Күлдіретін дәрі
Күлдіретін дәрі
480
оқылды
Бүгінде не көп, интернетті иіскесең, дәрі–дәрмек сататын пайдакүнемдер көп. Тезірек өлгіңіз, анау дүниені көргіңіз келе ме, солардың бір дәрісін ішіп, цементтей қақиып қалуыңызға да болады. Құдай оның бетін бетондап тастасын.  Ал, енді бар ғой, жарнамасын жылтыратып, әдемі сөздермен сылап-сипаған хабарландыруларды көргенде, көзің тоқтап қалады. Көргің ке­леді. «Денсаулығыма бір пайдасы тиер» деген оймен хабарласа кете­сің.  Бір күні  керемет жарнаманы жалап отырғандай, қызығып кеттім. Көздің көруін жақсартады екен. Дереу, Ресейден шығатын  «ООО Сашера–мед» бизнес орталығының Алматыдағы өкі­ліне хабарластым. – Соқырсыз ба? – деді ол. – Құдай сақтасын. Жәй, құр­бымның мұрыны төртеу болып көріне береді. Көзім нашарлады ғой деймін... – Біз соқырларды да жазамыз. Біздің «Оптивистин» өнімін сатып алып, көзіне жиырма жыл тамыз­ғандар, жазылып кетіп жатыр. Көзі көріп, ине сабақтайды. – Маған көмектесе ме екен? – Отыз жыл тамызсаңыз, шайтанның шашының арасынан сіркесін де көре аласыз. – Тым ұзақ екен. – Екі айда жақсы көретін бо­ла­сыз. Сондай партиясын берейін. – Ақысы қанша? – Небәрі отыз мың теңге. Алыңыз, денсаулығыңызды ойлаңыз! –деді ол лыпылдап. Денсаулығын кім ойламайды? Бес құтысын отыз мыңға сатып алдым. Күніне үш мезгіл жана­рыма тамызамын. Бір ай өтті, ешқандай көмегі болмады. Қайта, көздерім қылиланып кеткендей ме? Менің көршім қант диабетімен ауырады.  «Баобаб» деген өнімді ішкісі келетінін айтты. «Жар­намасы жылтырап тұрғандарға» сенбеңіз, бәрі ақша істеу үшін алаяқтыққа барады!» –дедім мен. Тыңдамады. Алпыс мың теңгеге Ас­та­надағы «Бао» бизнес орта­лығынан сатып алды. Денелі еді, көршім, бір айдың ішінде ілмиіп, кіндігі иегіне ілініп қалғандай болды. Азып кетті. Сөйтсе, ол «Баобабы» құрғыр семіз әйелдерді арықтатуға арналған екен. О дү­ние­ге кетіп қала жаздады. Зейнет­ақысына әрең күнін көріп отырған көршімді аяп кеттім. Босқа кеткен ақшасын айтсаңшы! Бір құрбым  құлақ мәселесімен сондай бір компанияға хабарласып беруімді өтініп қоймады. «Құлағым есті­мейді, мына жарнамасына қара­сам, екі тамызғаннан кейін, алты шақырымдағы есектің ақырған даусын да естиді екенмін, сен орысша жақсы білесің ғой, оның үстіне мен онша естімеймін» дегені. – Алло, жарнама бойынша хабарласып тұр едім. – Құлағыңыз нешеу? – Екеу. – Қай құлағыңыз естімейді? – Екі құлағы естімейді. – Кімнің? – Құрбымның. Қасымда отыр. – Құлағында шөп–шалам, құлық-мұлық жоқ па? – Таза. – Біздің өнімді құлағына тамызса, тек ұрыс–керістерді ғана естиді. Мақтағанды естімейді. – Өй, онда керегі жоқ!–деп келесі жарнаманы оқи бастадым. «Көңіл көтеріңіз» дәрісін үш мезгіл ішсе, үнемі көңілді жүреді екенбіз, кеңкілдеп, селкілдеп күле береді екенбіз. Күліп жүрген жақсы емес пе? Бірақ, бұған да сенбедім. Әзіл–шыны аралас біраз жерге барып қайттық. Шыны керек, «Оптивистин» дәрісі тек су ғана  ма деймін, көзге еш пайдасы болмады. Құлақ дәрісінің де пайдасы жоқ Ал, «инстаграмды» ашып қалсаң, «қант диабетіне таптырмайтын дәрі» деген жарнамалардан көз сүрінеді. Анам талайын алып ішті. Бір түйір пайдасы болсайшы! Сонда деймін, ол дәрілерді сату­шы компания, немесе бизнес­мендер  халықтың денсаулығымен ойнағаны ғой? Оларға ақша түсіп, асықтары алшысынан тұрса болды ғой? Құзырлы органдар осындай пайдакүнемдерді неге құрықтамайды? Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселе жайында ойлана алар ма екен?

Жатыпатар ЖАНЫС