Жезқазғандағы АК-159/25 түзеу мекемесінде адам өлтіргені үшін қамауда отырған жазасын өтеуші колония қызметкеріне шабуыл жасаған. Оқиға былтыр қазан айында болған. Жазасын өтеуші камераға бір блок темекі алып кірмек болған. Бақылаушы темекі шегуге арнайы орын бар екені ескертілгенімен, ол ішкі тәртіпті жақсы біліп тұрса да, оған құлақ асқысы келмеген. Керісінше, оған жұдырық ала жүгіріпті. Сондай-ақ әріптесіне көмекке келген екінші қызметкер де соққыға жығылған. Әйтсе де, колония қызметкерлері жазасын өтеушіні сабасына түсіріп, оның қолын қайырып, кісен салған. Оған ҚК 429-бабы 2-бөлімі «Мекеме қызметкеріне күш қолдану қатерін төндіру» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жезқазған қалалық соты әлгі жазасын өтеушіні кінәлі деп танып, үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Бұған дейінгі қылмысы үшін белгіленген жаза мерзімінің аяқталуына 2 жыл қалған сотталушы енді 5 жыл отырмақ.