Үсті-басын үтіктеді

Үсті-басын үтіктеді

Құдайым-ай, не болып кетті өзі? Шәй ішемін деп алдында тұрған үтікті аузына апара бергені несі? Айдын түсін суытып, әйеліне қарады. Әйелі түкке түсіне алар емес. – Шәй ішіп отырып, үтікті алдыңа қойғаның не, Айдын? –деп сұрады ол. – Білмеймін. Сондай әдет. Немесе сондай ауру. – Құрысыншы, үтігің! – Үтіктегім келіп тұрады. – деді күйеуі салқын ғана. Әйелі шәйден бір ұрттап қойып, үтікті өзіне қарай сырғытты.Табанын ұстап көріп еді, әлі ыстық екен. Қолын тез тартып алды. Тіксінді. – Сені жұрттың бәрі қарабет деп жүр. – Жоқ, мен қызыл шырайлы бетпін. – Интернетте бәрі солай жазып жатыр! – Қарабетпін бе, не? Мен оның қылмысын мойындату үшін арқасына үтік бастым. – Өзің білесің, қылмыскер болсын, күдікті болсын, адам құқын таптауға, қорлауға заң жоқ. – Сен, қатын, қақсай бермеші. Өзім білем, – деген ол үтікті қолына ұстап, өз бөлмесіне кіріп кетті. Бір кезде, мысықтың мияулаған ащы даусы шықты. Әйелі бөлмеге жүгіріп кірсе, Айдын мысықтың арқасына үтік басып жатыр екен. – Айдын, мысықтың не жазығы бар? – Қылмыс жасады! – Не істеп қойды? – Кепкама кә-кәй етіп қойыпты! – деген ол мысығының бүйірінен бір тепті. Сөйтті де, тағы бір полицейлік фуражкасын басына қисайта киіп, сыртқа шығып кетті. Көлігінде келе жатып, ой саунасына шомылды. Түрмеде екен дейді. Бір еңгезердей еркек кеудесін жалаңаштап, денесін дірілдетіп, мұның алдына тұра қалды. – Сен кім едің? – деп сұрады бұл. – Түрме паханымын. – Кеудемнен итерме. – Итеремін. – Бетіме түкірме. – Түкіремін. – Кекірме, – Кекіремін. – Аяғыма секірме. – Секіремін, – деген түрме паханы оның тұмсығынан бір ұрып құлатып, қолын арқасына қайырды да, жіппен байлап тастады. Сосын, қарқылдай күліп, қызып тұрған үтікті жоғары көтерді де: – Мынау сенің үтігің бе? – деп сұрады. – Ия. – Түрмеге үтігіңмен келгенсің бе? – Үтіксіз жүре алмаймын... –дегені сол, «пахан» оның арқасына қызып тұрған үтікті басып қалды. – Ойбай! – Ә, қалай екен? Шеруге қатысқан Азамат Батырбаевтың арқасына үтік бастың ғой? «Дүние кезек» деген, – деп тағы басып қалды үтікпен. – Ойбай! Алматы қаласы ішкі істер басқармасының бұрынғы  жедел уәкілі Айдын Кенжебаев өз ойынан өзі шошыды. Тіпті, бір жүргіншіні басып та кете жаздады. «Бастық шақырып жатыр!» деген соң, қабылдау бөлмесіне кірді. Хатшы қыздың хабарлауымен кабинетке де кірді. Бастығының қабағына қырау тұрғандай, ала көзімен атып қарады. – Қолыңа не ұстап алғансың? – Үтік. – Үтіксіз жүре алмайсың ба, не? – Ия. – Үтігіңді мұнда қой. – Қоймаймын. – Бұйырамын! Ол бұйырып үлгермеді, прокурор бастаған лауазымды орган қызметкерлері кабинетке сау ете қалды. Қаңтар оқиғасының қарабеті Айдын Кенжебаевты тұтқындады. Үтікті төрт жігіт жабыла жүріп, қолынан әрең жұлып алды. Ия, «шаш ал десең, бас алатын» осындай оспадар, ұр да, жық, заңды белшесінен басатын, тәрбиесіз, жүрегінде жылуы жоқ орган қызметкерлері әлі де арамызда алшаң басып жүр. Олар өзін жарты құдайдай сезінеді. Тергеуде жатқан Азамат Батырбаевтың арқасын жалаңаштап, ыстық үтік басып, тепкілеп, басына целофан қапшық кигізіп, тұншықтырған құқық қорғаушының да, тергеу абақтысына қамалып, үтігін құшақтап отырғаны қандай аянышты еді...

Мұхтар ШЕРІМ