Жадыра Таңатарова Шымкент қаласында тұрады. «AMANAT» партиясының Шымкент қаласындағы филиалы жанындағы «Сайрам Өркениет» бастауыш партия ұйымында 4 жылдан бері төрайым. Бастауыш партия ұйымы екі жыл қатарынан үздіктер қатарынан көрініп, жүлделі болған. Ал кейіпкеріміз бірнеше жылдан бері еліміздегі көшбасшы партиямен бірге ондағы жобаларды жүзеге асыруға атсалысып келеді. Әсіресе, денсаулығында ақауы бар, ерекше оқытуды қажет ететін Сайрамдағы көмекші мектеп-интернатына «Кедергісіз келешек» партиялық жобасының тигізген пайдасы орасан. «АMANAT» партиясының көмекші мектеп-интернатқа тигізген көмегі көп. Мұнда ғимарат өте ескі болатын. Партияның «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» жобалары аясында мұнда 100 орындық талапқа сай жаңа оқу ғимараты бой көтерді. Бұдан басқа да бастауыш партия ұйымымен көптеген игі іс-шара ұйымдастырдық», – дейді мектеп-интернаттың директоры Жадыра Нағашыбайқызы. Айтқандай, атқарылған іс-шаралардың бірі – мектептің жаңа мәртебеге ие болуы. Осындай типтегі мектеп-интернаттар ішінен Қазақстанда тұңғыш рет осынау интернат колледж мәртебесін алған. «Бұған партияның тікелей ықпалы зор болды. Партияның сайлауалды бағдарламасына енгізіліп, уәде орындалды. Интернатта барлық жағдай жасалған», – дейді кейіпкеріміз. Есесіне бүгінде мұндағы мүмкіндігі шектеулі балалар жай сабақ оқып қана қоймай, бір саланы меңгеріп, мамандық алып шығады. «Бүгінде колледжде лицензиялау жұмыстары жүріп жатыр, яғни 4 мамандыққа лицензия алмақпыз. Жарғысын өзгерттік, қазірше атауы Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі. Мұнда балалар аспаз, дизайнер тігінші, ағаш өңдеу шебері мамандығын игереді. Негізгі мақсаты-мыз – мидың зақымдануымен келіп түкен балаларды қоғамға бейімдей отырып, олардың функционалдық сауатын арттыру», – дейді ол. Сайрам өркениет бастауыш партия ұйымының төрайымы сонымен бірге үш жылдан бері «АMANAT» партиясы Қаратау аудандық филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қоғамдық кеңесіне де жетекшілік жасайды. Кеңеске негізінен медицина саласындағы заңсыздықтар, мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақы ала алмай жүргені бойынша жиі арыздар түскен. Келіп түскен әрбір шағым оңтайлы шешімін тауып келеді. Айта кетейік, бүгінде Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, мәслихаттағы «АMANAT» партиясының фракциясы жетекшісінің орынбасары қаладағы бірқатар игі істің ұйытқысы болып жүрген Жадыра Нағашыбайқызы осыдан 25 жыл бұрын атажұртына қоныс аударып келген. «Елімізде тәуелсіздіктің ақ таңы атып, ұлы көш басталғанда әлемнің көптеген елінен мен секілді қандастар кіндік қанымыз тамған жерге қарай ат басын бұрдық. Сол сәттегі туған жеріме деген қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Мұндай сезімді шетелде жүрген әр қандас жақсы түсінеді. Баға жетпес байлығымыз ол өзіңнің туған елің мен жерің, салт-дәстүрің мен әдеп-ғұрпың, тілің мен дініңнің бары деп санаймын. Осындай бейбітшіл елде өмір сүріп жатқанымыздың өзі бір бақыт», – деп өткенін еске алды осыдан 25 жыл бұрын отбасымен Қарақалпақ автономиялы республикасынан көшіп келген Жадыра Таңатарова. Осында білім алып, өзінің қоғамдық іс-шаралардың бел ортасында жүретін дағдысымен талай қоғамдық-саяси шаралардың басы-қасында жүрді. Бірнеше рет партияның съездеріне делегат болып барған. Көшбасшы партия атауының «АMANAT» деп өзгеруі үлкен мәнге ие екенін айтып, пікірін де жеткізді. «Қазақ ұлтына мына кең-байтақ жеріміз аманат болып саналады. Сондықтан партияның «АMANAT» атауын иеленуі одан әрі жауапты қызметті жүктейтіні анық. Тәуелсіз мемлекетіміз, еліміз бен жеріміз – ата-бабамыздың бізге қалдырған аманаты. Осы аманатты халық игілігі үшін сақтап қалу, келер ұрпаққа жеткізу ел тұтқасын ұстаған бас партия үшін ең үлкен жауапкершілік екенін жіті сезінуге тиіспіз», – деді ол.
Шымкент қаласы