Тілінің ұшынан емес, жүрегінің ішінен шыққан Жолдау болды

Тілінің ұшынан емес, жүрегінің ішінен шыққан Жолдау болды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын зейін қойып зерделедім. Көптен бері көпшілік­тің көкейінде жүрген күрмеуі қиын күрделі мәселелердің түйі­нін шешкендей. Механизм тео­рия­сымен бейнелеп айтсақ, «Үл­кен шестерня бір айналғанда, кіші шестерняның шыр айналатынын» байқадық. Қоғамдағы қордаланып қозғаусыз жатқан немесе шашы­лып қалған шаруалардың шаңын қағып, шыр айналдыру үшін «үлкен шестерняның» бір айнал­ғаны керек еді. «Үлкен шестерня» бір айналды, оны көріп көзі жеткен жұрттың жүзі шырайлан­ды. Мұның өзі тілінің ұшынан емес, жүрегінің ішінен шыққан Жолдау болды. Жүректен шықты, жүрекке жет­ті. Ең бастысы, ұлттық құнды­лықтарға үлкен мән берілгеніне қатты қуанып, қалпағымызды аспанға аттық. «Басыңа бақ бер­сін, астына тақ берсін. Қырда жүр­ген қызырды үйлеріңе ап келсін!» деп баяғы бабаларымыз бата бергендей сезіндік. «Мен Қазақстан халқының ер­тең емес, бүгін бақытты болға­нын қалаймын», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Бағзы заман­дағы Білге қаған бабамыз «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» деген қағидасын қара тасқа қашап жазып кеткен жоқ па? Ел болып бірігу үшін: 1. Ұлттық рух. 2. Ұлттық қасиет. 3. Ұлтқа деген сенім керек екенін санамызға сіңірдік пе? Жаңадан ашылған үш өлкенің Абай, Ұлытау, Жетісу деп атал­уының өзі ұлттық рухқа серпін бергендей сезілді.Сонау алпысын­шы жылдардың аяғында Іле өзенін тоғандап, су электр станса­сын салдырған біртуар тұлға Дін­мұхамед Қонаевтың атын Қапша­ғай қаласына ұлықтап беруге ұсы­ныс жасауы да – ұлттық қа­сиеттің бір парасы. Қыр асырып, қияға апаратын жол қайсы? – Саяси партияларға жол ашты; – Мемлекеттік басқару жүйе­сін реформалау жасалды; – Елдің экономикасы мен әл-аухатын арттыру жөнінде әңгімені әріден қозғады; – Ата Заңға отыздан астам өзгеріс енгізіп, жиырма щаң қабылдауды тапсырды; – Парламенттің рөлін арттыру; – Конституцяилық сот құру; – Жоғары аудиторлық палата құру; – БАҚ туралы заң қабылдау... Қайсыбірін айтарсыз... Қалам­герлердің де қағажу тұс­та­рын қалдырмады. Ашық ақ­парат кеңістігін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлді. «БАҚ өкілдері өз елі мен оның азаматтары үшін шын жүректен алаңдауы керек», – деді. Ғұламалардың тәмсіліне құлақ түрсек , «Дүниеге нұрын шашатын екі нәрсе: бірі – күн, екіншісі – журналистер». Ендеше журна­листер қауымы жолға түскен жорғадай болатын шығар. Аузы дуалы атам қазақ «Іштен шыққан жау жаман» демеп пе еді? Төріңе шығып, текеметіңді тіліп кететін тексіздер мен асыңды ішіп, аяғыңды төңкеретін арсыз­дардың қара көрсетуі қай заманда да болған. Кешегі қаңтар қырғыны дүниені дүр сілкіндірді. Енді болмағанда елдігімізден айы­рылып қала жаздадық қой. Ас­тымыздағы атымызды алып, жаяу қалдыруға тырысқан жау кім? Атын атап, түсін түстемесе де ішіміз сезеді. Анықталатын кез де алыс емес. «Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың арасында белгілі адамдар болғанын, жоғары лауа­зым иелері мемлекетке сатқындық жасағанын» жасырмады. Айғақ­тады. Айтыс өнерінің ақтаңгер бапкері Жүрсін Ерманнан сұхбат алғысы келген бір журналист: «Аға, Жолдауды түсіндіріп беріңізші», – деп қолқа салса, «Немене, Жолдауды түсіндіріп беретіндей түсініксіз жазылып па?» – деген екен. Астарлы мысал келтіріп айтпағым не? Жолдауда айтылған жосықтың бәрі түйсігі бар адамға түсінікті, тайға таңба басқандай айқын. Рас, жабулы қазанның жабуы бүгін ғана ашылған жоқ әрине.Тәубе деп тәуелсіздік алған отыз жылдан бері текті еліміздің тесігін бітеп, жыртығын жамау үшін жарғақ басы жастыққа тимеген қайраткерлеріміз қаншама! Ұлт­тық рухты көтеріп, ұлттық мүдде­нің ұшар шыңына көз тіккен Серікболсын Әбділдин, Шерхан Мұртаза, Мұхтар Шаханов, Заманбек Нұрқаділов, Оразәлі Сәбденов, Балташ Тұрсынбаев, Алтынбек Сәрсенбаевтардан бастау алған байыпты идеялардың тамырына қан жүгіргендей. Жиыр­ма жылдан бері «Ақ жол» партиясының қоғамдық мәселені қозғаған көп ұсынысының көңіне гүл шыға бастағандай. «Барша­мызды Жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырып», жаңару мен жаңғыртудың сенім ұрығын сепкен Жолдауға не дей­міз? Жорытқанда жолы болсын!

Көпен ӘМІРБЕК