«Каспий құбыр консорциумындағы» (КҚК) апат Қазақстанның мұнай тасымалы осы магистралды құбырға тәуелді екенін көрсетті. Кейбір сарапшылар бұл жағдайды кеңес заманымен салыстырады. Дегенмен қазіргі жағдай КСРО заманындағыдан өзгеше. Тәуелсіздік жылдары еліміз Қытайға құбыр салды. Сондай-ақ Каспий арқылы теңіз тасымалын арттыру мүмкіндігі бар. Бірақ КҚК-ға тәуелділіктен арылмаған сияқтымыз.
Қазақ мұнайын тасымалдайтын басты құбыр
Кеңес Одағы тұсында Қазақстан төл мұнайымен жаһандық нарыққа өз бетінше шыға алмайтын. «Қара алтын» тасымалы Мәскеуден, Главтранснефть арқылы басқарылды. Қазақ мұнайы негізінен, «Дружба» магистралі арқылы шетелге экспортталатын. Қызыл империя күйреудің қарсаңында, 1988 жылы Шымкенттен Түрікмен КСР-інің Чарджоуына (қазіргі Түрікменабад) дейін, ал 1990 жылы Теңіз–Гурьев–Астрахан–Грозный бағытында мұнай құбыры ашылды. Бұлардың өткізу қабілеті тым шағын еді. Салдарынан КСРО тараған соң одақтың мұнай алпауытының орнын басқан ресейлік «Транснефть» «Дружба» магистралінен тәуелсіз Қазақстанға бір тамшы квота бермей қойды. Бұл шағын құбырлар мен теміржол арқылы мардымсыз экспортты қоспағанда, қазақстандық мұнай тасымалының негізгі бөлігінің толық тоқтауына әкеліп соқтырды. Бұл тұйықтан «КТК» құтқарды: 2001 жылғы 13 қазанда, Теңіз – Астрахан – Новороссийск бағытында, жалпы ұзындығы 1 511 шақырымға созылып жатқан осы алып магистраль іске қосылды. Новороссийск түбіндегі теңіз терминалынан тұңғыш танкер қазақтың «қара алтынымен» әлемдік «қара базарға» жол тартты. «Каспий құбыр консорциумында» Ресей Федерациясына 31% үлес тиесілі. Қазақстанның еншісінде – 20,75%. Тағы 15%-ына – Chevron Caspian Pipeline Consortium Company, 12,5%-ына – LUKARCO B.V., 7,5%-ына – Mobil Caspian Pipeline, 7,5%-ына – Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited, 2%-ына – BG Overseas Holding Limited, 2%-ына – Eni International N.A. N.V. және 1,75%-ына – Oryx Caspian Pipeline LLC иелік етеді. Бүгінде «Каспий құбыр консорциумы» жүйесімен жылына шамамен 60,7 миллион тонна мұнай жаһандық нарыққа жеткізіледі. Ол жеткізілімнің басым көпшілігі – 53 миллионы немесе 89%-дайы Қазақстанның еншісінде. Кейінгі жылдары консорциум құбырдың мұнай айдау әлеуетін 72,5 миллион тоннаға дейін ұлғайту жұмыстарына кіріскен еді. Алайда 2022 жылғы 22 наурызда КҚК-ның Новороссийскідегі теңіз терминалында мұнайды тиеп-жөнелту ісі толығымен тоқтатылғаны белгілі болды. Ресей тарапының және консорциумның түсініктемесіне сенсек, бұған табиғи апат себеп болған. Қазақстанның Энергетика министрлігі де көршінің айтқанын қайталаумен шектелді. Айтпақшы, ресейлік ақпарат құралдары құбыр жұмысы апатты жағдайда тоқтатылмағанын, терминалдан мұнай тиеу инспектор-тексерушілердің кеңесіне сәйкес доғарылғанын айтады. «Синоптиктердің хабарлауынша, Новороссийскіде қатты дауыл тұрып, желдің жылдамдығы секундына 35 метрге дейін жетті. Бұл «Каспий құбыр консорциумының» (КҚК) теңіз терминалының жұмысына әсер етті. КҚК-ның 22 наурыздағы мәліметінше, кезектен тыс инспекцияның қорытындысында 3-шығару айлақтық құрылғысының (ШАҚ) қалқымалы шлангілерінің бірінің күштік каркасы зақымданғаны, яғни тайып, орнынан жылжып кеткені, сондай-ақ ШАҚ-2-нің ішкі жеңінің шлангілеріне зақым келгені анықталды. Осыған байланысты консорциум жүйені жуу және жөндеу үшін ШАҚ-тарды пайдалануды уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады», – деп түсіндірді Қазақстанның Энергетика министрлігі.КҚК қашан қалпына келеді?
