Көктем келді, жайылым мәселесі бас көтерді. Халық әр өңірде әлдебір ауылдардың өріссіз қалғанына дабыл қағып жатыр. Себебі біраз жайылым егістікке берілген, енді егін егу науқаны басталып, миллиондаған гектар жер жыртылып жатыр. Қыстан азып шыққан төрт түлікке тұяқ басар өріс табылмай тұрған жайы бар. Ал жазда жайылымға жарымай, бүйірі шыға тоймаған мал қылышын сүйреп келетін келесі қаһарлы қыстан аман шыға ма? Ұлы далада жайылымдар жаппай деградацияға ұшырап жатқаны да анықталды.
Түйткіл жыл сайын тек шиеленісіп келеді
Мәселенің күн тәртібінде өткір тұрғанын билік те жасырмайды. «Қазақстанда жемшөппен және жайылыммен қамтамасыз ету проблемалары жыл сайын шиеленіске түскен. Елді мекендердің айналасында бос жер жоқ. Бөлінген жайылымдық жерлер негізінен оларды қалпына келтіру және жақсарту жөніндегі мақсатты жұмыстардың жоқтығынан тозған», – деді Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Қазақстан фермерлерімен онлайн кездесуінде. Өз өңірінің ауыл-ауданын аралап жүрген әкімдер де осы мәселе аса көкейкесті деседі. «Жергілікті халықтың көпшілігі мал шаруашылығымен айналысатындықтан, мәселелердің басым бөлігі осы саланы дамытуға қатысты болды. Жайылымдық жерлерге қол жеткізу, құдықтар қазу, ауызсу, спорт залын салу мәселелері өте өзекті», – деді таяуда Бейнеу ауданын аралаған Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев. Қазалы ауданына сапарлаған Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова да шөбі шүйгін мал өрісінің жетпейтініне көз жеткізіп қайтыпты. Сондықтан жауапты тұлғаларға шалғайдағы жайылымдарды суландыру үшін аудан аумағында жаңадан ұңғы-скважиналар қаздыру мақсатында жобалық-сметалық құжаттарды жасатуға қажетті қаржы көлемін пысықтауды тапсырды. Дәл осы 2 өңір 2 жылдан бері қатты қуаңшылықтан зардап шекті. Бұл Қазақстанның жаңа тарихында болмаған құбылысқа – төрт түлік малдың миграциясына соқтырды. Маңғыстау облысы әкімдігінің дерегінше, өңірде болған қуаңшылыққа байланысты 2021 жылы Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктерімен келіссөз жүргізілді. Нәтижесінде, Маңғыстау облысынан 82 шаруа қожалығы мен 74 жеке фермер 14 946 бас малымен бірге басқа облыстарға көшкен. Ғалымдар қуаңшылық биыл жалғасуы мүмкін деп болжайды. Демек, ауылдықтардың көбі жазда да малын қорада ұстауы ықтимал. Оларды мал азығымен қамту мәселесі туындайды. Былтыр «Қазақстан темір жолы» АҚ өзге өңірлерден Маңғыстау облысына теміржол арқылы жеткізілетін жем, шөп үшін жол шығынын 75%-ға төмендетті. Сөйтіп, былтырдан бері өңірге келген 1 907 вагон жемшөпке 855 млн теңге жеңілдік жасалыпты. Үкімет басшысының тапсырмасымен 2022 жылғы 24 қаңтардан 1 сәуірге дейінгі аралықта ҚТЖ осындай жеңілдікті тағы көрсететін болады. Бұл шара жем мен шөптің бағасын төмендетуге бағытталған. Ал өзге өңірлердегі мал өсірушілер әзірге мемлекеттік қолдаудан қағажу қалып тұрғаны жасырын емес.Жайылым мәселесін шешудің жаңа амалдары
Жүргізілген талдау нәтижесінде Ауыл шаруашылығы министрлігі жеке қосалқы шаруашылықтарды дамыту жолында тұрған басты кедергі жайылымдық және шабындық жерлердің тапшылығы екенін анықтады. Одан кейінгі орындарда жемшөптің қымбаттығы, өндірілген өнімді – ет, сүт және сүт өнімдерін әділ бағамен өткізе алмай, материалдық-техникалық ресурстармен қамтылмау секілді әлі күнге шешімін таппаған маңызды мәселелер тұрған көрінеді. Министрліктің дерегінше, ауыл шаруашылығы жануарларының жартысына жуығы – жеке қосалқы шаруашылықта (ЖҚШ), қарапайым ауылдықтар қолында шоғырланған. Елімізде шамамен 1,6 миллион ЖҚШ бар. 2020 жылы олар ауыл шаруашылығының барлық өнімінің жартысына жуығын – 41,5%-ын (2,6 трлн теңгенің өнімін) өндірген. «Осынша зор биологиялық актив ешқандай технологиялық процестермен қамтылмаған. Бұл жерде өндірістің тиімділігін арттырудың және ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеретін қосымша табыс табудың үлкен әлеуеті бар. «Жеке қосалқы шаруашылық туралы» заңды қабылдау дәл осы міндеттерді берік заңнамалық негіз құру арқылы шешуге мүмкіндік берер еді. Олар кооперациялану арқылы мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізеді және осының негізде ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі жоғарылайды», – деген пікірде АШМ.Аталған заң жобасы Мәжілістің қарауында жатыр
