Душанбеде топ жарды

Душанбеде топ жарды

Тәжікстанның бас шаһары Душанбеде шосседегі велоспорттан Азия чемпионаты өтіп жатыр. Бұл жарыста Қазақстан құрамасы табысты өнер көрсетіп жатыр. Чемпионаттың алғашқы күні құрамында Евгений Федоров, Игорь Чжан, Юрий Натаров және Евгений Гидич секілді велошабандоздар бар ерлер командасы 24 шақырым қашықтықты 26 минут 48.933 секундта жүріп өтіп, бас жүлдені олжалады. Күміс пен қола медальды Моңғолия мен Иранның спортшылары иеленді. Әйелдердің командалық сайысында отандастарымыз мәре сызығын екінші болып қиып өтті. Бәсекеде қазақ елі намысын Рината Сұлтанова, Фаина Потапова, Махаббат Үмітжанова және Анжела Соловьева қорғады. Біздің қыздар Өзбекстанды алға жіберсе, ирандықтар үшінші орынды қанағат тұтты. Жекелеген сайыста 15 шақырым межені 20 минут 54.601 секундта бағындырған Дария Қазақбай күміс медальды мойнына ілді. Қазақ қызы өзбекстандық Анна Кусковадан ғана қалып қойды. Жасөспірімдер арасындағы жарыста Алексей Ваганов топ жарды. Сондай-ақ паравелоспорттан өткен сайыста Кенжеқұл Сейітжан мен Мақсат Қадыров та үшінші сатыға табан тіреді.

К.ЕСІМХАН