Өнерді өнеге еткен ісмер
Өнерді өнеге еткен ісмер
524
оқылды
Қазақтың «күпі киген» ұлттық өнерін «шекпен жауып» өзіне қайтарып жүрген петропавлдық Татьяна Никишкова киіз басуды өмірінің мәні мен сәніне айналдырғалы 8-9 жылдың жүзі болды. Көшпенділер мұрасын құлай сүюіне бір көрген киіз бұйымы себеп болса керек. Ол кезде Татьяна үшін киіз басу қол жетпейтін өнердей болып көрінетін. Қолөнер шеберлерінің көрмесінде келушілердің назарына ұсынылған киізден басылған өте қымбат палантин жамылғысы жатса-тұрса есінен шықпай қойған соң, Татьяна ақыры бұл өнерді  меңгеруге бел буған. Ұстазы Ирина Булычевамен бір-ақ рет кездескен алғыр шәкірт айналдырған 3-4 сағаттың ішінде киіз басуды үйреніп алыпты. Сол күні өз қолымен киізден бас­қан бөкебайды ұстазы өзіне сыйлаған сәт­те төбесі көкке сәл-ақ жетпей қалғанын бү­гінде Татьяна күліп еске алады. Сол жамылғы кәсібінің бастауына айналарын кім білген? Көшпенділер кәсібінің қыр-сырына қаныға түскен Татьяна киізден кез келген бұйымды жасап шығаруға болатынын білген кезде, қиялына қанат біте түскендей болды. Өзіне қажетті белдемше, көкірекше, байпақ, шәркей, бөкебай, баскиім, сөмке, орамал, текемет сияқты зат­тардың бәрін өз қолымен жасап алатын болды. Кейін пальто сияқты сырт киімді киізден басуды қолға алды. Оның үстіндегі елден ерекше киімге мән берген адамдар кө­шеде тоқтатып, таңырқайтынына бүгінде Татьянаның бойы үйренген. Кейін олар тапсырыс беріп жатады. Қазақ өнерінің табиғилығына қызығып, өмірлік философиясына айналдырған әйел бұл кәсіпте бір өрнекті екінші рет қайталау мүмкін емесін тұтынушыларына айтып түсіндіруден жалықпайды. Себебі бір затты көріп, дәл сондай етіп жасауды өтінетіндер көп. Ал өз шеберлігін үнемі дамытып отыратын әрі әрбір зат айрықша болуы керек деп есептейтін Татьяна үшін өрнекті қайталап жасаудың еш қызығы жоқ. Оның айтуынша, кейде киім өлшемінің өзін дәп басу қиындық туғызады. Себебі ылғал мен температураның әсерінен киіз ширап, тығыздығы артады, соның нәтижесінде бұйымның кө­лемі кішірейеді. Татьяна қойдың жүнін даяр күйінде Ресей мен Германиядан тапсырыс беріп сатып алатындықтан, тулаққа салып сабамаса да, киіз басудың одан басқа барлық кезеңдерін қатаң сақтайды. Мәселен, шабақтау, булау, білектеу, қарпу – киіз басу технологиясында міндетті шаруа. Қой­дың жүнін шабақтау үшін уыстап алып, астына біздің ата-бабаларымыз төсеген шидің орнына жұқа үлдірді қолданады. Оның көлемін де жасайтын затына қарай алдын ала өлшеп алады. Неше қабат жүн шабақталатыны да осы кезеңде шешіледі. Мәселен, бөкебайға – бір, шәркейге екі-үш қабат қажет. Үзілген жүн талшықтары бір-бірімен ұйысып байланысуы үшін ыстық сумен булауға кіріседі. Татьяна өзі қайнататын сабынды ғана қолданатынын да айта кетейік. Себебі сілтілі сабын керек. Қолының ісмерлігі бар әйел бұған дейін сабын қайнатумен айналысқандықтан, оған мұның еш қиындығы жоқ. Ең қиыны – буланған жүннің үстіне төселген торды алғаннан кейін, таяққа орап әрі-бері қолмен домалатып, нығыз­дау. Кейде қойдың жүні бірден киіздене қоймайды. Оның үстіне, білектейтін де, қарпитын да жалғыз өзі. Көшпенді ата-бабаларымыздан қалған «тулақ шашу» деген думанға ұласатын асарлату бүгінде жоқ. Жасы 70-ке таяған Татьяна кейде тез шаршайтынын да жасырмайды. Сурет салумен де, қуыршақ жасаумен де, киім тігумен де, нанның түр-түрін пісірумен де, гүл өсірумен де айналысатын шебер дәуренінің өтіп кеткеніне налығанымен, тапсырыссыз отыратын күні аз. Сондықтан бұл өнермен айналысушылар қатарының Петропавлда қалыңырақ болғанын қалайды.  Ниет білдірушілер болса, киіз басуды үйретуге дайын. Әзірге бір ғана шәкірті бар, ол өзінің келіні Татьяна. Ертеде қазақ әйелдерінің киізді қалай басқанын жақсы білетін ісмер көшпенділер баскиімінен бастап, аяғындағы шәркейіне дейін киізден басқанын, киіз үйдің өзін, ішкі жабдығын, ат-тұрмандарын жасағанына тамсанудан шаршамайды. Киізден басылған киімнің түр-түрін тігуді меңгерген шебер сәнқойлардың аяғына киіз етік кигізуді армандайды. Қазақта «Сұлуынан жылуы» деген сөз бар. Ал киіз киімнің жылуы да, сұлулығы да, сапасы да кез келгенінен асып түсетінін айтқан шебер осы бұйымдардың құндылығын түсінетін жан көп болса дейді. Оның түсіндіруінше, салқында – суық, ыстықта күн өткізбейтін киіз киім адамның дене температурасын бірқалыпты ұстайды. Сонымен бірге ол киіздің емдік қасиеті мол екеніне сенімді. Мәселен, белінің құяңы барларға дәріханаларда сатылатын ит терісінен жасалған белбеуден гөрі, киіз киім киюге кеңес береді. Ата-бабамыз түрлі жарақатқа киіз күйдіріп басқанынан да хабардар.  Денсаулыққа зиянды шаш етектен синтетикалық материалдан тігілген киімді өзі мүлдем кие алмауға айналған. Соңғы кезде киізді жібекпен, былғарымен бірге басып, ешқандай жіпсіз, желімсіз біріктіріп, қалыңды-жұқалы киімдер тігіп жүр. Шыңдалудың шегі жоқ деп білетін шебер киіз басқан сәтте даланың шексіз күш-қуатын сезініп, ерекше шабыт алып, небір қиялына жан бітіреді. Қазақтың рухымен астарласа үндесіп жатқан баға жетпес асыл қазынасы, ұлттық құндылығын дәріптеп, қолөнер дәс­түрін жалғастырып жүрген осындай шеберлер барында жоғалып бара жатқан ұлт мұ­расының ғұмыры мәңгілік боларына сенгің-ақ келеді. Осы ретте Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған:  «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғы-шарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр алмаса, ол адасуға бастайды» деген сөзі ойға оралады.

Солтүстік Қазақстан облысы