КҚК баспасөз қызметінің ақпаратынша, теңіз терминалының 2-ші айлақтық құрылғысындағы ақаулар «Транснефть-Сервис» сүңгуірлерінің дауылдан кейінгі тексеруі барысында анықталған. Олар ШАҚ-2 ішкі жеңінің 9-шы және 13-ші шлангілері бүлінгені жөнінде құлағдар етіпті. «Мұндай зақымдар сындарлы болып есептеледі және құрылғыны қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты терминал ШАҚ-2-ні эксплуатациялауды тоқтата тұруға мәжбүр», – делінген консорциумның хабарламасында. Мамандар терминалды жөндеу апталарға, тіпті бірер айға созылуы мүмкін деп болжайды. Сарапшылар бір жайтқа назар аудартады: теңіз терминалын эксплуатациялаудың нормативтік құжаттарына сәйкес, КҚК иелігінде шлангілерді тез ауыстыру үшін қажетті «апаттық жиынтық» болуы шарт. Консорциум ол жиынтықтың бар екенін растады. Әйткенмен, толық жөндеу үшін қажетті жабдықтарды әкелуге Батыстың санкциялары тосқауыл болады. Соның кесірінен таяу уақытта КҚК толық қуатында жұмыс істей алмайтын көрінеді. «ШАҚ-тың құрауыш бөлшектерін жеткізу үшін шетелдік серіктестермен контракт бекіту қазіргі жағдайда айтарлықтай күрделендірілген. Осыған байланысты консорциумның басшылығы мұнайды тасымалдау көлемінің жақын перспективада 4 есеге төмендеуі мүмкін екенін хабарлауға мәжбүр», – деп мәлімдеді консорциум. Енді бар үміт консорциумге кіретін шетелдік компанияларда: олар санкцияларды бұзбай, қажетті жабдықтарды жеткізу жолдарын тапқаны маңызды. Айта кету керек, 2021 жылы Қазақстан жалпы көлемі 85,7 миллион тонна мұнай өндірген. Бұл ретте 67,6 млн тонна мұнайды шетелге экспорттады. Соның 53 миллион тоннасын немесе 79%-дайын республика КҚК арқылы шетелге жеткізді. Осыдан-ақ Қазақстанның бұл құбырға қатты тәуелді екенін байқауға болады. Әйтсе де, Үкімет оптимизмін сақтап отыр. Энергетика министрі Б.Ақшолақов КҚК бір айда қалпына келтіріледі деген болжамын айтты. «Каспий құбыр консорциумы 1 жыл немесе бірнеше ай бойы тоқтап тұрады деп ойламаймын. Әлдеқайда жылдам қалпына келтірілуі тиіс. Үш апта, бір ай, бәлкім, одан сәл көбірек уақыт алуы мүмкін. КҚК басшылығының мәліметінше, бүгінде теңіздегі құрылғылар тексеріліп жатып, сүңгуірлер қандай ауа райы болса да анықтау жұмысын жалғастырады. Алдағы күндері толыққанды жауап болады деп үміттенеміз», – деді ол Atameken Business телеарнасына сұхбатында.Бүлінгеннен баламалы жол құтқарады
Жалпы, бұл – КҚК-дағы алғашқы апат емес, кейінгі жылдары ол жүйеде апат-ақаулар саны көбейіп кеткені байқалады. Мәселен, былтырғы 7 тамызда КҚК-ның Новороссийскідегі терминалынан 12 текше метр мұнай сыртқа ағып, Қара теңіздің шамамен 200 шаршы метр акваториясын ластаған. Кейін Ресей Ғылым академиясының Ғарыш зерттеулері институты Қара теңіздің айдынындағы мұнай төгілген аудан консорциум мәлімдегеннен 400 мың есе көп болып шыққанын хабарлады. Мұнай қалқымалары Краснодар өлкесіне дейін жеткен. Сонда апатқа ШАҚ-1-дің гидрокомпенсаторының күйреуі себеп болыпты. Сол жолы да апат салдарын жою кезеңінде шикізат айдау уақытша доғарылды. Гидрокомпенсатор шетелде өндірілетін бірегей жабдық саналады, бірақ ол кезде Ресей қазіргідей сан салалы, аса салмақты санкция қыспағында қалмаған еді. Соның өзінде КҚК гидрокомпенсаторды тек 1,5 айдан соң, қазанда ғана ауыстыра алды. «Росприроднадзор» басшысы Светлана Радионова КҚК жүйесіндегі апаттарға консорциум қызметкерлерінің өз міндеттеріне салғырт қарайтыны да ықпал еткенін мәлім етті. Соның алдында 2020 жылы консорциум жүйенің үздіксіз жұмысын он жыл бойы қамтамасыз етіп келген нидерландтық-саудиялық Lamnalco-мен келісімін бұзып, оны