Негізі, бұл құжаттың бастапқы нұсқасында АШМ ауылдықтардың өз қорасында ұстайтын малын шектемек болды. Ол шектеуден тек малын ортаға салып, кооператив құрған ауылдықтар ғана құтылады. Осы арқылы бір жағынан, жайылымның жетіспеушілігі мәселесін шешу, екінші жағынан ауылда кооперацияны дамыту жоспарланған. Алайда әлемді жайлаған азық-түлік тапшылығы және күйзеліс заманында мұндай қадам еш қисынға жатпайды әрі қоғамның теріс реакциясын туғызды. [caption id="attachment_189351" align="alignleft" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] «Заң жобасының қоғамдық резонанс тудырған ережелерінің бірі – елді мекен шекарасындағы жеке қосалқы шаруашылықтарда мал ұстау нормативтерін енгізу болды. Қоғам «АШМ адамдардың қолындағы малын шектеп, оларға тек 2 сиыр қалдырғысы келеді» деп сынады. Сондай-ақ көрші елдердің тәжірибесі зерттелді. Ақыры жұмыс тобы ауылда ұстауға болатын малдың шекті санын белгілеу нормасын алып тастау туралы шешім қабылдады. Оның орнына ЖҚШ-ларды экономикалық әдістермен кооперациялануға ынталандыратын және олардың кірістерін арттыратын нормалар күшейтіледі», – дейді Ауыл шаруашылығы министрінің кеңесшісі Төлеухан Нұрқиянов. ЖҚШ мен кооперативтердің жайылымға деген артып келе жатқан мұқтаждығын өтеу үшін заң жобасында басқа тәсіл ұсынылды: ауыл әкімдерінің қарамағындағы және ортақ қоғамдық пайдалануға, яғни ауылдықтардың малын жаюына, шөп шабуына арналған жерлердің алаңдары кеңейтіледі. Бұл үшін ауыл шаруашылығы өндірушілеріне берілген кейбір жерлер кері алынады. Аудан әкімдерінің резервтік қорынан және босалқы жерлерден ЖҚШ кооперативтеріне жер бөлінбек. Кейбір ауылдықтарға жұмыс істеп тұрған және өрісі-жері бар кооперативтердің құрамына кіру ұсынылады.Ұлан-байтақ жерде сапа қалмай барады
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Сұлтан Дүйсембиновтің айтуынша, жайылымдармен қамту қазір ең өзекті мәселеге айналды. «Мал басының түгелі дерлік елді мекеннің маңайында жайылады. Соның кесірінен ауылдардың басым көпшілігінің айналасы 5-10 шақырымдық радиуста жаз шықпай жатып-ақ тақырланып қалады. Мұндай жағдай жылдан-жылға қайталанатындықтан, жайылымдар деградацияға ұшырап отыр. Осы орайда «Кейбір заңнамалық актілерге жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы әзірленді. Оның басты мақсаты – жайылымдарды тиімді пайдалану, оларды басқарудың институционалдық және экономикалық негіздерін жетілдіру. Жайылымдарды басқарудың жекелеген функцияларын орталықтан ауылдық округ әкімдеріне беру ұсынылады», – деді сенатор. Қазір елдегі жайылымдардың жалпы көлемі – 184,3 миллион гектар. Бұл Кувейт, Черногория сияқты шағындау 103 мемлекет тегіс сыйып кететін аумақ. Демек, жер бәріне жетуі тиістей. Соның ішінде 76 миллион гектар жайылым шаруа қожалықтарына, ЖШС және өндірістік кооперативтер иелігіне беріліп қойыпты. Тағы 72 миллион гектар босалқы жерлер («земзапас») құрамында. Бұдан бөлек, біраз жайылым – 15,3 млн гектары орман қоры, ерекше қорғалатын табиғи аймақтар мен өнеркәсіп жерлерінде қалды. Нәтижесінде, қаптаған ауылдықтардың қолындағы малын жаюға небәрі 21 миллион гектар жер ғана қалған. Шынында, халықтың малына 50 миллион гектар жайылым қажет! Сенатордың мәліметінше, қолданыстағы жайылымдардың үлкен бөлігі сапасын жоғалтты: 27 миллион гектардан астамы – тапталған жайылымдар. Сонымен қатар мал жаюға жарамсыз «ақ селеу» мен «бұталар» өсіп кеткен, тастақ жайылымдардың көлемі 31,4 миллион гектарға жеткен. Оның ішінде буаз қой-ешкіге аса қауіпті шөп түрлері жайлаған жайылымдардың ауданы – 7,7 млн гектар, тастақ жерлер – 4,7 млн, арамшөп пен бұта басқаны – 19 млн гектар. Осы деректерден-ақ елдегі жайылымдардың сапасы қандай екенін аңғаруға болады. «2017 жылы қабылданған «Жайылымдар туралы» заң жайылымдық жерлерді басқарудың негіздерін қалағанымен, жайылымдарға қатысты мәселелерді шеше алмады. Ұсынылып отырған жаңа заң жобасын дайындау барысында жұмыс тобы іргедегі бауырлас елдердің жайылым мәселелері бойынша заңнамаларын зерделеді. Былтырғы қарашада Қырғыз Республикасына сапарлап қайттық. Сонда куә болғанымыздай, қырғыздар мал ұстайтын ауылдықтарды жайылыммен қамтамасыз ету мәселесін толық дерлік шешіпті! Жергілікті органдарда жайылымдарды басқару институттары толыққанды құрылған», – деді С.Дүйсембинов. Заң жобасын әзірлеуде қырғыздың оң тәжірибесі ескерілді. АШМ мәліметінше, бізде жайылымдар тапшылығы – 29 млн гектар.Жаңа заңның жаңалықтары қандай?
Дауға тамыздық болып жүрген бір мәселе: бұрынғы совхоздар мен колхоздар негізінде ұйымдастырылған шаруа қожалықтары, ЖШС және ӨК-тер тиісті меморандумдардың болғанына қарамастан, өздеріне берілген жерлерге ауылдықтардың мал жаюына рұқсат етпейді екен. Салдарынан сонау феодализм дәуіріндегідей, жер үшін талас, төбелес болып тұрады. Біраз жер кезінде сатылып кеткен, енді оларды халық үшін кері сатып алу айтарлықтай бюджет шығынын талап етеді. Мұның сыртында шалғайдағы жайылымдар пайдаланылмайтыны анықталды. Құдықтар, ұңғымалар, суаттар, өзен-көлдер болмағандықтан, ол жаққа ешкім малын жаймайды. Осыған байланысты заң жобасында біраз жаңалық ұсынылған. Біріншіден, Жер кодексіндегі «пайдаланылмайтын жайылымдар» критерийі қайта қаралмақ: егер малдардың жайылымдармен нормативтік қамтылуы 2 еселік көрсеткіштен асса (қолданыстағы норма – 5 есе), онда артық алаң алып қоюға жатады. Осылайша, артық жерді өзі де пайдаланбайтын, өзгеге де бермейтін шаруалар саны азаяды. Екіншіден, жайылымдарды фермердің, латифундистің тек шөп шабу мақсатында ғана пайдалану және ол жерге мал жаймауы – бұдан былай «жайылымдарды мақсатсыз пайдалану» ретінде бағаланады. Үшіншіден, әкімқараларға әлдекімнің мүддесін ілгерілетіп, қоғамдық жайылымдарды ауылшаруашылық алқаптарының басқа түрлеріне – егістікке, тыңайған жерлерге және басқасына ауыстыруына тыйым салу ұсынылады. Төртіншіден, жерді «пайдаланылмайды» деп алып қоюға қазіргідей тек Жерді қашықтықтан зондтау деректері, яғни жерсерігінің түсірілімдері ғана емес, сондай-ақ тіркелген мал саны да негіз бола алады. Бесіншіден, орман мекемелері жергілікті әкімдіктерге орман ішіндегі жайылым учаскелері туралы ақпарат ұсынуға міндеттеледі. Орман ішінде де мал жаюға рұқсат етіледі деп күтілуде. Заң жобасының тағы бір жаңалығы: елде «Жайылым пайдаланушылар бірлестіктері» (ЖПБ) мен олардың атқарушы органы болатын «Жайылым комитеттерін» құру және бұл бірлестіктерді мемлекеттік қолдау қарастырылған. Қорасында мал ұстайтын ауылдықтар өз еріктерімен ЖПБ құруға құқылы, ал осы бірлестік өз кезегінде «Жайылым комитетін» құра алады. Жобада ЖК құрамы мен өкілеттері анықталады. Құжатта тез тоза бастаған жайылымдарды қорғау, молықтыру және қалпына келтіру мәселелері пысықталыпты. Жайылымдардың ресурстық әлеуетін, өнімділігін сақтауға бағытталған құқықтық, ұйымдастырушылық, экономикалық, басқа іс-шаралар жүйесі туралы жаңа баптар енгізілген.P.S. Елде жайылымдарды басқару, қалпына келтіру және мал өсіретін ауылдықтарды өріспен қамтамасыз ету түйткілдері ары қарай шиеленісе бермей, шешілгені жөн. Әйтпесе, Ұлы далаға иелік еткен Қазақстан кішкене ғана қырғыз еліне тең болмайтын дәрежеге дейін құлдырап барады. Оның үстіне жайылым да қарқынды түрде деградациялануда. Үкімет те, Ауыл шаруашылығы министрлігі де, Парламент те арқаны кеңге сала бермей, асыққаны абзал. Олай болмаса, қазақ ата-баба алдында ұятқа қалып, ет пен сүтті шетелден тасуға көшуі кәдік.