Балық бар, маман жоқ
Балық бар, маман жоқ
439
оқылды
Елімізде Балық шаруашылығы комитеті құрылып, саланы дамытуға қажетті барлық мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Дегенмен балық шаруашылығының қарқынды дамуы үшін осы салаға қажетті кадрлармен қамтамасыз ету мәселесі әлі де шешілмей тұр. Бұл – балық шаруашылығымен танылған Атырау өңірінің балық өндірісі үшін өзекті. Атырауда былтыр Жайық-Кас­пий бассейні бойынша кәсіптік балық аулауға барлығы 18 балық шаруашылығы кәсіпорны жұмылдырылды. Оның екеуі – бекіре балық өсіру зауыты. Онда 614 адам тұрақты және 2 634 адам маусымдық жұмысқа тартылды. Нәтижесінде, былтыр Жайық-Каспий бассейні бойынша 15 052 тонна балық ауланды. 2020 жылмен салыстырғанда, 3 472 тоннаға артық балық ауланған. Әрі сала өнімдеріне ішкі сұраныс артып отыр. Атырау облыстық Балық шаруа­шылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлының айтуынша, былтыр 9 019 тонна балық пен оның өнімдері Ресейге, Украина, Әзербайжан, Израиль, Грузия, Өзбекстан және Румынияға экспортталды. Ал 5 539 тоннасы Атырау, Ақтөбе, Ақтау, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Орал қалаларына сатылған. Экспортталған балық көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 1 672 тоннаға кем болды. Басқарма басшысы оның себебін сұранысқа сәйкес балық пен оның өнімдерін Қазақстанның қалаларына сату көлемі артуымен байланыстырды. Өткен жылы балық қорын дамыту мақсатында Жайық өзеніне 9 млн-ға жуық бекіре шабағын жіберген «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру» мен «Атырау бекіре балық өсіру» зауыттары Жайық өзенінен 304 бекіре балығын аулады. Олардың жүзге жуығы – аналық балықтар.

Балық өсіру ұлғаяды

Биыл балық өсіру көлемі 13,1 мың тоннадан 22,7 мың тоннаға дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ балықты қайта өңдеу жөніндегі қызметке салық салудың жеңілдетілген шаралары енгізіледі. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруа­шылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов айтқан болатын. Сонымен қатар былтыр «Балық шаруашылығын дамыту» бағдарламасы бекітілген. Қазір осы бағдарламаны 2030 жылға дейін іске асыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Балық шаруашылығын дамытудың» өңірлік бағдарламасына келсек, Атырау облысында 8 жоба жоспарланды. Атап айтқанда, 6-тоған шаруашылығы, 1-тор қоршамада балық өсіру шаруашылығы және 1-тұйықталған құрылғыда балық өсіру зауытын кеңейту жолымен қуаттылығын арттыру (Сaspian Royal Fish ЖШС) бойынша жұмыстар ұйымдастырылады. балық Өңірлік бағдарламаны іске асыруға жұмсалатын шығындар және оның нәтижелері туралы айтсақ, бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде тауарлы балық өсіру көлемі 15 мың тоннаға, балық өнімін экспорттау көлемі 25 мың тоннаға артады. Сондай-ақ Жайық-Каспий бассейнінде кәсіптік балық аулау көлемі 1,5 есе артады, яғни жылына 25 мың тоннаны құрайтын болады.

Мамандыққа оқитын жастардың мақсаты анық емес

Атырау аймағы ежелден балық шаруашылығы арқылы танылғанымен, сала мамандарын даярлауға соңғы жылдары назар аударылмаған. Мұның соңы облыста балық шаруашылығы мамандарының қат болуына әкеп соқты. Қазір балық шаруашылығына мамандар ауадай қажет. Айталық, «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК бойынша кадрлар тапшылығы мәселесі бар. Бүгінде зауытта 64 адам еңбек етеді, олардың орташа жасы – 49 жас. Балық шаруашылығы саласы бойынша білім алған жастардың соңғы легі зауытқа 2012 жылы орналасқан. Ал «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК зауытында 78 адам еңбек етеді, олардың орташа жасы – 48 жас. Зауытта балық өсіруші болып 20 маман жұмыс істейді. Оның ішінде 12 балық өсіруші балық шаруашылығы мамандығы бойынша жоғары және орта арнаулы оқу орындарын бітірген. Атырау облыстық Балық шаруа­шылығы басқармасынан алған мәліметке сүйенсек, екі зауыттағы мамандардың басым бөлігі зауыттар құрылғалы бері, 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқандар. Соңғы уақыттағы балық шаруа­шылығы саласы бойынша білім алған жастар зауытқа жұмысқа келмейді. Оның ең басты себебі – балық шаруашылығы саласындағы қызметкерлер еңбекақысының төмен болуы. Тек мамандар емес, жұмысшы-балық өсірушілер мен жұмысшы-балықшылар да жетіспеуде. Сөйте тұра Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Жаратылыстану және ауылшаруа­шылық ғылымдары факультеті балықшы мамандарды дайындайды. Бүгінде Балық шаруашылығы және ихтиология мамандығы бойын­ша бірнеше студент мемлекеттік және арнаулы аймақ әкімі гранттарымен оқуда. Бірақ олардың барлығы салаға келетініне кепілдік жоқ. Айталық, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетін қызыл дипломмен аяқтаған Жансая Болат – грантпен түскен маманның бірі. Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тумасы ҰБТ-дан аз балл алып, «Балық шаруашылығы және өнеркәсіптік балық аулау» мамандығына кездейсоқ түскен. «4 жылдық оқу барысында ата-анамның үмітін ақтаймын деп көп оқып, ізденіп, практикалардан қалмай жүрген сәтімде оқып жүрген мамандығымның өте қызық екенін байқадым. Балықтардың жиі уланып жатқаны бәрімізге белгілі. Болашақта балық саласының маманы болып, өз үлесімді қосуды мақсат етіп, жұмыс іздегенімде оқыған мамандығым бойынша жалақының аз болатыны көңілімді түсірді. Әрине, бір орында тұрмай, әрі қарай оқып, білімімді арттырамын деген сенімдемін. Жалақысы жоғары болса, мамандығыммен жұмыс істеймін деген үміттемін. Ал әзірге өз мамандығым бойынша студенттерге дәріс берудемін», – дейді Атырау агротехникалық колледжінің мұғалімі Жансая Болат. Балықтарды жасанды өсіру, акваөсіру және өнеркәсіптік балық аулау саласында теориялық және практикалық білікті мамандарды дайындау уақыт күттірмейтін жұмыс. Сайып келгенде, еліміздің оқу орындарында балық шаруашылығы мамандығына түскен студенттердің дені мамандықтары бойынша жұмыс істеуге ықылассыз. Бәрінің айтар себебі – жағдайдың жоқтығы мен жалақының аздығы. Бір қызығы, балық шаруа­шылығы бойынша білім алып жат­қан студенттердің тізімінен бұл ма­мандықты көбіне қыздар таңда­ғанын байқадық. Демек, алдағы уақытта оқу бітіріп шыққан мамандардың бірқатары салада жұмыс істемеуі мүмкін. Сондықтан өңірдегі балық зауыттары жасамыс тарта бастаған мамандарға әлі біраз уақыт иек арта тұруға мәжбүр болатын шығар.

Атырау облысы