ресейлік «Транснефть-Сервис» АҚ-ымен ауыстырды. Содан соң ақаулар басталды, ол туралы ресейлік БАҚ көп жазды. Энергетика саласының ардагері, мұнайшы Александр Самойленконың байламынша, құбырдағы апаттардың қайталана беруі Қазақстанның «қара алтын» тасымалдаудың баламалы жолдарын дамытуы қажет екенін аңғартады. Республикамыздың Каспийде мұнай тасымалдайтын бірде-бір алып танкері жоқ көрінеді. Ал әлемдегі бүкіл мұнай ағынының шамамен 60%-ы құбырға емес, танкерлік тасымалдауға тиесілі. Каспийдегі айлақта танкерге мұнай жеткізу үшін теңізге қарай құбыр тарту қажет. Мұның бәрі өте қомақты инвестиция тартуды талап етеді. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың пайымдауынша, балама бағыттар бар. Бірақ бас энергетик «Каспий құбыр консорциумы» құбырымен жаһандық нарыққа жеткізіліп келген ондаған миллион тонна мұнайды дәл қазір, лезде басқа бағыттармен толық көлемде жөнелту, яғни қайта бағдарлау мүмкін болмайтынын мойындады. – Былтыр КҚК арқылы 53-54 миллион тонна мұнай арна тартты. Мұнша көлемді қайта бағыттау өте қиын. Әрине, бізде балама нұсқалар бар. Олар осы барлық көлемді еңсере алмайды. Оны толығымен қайта бөлу үшін уақыт қажет, – деді министр. Оның түсіндіруінше, Ақтау портынан Самара арқылы өтетін мұнай құбыры бар. Сондай-ақ Қытай бағытында мұнай ағынын арттыру перспективасы сақталуда.Қазақстан қанша табыстан қағылады?
Мұнай-газ саласының сарапшысы Сергей Смирновтың айтуынша, Қытайға экспортталатын мұнай көлемін ауқымды арттыру үшін құбырларды жаңғырту қажет болады, бұл – бірнеше миллиард доллар шығынды талап ететін аса қымбат жоба. Әрі ол салынғанша жылдар өтіп, санкциялар да алынуы ықтимал. Тағы бір балама – Баку–Жейхан мұнай құбыры арқылы тасымалдау. «Бұл – оңай шаруа емес: ол үшін бүкіл логистикалық схеманы жолға қою, танкерлерді табу, тиеу, тиісті инфрақұрылымды салу қажет. Оның бәрі уақытты қажет етеді. Әзірге КҚК-ның қайта қалпына келуін күте тұрған жөн сияқты», – деді сарапшы. Мұнайды теміржолмен Еуропаға да, Қытайға да, Орталық Азияға да тасуға болады. Бұл үшін цистерналар көп болуы қажет. Сондай-ақ мұнайдың елеулі бөлігін өз елімізде өңдеуге бағыттаған дұрыс. Әйтпесе, 2021 жылы өндірілген 85,7 млн тонна мұнайдың тек 17,02 млн тоннасын ғана отандық МӨЗ-дер өңдеді (бұл 2020 жылғыдан 7,7% көп). Егер өңдеу көлемі артса, елімізде бензин мен дизель арзандап, бұқара мен бизнестің әл-ауқатын арттыруға түрткі болар еді. Мұнай-сервистік компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов «Қашағанда» биылғы 1 маусымда 1,5-2 айға созылатын күрделі жөндеу жоспарланғанына назар аудартты. Оның ойынша, NCOC (North Caspian Operating Company) маусымды күтпей, күрделі жөндеуді қазірден бастап кетсе, жақсы болар еді. Себебі Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз кен орындарының бәрі КҚК-ға қарап отыр. Н.Жұмағұловтың есептеуінше, КҚК жөнделгенше, Қазақстанның бюджеті және Ұлттық қор салықтар және түсімдер түрінде ай сайын жалпы сомасы 250-300 миллиард теңгедей табыстан қағылады. Қалай болғанда, тұтас сектордың, сонымен бірге ел экономикасының бір құбырға қарап қалғаны – жақсы дүние емес. Бұл 90-жылдардағыдай, көрші тарапынан «шантаж, қысым көрсету құралына» айналып кетуі де мүмкін. Сондықтан Үкіметтің КҚК жүйесінің қалпына келуін күтіп отырмай, баламалы жолдарға инвестиция салуға қазірден кіріскені абзал. Оның үстіне, Украинадағы соғыс ұзаса, Ресей әскерінің шабуылы үдесе, Еуропа Ресейге қарсы энергетика саласында санкция енгізбек. Мұндай жағдайда санкция салқыны Ресей жерімен өтетін құбырға да тиеді.