыту қорының атқарушы директоры болып жүрген Серік Жүнісов деген жігітпен кездестім. «Еділ аға, сіз «Өр Алтай, жерім-ай, сағындым елім-ай» деп көмеймен ән саласыз. Алтайды көп айтасыз. Сіз осы Катондікі емессіз бе?», – деді. Содан не керек, әңгімеден әңгіме шығып, мені Алтайға, Катонқарағайға шақырды. Шынымды айтайын, қатты қуандым. Қазақ мұндайды «Іздегенге – сұраған» деуші ме еді. Әуелде бір-екі рет қонақ ретінде келіп қайттым. Өткен жылдың қазан айынан бастап жұмысқа кірістім. Катонқарағай ауылындағы Ластаев мектебі мен музыкалық мектепте, Үлкен Нарындағы музыкалық мектепте, Өрел ауылындағы мектепте, Ұлан ауданындағы музыка мектебінде сабақ беремін. – Қай сыныптарға сабақ беріп жүрсіз? – 5-сыныптан 8-сыныптарға дейін. Оқушылардың ынтасы, талабы жақсы. Бұрын көрмеген, қолына ұстамаған аспаптары ғой. – Оқушыларға қандай аспаптарды үйретіп жатырсыз? – Жетіген, сазсырнай, шаңқобыз, сыбызғы. Бұған қосымша дабыл секілді ұрмалы аспаптарды да үйретіп жатырмын. Сабаққа қажетті аспаптарды Катонқарағайды дамыту қоры алып берді. – Алдағы жоспарыңыз қандай? Алтайға түбегейлі орнығу ойда жоқ па? – Бұйырса, алдағы айда шәкірттеріммен шағын концерт берсем деген жоспарым бар. Сізге айтайын, ең үлкен жоспарым – Катонға көшіп келіп, түбегейлі орнығу. Жүрек, көңіл бәрі Алтай деп соғып тұр қазір. Жолдастарым да, таныстарым да көбейді. Скандинавиялық жүрістен секция аштым. Мені осында шақырған қордың жігіттері «жағдайыңызды жасаймыз, үй салып береміз» деп отыр. Неге көшіп келмеске, білгенімді неге үйретпеске? – Еділ аға, сөз соңында мына дүниені сұрағым келіп отыр. Сіздің көмейдегі дауысыңыз ең алғаш осы Катон топырағында шыққаны рас па? – Рас, 1995 жылы Катонқарағайдың Өрел ауылына жолым түсті. Старшинаевтар отбасында болып, олар Аққайнар ауылына, Қазанғап батырдың басына алып барды мені. Құран бағыштадық, қол жайдық. Бір қызығы, Өрелде жүргенімде алғаш рет көмейден дауысым шықты. «Өр Алтай, жерім-ай, ағылдым елім-ай...» деп әндеттім. Көмейімнен құйылып түскендей болды. Оған дейін көмеймен айтуды үйретті ғой. Бірақ дыбыс шықпай жүретін. Маған Алтай, оның сұлу табиғаты көмектесті деуге болады. Тәңірдің өзі қолдап-қуаттады. – Әңгімеңізге алғыс айтамыз!
Шығыс Қазақстан облысы