Теміржолшылар көктем мен мейірім мерекесін атап өтті
Теміржолшылар көктем мен мейірім мерекесін атап өтті
304
оқылды
«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның бүкіл желісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын қолдау мақсатында тақырыптық күндер өткізілді. Табиғаттың жаңаруын бейнелейтін көктем мерекесі қарсаңында теміржолшылар дәстүр бойынша барша адамға және бір-біріне жақсылық, бейбітшілік пен береке тілейді. Осы уақытта басқаларға көмектесу мәселесі де өте өзекті. Сондықтан онкүндік мерекелік марафонға магистраль жұмысшылары қызу кіріскен. Олар мұқтаж жандарға – көпбалалы аналарға, мүгедектерге, жалғызбасты зейнеткерлерге, жетім балаларға қайырымдылық көмек көрсетті. Оның үстіне, олар мұны шын жүректен атқарды.

Болат магистралдағы мейірімділік эстафетасы

Игі істер күні аясында «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС – «Ақмола ЖТ бөлімшесі» филиалының жастар кеңесі «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Ақмола магистралдық желі бөлімшесі» филиалы қызметкерлерімен бірлесе отырып, қайырымдылық жәрмеңкесін ұйымдастырды. Дастарқан әртүрлі тағамға, жаңа піскен тоқаштарға толы болды. Сатудан түскен барлық қаражат эпилепсиямен ауыратын ұлымен бірге көлікте өмір сүретін Көкшетау қаласының тұрғыны Есқажы Қадыровты қолдауға жұмсалды. Чебуректер, тоқаштар, тәтті бәліштер, кондитерлік өнімдер – жәрмеңкеде ұсынылған ассортименттің аз ғана бөлігі. Бұл тәттілерден дәм тату үшін қонақтар номиналы 500 теңге болатын купон сатып алып, арнайы жәшікке салды. Сонымен қатар жастар кеңесі аталған отбасыға Щучье-Бурабай курорттық аймағына шипажайға жол­дама беру туралы шешім қабылдады. Мейірім эстафетасын өзге өңірлер де қолдады. Мәселен, Қарағанды облысындағы Нұра стансасының жас теміржолшы-еріктілері Мәди Әбеновтің жетекшілігімен бұрынғы станса жұмысшылары Екатерина Обивочная, Тамара Восколович, Тамара Морозова және Антонина Зеблинскаяның үйіне барды. Бұл әйелдердің еңбек жолы Ақмола – Қарағанды теміржол желісінің салыну кезеңіне тұспа-тұс келді. Ол кезде орталық Қазақстанның байлығын игеруге барлық күш жұмылдырылды, елге білікті кадрлар – өз ісінің кәсіби мамандары қажет болды. Ал бұл тізімді оның өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан Нұра стансасының еңбеккерлері толықтырды. «Біздің оларға барғанымыз тосынсый болды. Оларды сыйлықтармен, гүлдермен қуантуды жөн көрдік», – дейді Мәди Әбенов.

Тарихы терең теміржол

Алматылық теміржолшылар да шетте қалмады. Олар жеке мектеп оқушылары үшін Теміржол көлігі мұражайына экскурсия ұйымдастырды, өйткені мерекелік онкүндіктің бір күні – Тарих күні. 300-ден астам бала «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның Қазақстанның әртүрлі қаласындағы теміржол мұражайларын аралады. Мектеп оқушылары теміржол көлігінің бүгіні, өткені және болашағымен танысып, алғашқы паровоздар, техника мен технологиялар туралы бәрін білді. КТЖ наурыз Мысалы, Ақтөбе қаласындағы Темір­жол көлігі мұражайының жәдігерлерін «Жас туристер стансасы» үйірмесіне баратын екі топ бала тамашалады. Танымдық шара барысында қаланың әртүрлі мектебінен келген 10-14 жас аралығындағы оқу­шы­ларға Батыс Қазақстандағы темір­жол­дың пайда болуы мен даму тарихы таныстырылды. Балалар теміржолдың құрметті еңбеккерлерінің фотосуреттері мен жеке заттарын, олардың грамоталары мен дипломдарын, теміржол нысандарының макеттерін қызығушылықпен тамашалады. Оқушылар теміржол рәміздері бейнеленген сыйлықтарға дән риза болды.

Ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырды

Алматыдағы Теміржол көлігінің орталық мұражайы да балаларға есігін айқара ашты. 180-нен астам бастауыш сынып оқушылары ерекше экспонаттардың барлығын қызығушылықпен тамашалады. Балалардың ата-аналары мұндай мұражайлардың балалар үшін жұмақ екенін атап өтіп, ұйымдастырушыларға тасжолдың тарихынан сыр шертетін тамаша мүмкіндік үшін алғысын білдірді. Олар мұрағаттық фотосуреттер мен құжаттарды, теміржол белгілерін, локомотивтер мен вагондардың макеттерін көрді. Винтажды жабдықтар, Морзе телеграф аппараты, сондай-ақ ХХ ғасырдың қола қоңырауы ерекше қызығушылық тудырды, ол бір кездері пойыздардың кетуі мен келуін хабарлаған құрылғы болатын. Ұлы Жібек жолы залы мен Түрксібке арналған зал бәрін тәнті етті. Мұражайдың тағы бір мақтанышы – Екінші дүниежізілік соғыс жауынгерлері мен еңбек майданына қатысушыларға арналған экспозициялар. Кішкентай қонақтар елордадағы «ҚТЖ» ҰК» АҚ мұражайын да тамашалады. «Қазкөліккәсіп» қоғамдық бірлестігінің менеджері Ақмарал Молдашева мектеп оқушыларын мұражай экспонаттарымен жан-жақты таныстырып, Қазақстан теміржолының тарихы туралы өте қызықты етіп әңгімелеп берді. Балалар мен олардың ата-аналары мұражайдың ұрпақтар арасындағы нағыз дәнекер екенін, бұл экскурсия олардың теміржол тарихына толықтай енуіне мүмкіндік бергенін атап өтті. Тіпті, балалар қызықты сандар мен күндерді есте сақтауға тырысты. Мысалы, Қазақстанда те­мір­жол көлігі 1904 жылы құрылды. Бұл ұзын­дығы 1 668 шақырымды құрайтын Орын­бор–Ташкент теміржолы құрылысының басталуы еді. Сондай-ақ балалар теміржолшылардың түрлі мамандығымен танысты, олардың маңыздылығын, беделін білді. КТЖ макет – Маған бұл жерде қолымызбен бәрін ұстай алатынымыз, өзімізді теміржолшы ретінде елестете алатынымыз қатты ұнады. Өзіме рельстер мен қоңырау соғу ұнайтын. Мұнда мен бұрын пойыздардың қандай болғанын көрдім және олар туралы көп нәрсе білдім. Келесі жолы қарындасымды міндетті түрде осында әкелемін, – дейді 8 жасар Жәнібек Кеңес.

Теміржолшы әулеттердің санында шек жоқ

Онкүндіктің тағы бір күні – Табиғат күні аясында әр өңірден келген теміржолшылар ондаған ағаш көшетін отырғызып, сенбіліктер ұйымдастырып, вокзал аумақтарын абаттандырды. Ал ата-бабаларды еске алу күнінде теміржол қызметкерлері әлеуметтік желіде магистралдағы сан­­сыз атақты әулеттерді мақтанышпен ай­тып жатты.

Елордадағы этноауыл

Елорда төріндегі «Нұрлы жол» вокзалының маңы мереке күндері этноауылға айналды. Ұлттық нақышпен безендірілген, сән-салтанаты келіскен киіз үйлер тігілген, театрландырылған көріністер қойы­лып, ән мен күй төгілген алаңда көрермендерге наурыз көже және өзге де ұлт­тық тағамдар таратылып, мерекені ай­шықтай түсті. Бұл – «Қазақстан темір жолы» компаниясы ұжымының Ұлыстың ұлы күнін атап өткен сәті еді. КТЖ-ның әрбір еншілес кәсіпорнының ұжымы қазақтың ұлттық салт-дәстүрін көрсетті. Этноауылдың қонақтары мен шараға қатысушылар ұлттық спорт түрлерінен өнер көрсетіп, қолөнер бұйымдарын жасаудан мастер-класс өткізді. Балалар үшін де қызықты көңіл көтеру бағдарламасы әзірленді. Ұлттық ойындар өткізілді, сурет салу бұрышы дайындалды. Мереке концерттік бағдарламаға ұласты.