Атырау тас жолындағы апат: полицей қайтыс болды
Атырау тас жолындағы апат: полицей қайтыс болды
192
оқылды
Атырау облысында жол апатынан жарақат алған полицей қайтыс болды. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәліметінше, жол апаты 16 наурызда сағат 08:30 шамасында «Атырау-Индер» бағытындағы тас жолда болған. Аталған жолда келе жатқан «Toyota Camry» автокөлігі жолдың қарсы бағытына шығып, «Skoda» қызметтік көлігімен соқтығысқан. Жол-көлік апатының салдарынан 7 адам әр түрлі дене жарақатымен ауруханаға түскен. Ауруханаға түскен 7 адамның бірі – полиция аға лейтенанты Асылан Қажкенов. Кеше, 18 наурызда Махамбет аудандық полиция бөлімі полиция қызметкерінің қайтыс болғаны туралы ақпарат таратты.
«Асылан Қажкенов 1989 жылы дүниеге келген. 2014 жылы Батыс Қазақстан гуманитарлық инженерлік университетінің «Құқықтану» мамандығын тәмамдады. Ішкі істер органындағы қызметін 2019 жылғы қыркүйекте бастады. Бүгінгі күнге дейін Махамбет аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің патрульдік полиция тобының қызмет инспекторы лауазымын атқарып келді. 2022 жылы 16 наурызда «Атырау-Индер» тас жолында әріптесі, полиция аға лейтенанты Т.Сирановпен бірге жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қызметтік міндеттерін адал атқарды. Орын алған жол-көлік оқиғасы салдарынан дүниеден өтті», -деп хабарлады полиция бөлімінен.
Сондай-ақ, әлеуметтік желіде жол апатының видеосы жарияланды.