AMANAT: Қызылорда және Павлодар облысы тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап, өтінішін қабылдады
AMANAT: Қызылорда және Павлодар облысы тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап, өтінішін қабылдады
319
оқылды

AMANAT партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары Қызылорда және Павлодар облыстарына барды.

AMANAT партиясының мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің аймақтарға сапары жалғасуда. Бүгін партия мүшелері Қызылорда және Павлодар облыстарына барды. Қабылдауға бір күнде 250-ге жуық азамат келіп, барлығы 11 шалғай елдімекен қамтылды.    width= Кезектен тыс ХХІІ съезде партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партия жұмысын қайта жандандыруды тапсырып, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы тиіс екенін атап өтті. AMANAT партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржановтың айтуынша, көшпелі мобильді топтардың мақсаты – жергілікті жерлердегі халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың өтініштерін қабылдау.
 «Біз еліміздің барлық аймағын қамтуды жоспарлап отырмыз, әсіресе, партияның облыстық филиалына келуге мүмкіндігі бола бермейтін шалғай ауылдарға ерекше назар аудармыз. Мұндай сапарлар тұрғындардың өтініштеріне ден қою үшін ғана емес, сонымен қатар ауылдық жерлердегі жылдарға созылып келе жатқан проблемалардың шешімін табуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті ол.
   width= Мәселен, Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Есет батыр ауылының тұрғыны Әбдірайым Сәрсенбаев электрмен жабдықтау желілерінің тозығы жеткеніне алға тартты. «Электр желілерін күрделі жөндеуден өткізіп, жаңа сымдар тарту қажет. Мамандардың айтуынша, біздегі электр желілерінің 75%-ның тозығы жеткен. Ауыл-аймақ деңгейінде бұл мәселенің шешімі табылмады. Енді AMANAT партиясының қолдауымен осы мәселе оң шешімін табады деп үміттенеміз», - деді зейнеткер. Ал Гүлсім Жаханова ауыл көшелерін жарықтандыру мәселесін көтерді. Оның айтуынша, бүгінде ауылдағы 13 көшенің үшеуінде ғана жарық бар. «Аудандық бюджет қаражаты есебінен кентте 1 млн теңгеге Көкпай көшесі жарықтандырылып, 1,4 млн теңгеге Ақарық көшесіндегі жарықтандыру желілері жаңартылды. Жақын арада демеушілердің қолдауымен Ақарық көшесінде 25 бағана, Әбішов көшесінде 20 бағана орнатылады», – деді Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Шәменов. Көшпелі қабылдау барысында аманаттықтар денсаулығына байланысты өзі келе алмаған І топтағы мүгедек Жартай Ешмахановтың үйіне барды.
«Осылай шалғай ауылдарды аралап, тұрғындарының талап-тілектерін тыңдап, жағдайды өз көзімен көруге келіп отырған партия өкілдеріне алғыс айтамын. Мен сияқты үйге кіріп-шығудың өзі мұң болып отырған адамдар үшін, мұндай кездесулерді мүмкіндігінше жиі ұйымдастырған жөн. Қызымды жұмысқа орналастыруға қатысты көмек сұрадым, мәселе шешілді. Олар әлеуметтік тұрғыда өзіме де жан-жақты көмек қолын созып келеді», - деді ол.
   width= Ал Қазалы ауданы, Бекарыстан би ауылының тұрғындары қосымша су ұңғымаларын бұрғылау қажеттігін айтты. Айтуларынша, олар тіршілік нәрін әлі күнге дейін 30-40 жыл болған 7-8 су көзінен алып келеді. Жалпы аманаттықтар Қызылорда облысына қарасты Есет батыр, Іңкәрдария, Қандөз, Жөлек, Бекарыстан би сияқты 5 ауылға барды. Тұрғындарды ауыл ішіндегі көшелерді жөндеу, жайылымдық жерлерді кеңейту, ауыз су және суармалы су, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін несиелендіру сияқты мәселелер толғандырады.    width= Осы күні AMANAT мобильді бригадалары Павлодар облысындағы шалғай елдімекендердің тұрғындарын да қабылдады. Партиялықтар Шідерті, Төртқұдық, Ивановка, Тереңкөл, Жаңа жұлдыз, Алакөл ауылдарында болды. Шідерті ауылының тұрғыны Марат Мәкенов осындағы Қаныш Сәтпаев атындағы су арнасының құрылысын жаңалап беруге қатысты өтініш білдірді. «Су арнасы 1974 жылдан бері жұмыс істейді, осы уақыт аралығында қайта жөндеуден өтпеген. Тұрғындарды таза сумен қамтамасыз ету үшін қызметкерлер өз күштерімен үздіксіз жұмыс атқарып келеді. Заманауи құрылғыларды орнату үшін айтарлықтай қаражат қажет. Тағы бір мәселе – арнаның қауіпсіздігі. Өйткені бұл –  ерекше қорғаудағы нысан. Ішкі істер министрлігінен комиссия келіп, қоршаудың 2,5 метрден кем болмауын, сондай-ақ, бекеттер толығымен жарықтандырылуы керектігін айтып бірнеше рет айыппұл салған. Ал біздің есебіміз бойынша мұның барлығына бюджеттен 5 млрд теңге бөлінуі тиіс», – деді Марат Мәкенов. Айта кетсек, бұған дейін мобильді қоғамдық қабылдаулар Ақмола және Қарағанды облыстарына барды. Сол кезде шалғайдағы 10 ауылдың 100-ге жуық тұрғыны түйткілді проблемаларын ортаға салды. Бұл сумен қамту, интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету, жол салу, жаңа балабақшалар мен мектептер ашу және тағы басқа мәселелер. Еске сала кетейік, тұрғындар өздерін мазалаған мәселелері бойынша AMANAT партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласуына болады:
  1. Call-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін);
  2. WhatsАpp: 8 700 800 4441
  3. E-mail: komek@amanatpartiasy.kz
Қабылдауға жазылу кездесу өткізілетін күнге дейін кемінде 3 күнтізбелік күн бұрын жүзеге асырылады.

Сонымен бірге партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің базасында отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша «111 шұғыл қызметі» арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді.