Қарағанды облысы әз-Наурызды ерекше атап өтті. Наурыз құрметіне арналған мерекені тойлауға жел де, қар да кедергі бола алмады. Сонымен қатар Қарағанды облысының барлық қалалары мен аудандарында концерттік және спорттық бағдарламалар ұйымдастырылды.
Салтанатты іс-шара Қарағандының орталық саябағында болды. 22 наурыз күні таңертеңнен мұнда музыка ойнап, ән шырқалды. «Қош келдің, әз-Наурыз!» атты іс-шараға шығармашылық ұжымдар мен арнайы шақырылған қонақ – «МузАрт» тобының солисі Кенжебек Жанәбілов қатысты.
Саябақтың аллеясында облыстық басқармалар, жоғары оқу орындары, банктер және ірі кәсіпорындар сәнді киімдермен киіз үйлер тұрғызды. Киіз үй қалашығы мен мерекелік концертке облыс әкімі Жеңіс Қасымбек келді.
Ол іс-шараларды ұйымдастыруға қатысқандардың барлығына алғысын білдіріп, мерекемен құттықтады. Саябақта жастар жақсы көретін алтыбақан орнатылған. Ал балалар пони мен атқа мініп, қуаныштарын жасырмады. Қала тұрғындарына ыңғайлы болу үшін сауда шатырлары жұмыс істеді. Қолөнершілер өз тауарларын сатты.
Киіз үйлердің бірінде тоғызқұмалақ ұлттық ойыны бойынша жарыс та өтті. Ауа райының қолайсыздығынан қалған спорттық жарыстарды «Жастар» спорт кешеніне ауыстыруға тура келді. Мұнда каратэ, кикбоксинг, бокс, дзюдо, самбо және семсерлесумен айналысатын жас спортшылар өнер көрсетті. Спорт әуесқойлары гір спорты, армрестлинг, арқан тарту, асық ату бойынша жарыстарға қатысып, өз шеберліктерін көрсете білді. Мерекелік бағдарлама кешке дейін жалғасты.