Адам өлімінен пайда табатындар туралы бұрындары еститінбіз. Алматы қаласында «жедел жәрдемдегілер» мен учаскелік инспекторлар үйлерінде көз жұмғандар туралы, ауруханадағылар ем қабылдау барысында көз жұмғандар, мәйітханадағылар өздеріне жеткізілген мәйіттер жайлы жерлеу рәсімімен айналысатындарды шұғыл хабарландырып, кейін марқұмдарды жер қойнына беруді ұйымдастыру барысында түскен қаржыдан үлес алатыны жөнінде бірнеше рет мәселе көтерілген еді. Сөйтсек, Жетісу жерінде де біреудің қайғысынан тиын-тебен тауып қалғысы келетіндер жетерлік болып шықты. Бизнестің бір түрі болып қалыптасқан саланың да өзіндік қалтарыс-бұлтарыстары, көлеңкелі тұстары баршылық екен. Қолынан қаламы түспейтін, қашан көрсең, елдің арыз-мұңын тыңдап, шешімін күткен проблемаларды жоғарыға жеткізуге асығатын белгілі журналист, соңғы жылдары жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жерлестеріне қайтыс болған жақын-жуықтарын жерлеуге жәрдемдесіп жүрген Сандуғаш Дүйсенованың бастамасымен «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп, осы салада бақылау-тексеру жүргізген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті біраз сұмдықтың бетін ашыпты. Анықталған жайттарды жұртшылыққа жеткізу мақсатында журналистерге жолығу мақсатында «Өлімнен соңғы жемқорлық» тақырыбындағы брифингке келген тиісті тұлғалардың анықтауынша, жыл сайын Жетісу жерінде 13 мыңнан астам адам түрлі себеппен о дүниелік болады. Осындай қайғылы жағдайға қатысты деректердің әрқайсысы бойынша жерлеу рәсімімен айналысатын коммерсанттар арасында талас-тартыс болып келген. Олар марқұмдарды жер қойнына барлық талапқа сай тапсыру қызметін көрсету арқылы пайда табу үшін түрлі айла-шарғыға барады екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев аталған қызмет көрсету бағытында жылдар бойы қалыптасқан жемқорлықтың тамырын тереңге жайып үлгергенін, сондықтан бұл мәселені республикалық деңгейде шешу керегін айтады.
Жерлеу рәсімі бойынша қызмет көрсететін жеке кәсіпкер Евгений Мельников жұмысын жасырын жүргізетін жерлеу кеңселері әрбір адамның кез келген қорымда тегін орын алу құқы бар екенін жасырып, қайғы жұтқан жандардан жер үшін де ақша алуды әдетке айналдырған. Сонымен бірге мәйітті жерлеуге қатысты қарапайым қызметі үшін бағаны да асыра айтады. «Ондай шектен шыққандарға мәйітханалардағы, полициядағы, «жедел жәрдем» мен ауруханадағы сыбайластары көмектеседі. Солардың арқасында ақпаратты бірінші алады да, дереу «іске» кіріседі. Ауруханада жатып қайтыс болған адам туралы бірінші болып жақындары емес, жерлеу рәсімін көрсететіндер естіп, ештеңеден хабары жоқ туыстарының үйіне барып, қызметтерін ұсыну арқылы олардың төбелерінен жай түскендей болған жағдайлар да тіркелді. Көз жұмған жанның отбасына оның қайтыс болғаны туралы куәліктің дер кезінде берілмеуі де жиі кездесетін проблема» деп ашынады жеке кәсіпкер. Сарапшылар мен мамандар осы салада қайтыс болған жан туралы ақпаратты жеткізуден басталып, қорымдағы орынды сатумен жалғасып, марқұмдар жайлы мәліметтерді саудалауға дейін жалғасатын бірқатар сыбайлас жемқорлық жолдарын анықтапты. Күтпеген қазаға душар болып, қайғыға батқандардың марқұмды ақтық сапарға дұрыстап аттандыруға қатысты жұмыстарды тезірек атқаруға тырысатындары да алаяқтарға емін-еркін қимылдап, ойына келген бағаны айтуларына жол ашады. Болат АБАҒАН, Алматы облысы.– Қазіргі кезде өңірде қанша жерлеу бюросы бар екенін тап басып айту қиын. Тек Алматы қаласында ғана тура осындай тірлікпен айналысатын үш жүзден астам жеке кәсіпкерлік тіркелген. Олардың басым бөлігі өз қызметін адал атқармайды. Салық төлемейді. Мемлекеттік кірістер департаментінің деректері бойынша, біздің облыста 34 жеке кәсіпкерлік пен үш ЖШС аталған бағытта жария түрде жұмыс істейді. Ал жасырын қызмет көрсететіндерді анықтау оңай емес. Алдағы кезде олардың халыққа көрсететін қызметі заң аясында атқаруын қатаң бақылауға алып, талап қоятын боламыз, – дейді Жандос Сағындықұлы.