Қазақстанда өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің 45%-ы мал шаруашылығына тиесілі. Елімізде аталған салаға даярланған мамандар сұранысқа ие болмай жатыр. Соның бірі – мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы мамандары. Олардың міндеті – малды азықтандыру, ерекшелігіне қарай рацион құру. Бұл мамандардың жетіспеуі ауыл-аймақтағы жайылымдардың тозуына да әкеп соғуда.
Жұмыс табылмаса, маман қайда барады?
Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінің 4-курс студенті Майра Тірназар 1-курстан бері үздік оқып, мамандығының қыр-сырын жақсы меңгерген, президенттік шәкіртақы иегері. Алайда болашақ маман малды дұрыс азықтандырып, тұқымын асылдандыруға, көбейтуге құлшынып отырған жоқ. – Мамандығым бойынша жұмыс табу қиын. Ғылыми-зерттеу институтында зертханашы, хатшылық қызметтерді атқарған мамандарды білемін. Алайда олардың айлығы аз, содан басқа салаға ауысып жатыр. Оқуымды бітірген соң магистратураға тапсырып, осы оқу орнында мұғалім болып қалғым келеді. Бірге білім алып жатқан қатарластарыма келсем, көбінің мақсаты – осы. Қазір қалалық әкімдіктерде ауыл шаруашылығы бойынша жеке мекемелер ашылып жатыр. Ол жерге құжаттармен жұмыс істейтін мамандарды жұмысқа алады. Онда да орын шектеулі, – дейді ол. Еліміз шамамен алғанда, ішкі азық-түлік нарығының 60 пайызын отандық өніммен қамтамасыз етіп, қалған 40 пайызын импорт есебінен толтырып отыр. Сарапшылар ұсақ шаруа қожалықтар өндіретін тауарлардың бәсекеге қабілетті болуы екіталай екенін айтады. Ал азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, сапалы өнім өндірісін арттыру – күн тәртібінен түспей тұрған мәселе. Әрине, сапалы өнім алу үшін малға құнарлы азық керек. – Елімізге шетелден құрама жем алып келеді. Оның құрамында биологиялық белсенді қоспалар көп. Әрине, оның зияны бар. Шетелден әкелінген мал басын сақтап қалу үшін де осылай жасалып жатыр. Одан гөрі мал азығын өндіретін өндіріс орындарын көбейтуіміз керек. Бұл отандық өнімнің әлеуетін арттыруға, сондай-ақ осы сала мамандарын көптеп жұмысқа тартуға оң ықпал етеді. Сонымен бірге мал азығының нарықтағы құнын төмендетуге, қалыпты ұстап тұруға сеп болар еді, – дейді Қазақ ұлттық аграрлық университеті, Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасының аға оқытушысы Жанат Жұмабекқызы.Қымбатшылық қысқанда...
Жем-шөбі сай болса, малдың қыстан күйлі шығары анық. Өкініштісі сол, қыста малдың жем-шөбінің қымбаттауы қалыпты жағдайға айналған. Мұны дизель отынының, шөп шабуға қажетті техниканың қымбаттауымен байланыстырып жатады. Өз кезегінде бұдан еттің де бағасы шарықтайды. Мал шаруашылығының басым бөлігін ұсақ шаруашылықтар құрайтынын айттық. Малға қарап отырған ауылдағы ағайынға жыл сайын құны көкке шарықтаған шөппен бірлі-жарым малын асырау оңайға соқпай тұр. Түркістан облысы Аққала ауылының тұрғыны Қайрат Ағабекұлы ес білгелі ата кәсіпті серік етіп келеді. Күнкөрісін малдан айырып отырған ол жұрт қатарлы малдың шөбін жазда жинап алатынын айтады. – 4 үй малымызды қосып, кезекпен бағамыз. Әрқайсысында 50-60 қойдан бар. Күндіз өріске барады. Малдың шөбін жазда жинап, жемін қыстыгүні базардан сатып аламыз. Қыста баға 1,5 есеге дейін көтеріліп кетеді. Қазір барлық жемді 100 теңгеден алып жатырмыз. Ал бір бума шөп – 500 теңге, – дейді Қайрат Ағабекұлы. Ал мамандар қымбатшылыққа жайылымдарды тиімді пайдалана алмауымыз кері әсер етіп жатыр дейді. Осы орайда, жайылымдық жерлерді қалай тиімді игеруге болады деген сауал туындайды. – Бүкіл жайылым алқаптарын есепке алып, инвентеризациялап, қоректілігі мен сапасына сәйкес құжаттандырып, пайдалану жүйесін ғылыми тұрғыдан негіздеп, реттеу қажет. Осылай мал шаруашылығы жем-шөп қорын экологиялық таза, биологиялық құнды азықтармен толықтыра аламыз. Жайылым оты мен шалғын көгін ұтымды пайдалану арқылы мал шаруашылығы өнімдерін өндірудегі жалпы азықтар шығынын 2 есе төмендетіп, өнімдердің өзіндік құнын арзандатуға әбден болады. Азық өндіру, өңдеу мен дайындауды кооперациялап, дәруменді-протеинді шөп ұны мен моно және құрама жемдер өндірісін ұйымдастыру керек, – дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Нұрберген Омарқожаұлы.Жайылымның жайы
Жеріміздің басым бөлігін жайылымдар мен шабындықтар құрайды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде 180 млн гектарға жуық жайылым бар, оның 58 млн гектары қолданыста. Жайылымның жайын білген ата-бабамыз мал жаюдың ережесін де қаперде ұстап, мекенін ауыстырып отырған. Ал қазір малдың көбі тек ауыл маңында жайылады. Осының салдарынан жер азып-тозып, тақыр жерге айналып, деградацияға ұшырап жатыр. Сәйкесінше, табиғи өнімділігі де төмендеп барады. – Жайылымдарды тиімді пайдалану үшін оны қоректілігі бойынша бөліп, шекаралары белгіленген жерлерде жайылатын мал басын, оны жаю реті мен тәртібін, алмастыру мерзімі мен қосымша азықтандыруын ұйымдастыру қажет. Осы жүйемен 120-150 күн жайып семіртілген ірі қара малдың бастапқы тірілей салмағы – 50-60%, ал төлінікі – 80-90% артып, жоғары сойыс шығымымен экологиялық таза, нарықтық сұранысы жоғары сапалы ет береді. Одан тауарлық және тағамдық құндылығы жоғары бағаланатын мәрмәр ет өндіруге болады, – дейді Нұрберген Омарқожаұлы.ТҮЙІН:
Мал шаруашылығын дамыту үшін жайылымдық жерлерді тиімді игеріп, малды дұрыс, толыққанды азықтандыру қажет. Мамандар ол үшін ғылыми-өндірістік тұрғыдан жүйелі ұйымдастыру қажет деп санайды. Бұл іс жүйесін тапса, малды азықтандыратын мамандар да жұмыссыз қалмас еді.