Кезектен тыс ХХІІ съезде партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партия жұмысын қайта жандандыруды тапсырып, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы тиіс екенін атап өтті. Осыған орай «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының мобильді көшпелі қабылдау топтары Жалағаш, Сырдария, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында болып, шалғай елді мекен тұрғындарының мәселесін тыңдады. «Сыр өңіріндегі 5 ауданның 5 елді мекенінде ұйымдастырылған мобильді топ мүшелерінің қабылдауына 200-ден астам азамат келіп, өтініш білдірді. Себебі ауыл тұрғындары аудан, қала орталықтарына келе бермейтіндіктен, осы мүмкіндікті пайдаланып отыр. Мобильді топ құрудағы мақсат – оларға өзіміз арнайы келіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдау. Бұл жұмыстар азаматтардың мәселелерін шешумен қатар, ауылдарда шоғырланған проблемаларды назарға алып, жүйелі шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді» деп атап өтті республикалық мобильді топ құрамының мүшесі, Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов. Жалағаш ауданының Аламесек ауылдық округі Есет батыр ауылында өткен қоғамдық қабылдауда Гүлсім Жаханова ауыл көшелерін жарықтандыру қажеттілігін алға тартты. Зейнеткердің айтуынша, ауылда 13 көшенің 3 көшесінен басқаларына жарық жүргізілмеген. Осы мәселеге орай Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Шәменов былай деді: «Есет батыр елді мекенінде аудандық бюджеттен 1 млн теңгеге Көкпая көшесі жарықтандырылып, 1,4 млн теңгеге Ақарық көшесінің шамдары жаңартылды. Көтерілген мәселе шешілмей қалмайды. Алдағы уақытта «Қара бура» ЖШС демеушілігімен Ақарық көшесіне 25 баған, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында Әбішов көшесіне 20 баған қойылып, жарық шамдары орнатылады», – дейді әкім. Бұдан бөлек, қабылдау барысында ауыл тұрғындары тарапынан ішкі көшелерді жөндеу, ауызсу, жайылым жер, егістік жерлерде ротацияның сақталуын қатаң бақылауға алу мәселелері көтерілді. Әрбір өтініш бойынша жауапты тұлғалар мен орындау мерзімдері белгіленеді. Көшпелі қабылдау барысында мобильді топ өкілдері І топ көз мүгедегі Жартай Ешмахановтың үйіне соқты. Қос жанарынан айырылып, қабылдауға келе алмаған тұрғын өзінің өтінішін жерде қалдырмай, іздеп келген аманаттықтарға ризашылығын білдірді. «Ауылға келіп, ауыл азаматтарының жағдайымен танысып жатқан «AMANAT» партиясының өкілдеріне ризашылығым шексіз. Мұндай көшпелі қабылдаулар біз секілді үйден шыға алмайтын азаматтар үшін көкейіндегі мәселесін жеткізуге үлкен мүмкіндік. Менің партияға алғыстан басқа айтарым жоқ. Қызыма жұмыс іздеп көмек сұрадым, оған орналасуына ықпал етті. Түрлі әлеуметтік көмектер көрсетіп жатыр. Бұл партияның көп игілігін көріп отырмыз. Біздерді мүгедек деп назардан тыс қалдырып жатқан жоқ. Еңбектерінің жемісін көрсін» ,– деді ол. Аманаттықтар, сондай-ақ Сырдария ауданына қарасты Іңкәрдария ауылында болып, тұрғындар өтінішіне құлақ түрді. Ауыл тұрғындары білім ордасына күрделі жөндеу, интернет жылдамдығын көтеру, жас кәсіпкерлерге кепілсіз және төменгі пайызбен несие қарастыру сияқты ұсыныстарын жеткізді. Осы күні «AMANAT» партиясының мобильді бригадалары Шиелі ауданындағы Жөлек, Жаңақорған ауданындағы Қандөз, Қазалы ауданындағы Бекарыстан би елді мекендерінде де қабылдау өткізді. Жөлек ауылдық округі тұрғындары Жуантөбе елді мекенінде ауызсу жоғын айтып шағымданса, Қандөз ауылының тұрғындары елді мекенді газдандыру, Бекарыстан би тұрғындары мал басының жыл санап көбеюі мен қуаңшылық жағдайын алға тартып, қыс мезгілінде мал ішетін судың қиындық тудыруына байланысты су ұңғымасын қазу мәселелерін көлденең тартты. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Кеңес үкіметі кезінде қазылған 7-8 бұлақ бар. Олардың су өткізу қабілеті төмендеген. Енді бұл бұлақтарды қайта қазғанмен, экономикалық тиімділігі жоқ. Мобильді топ мүшесі, облыстық партия филиалының Атқарушы хатшысы Л.Төрешова барлық өтініштер партияның жіті бақылауында болатынын атап өтті. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлімделеріне жыл басынан бері тұрғындардан 800-ден астам өтініш түсіп, олардың 60 пайызы оң шешілді. 298 азаматқа заңнамалық тұрғыда кеңес берілді. Бүгінгі мобильді қабылдаулар барысында азаматтардан түскен өтініштер шешімін тапқанша партияның тікелей бақылауында болып, нақты жұмыстар істеледі. Мұндай қабылдаулар алдағы сәуір және мамыр айларында облыстағы шалғай 20 елді мекенде ұйымдастырылады. Мобильді қабылдаулар жыл соңына дейін барлық аудандарды жалғасатын болады»,– деді Атқарушы хатшы.