Қағаз неге тапшы?

Қағаз неге тапшы?

Еліміздегі кейбір кеңсе тауарлары дүкендерінің сөресінен А4 форматты қағаз жоғалып кетті. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі оның себебін анықтап жатыр. Жалпы, 2021 жылы қазақ­стандық кәсіпорындар осы қағаздың 600 мың қаптамасын шығарыпты. Бұдан бөлек, өткен жылы ішкі нарықта пайдалану үшін Қазақ­станға А4 форматындағы кеңсе қағазының 20,4 млн қаптамасы (жалпы салмағы 51 мың тонна) жеткізілді. Оның ішінде басым көпшілігі немесе 61%-ы (31,3 мың тоннасы) – Ресейден, 30%-ы (15,1 мың тоннасы) – Түркиядан, 8%-ы (4 мың тоннасы) Қытайдан тасылған. 2021 жылдың қорытындысында, А4 қаптамасының орташа көтерме бағасы 1,5 мың теңгені құрады. 2022 жылғы наурызға қарай бағалар орта есеппен бір мың теңгеге немесе 67%-ға өсті. Қазір ірі жеткізушілер кеңсе қағазының 1 қаптамасын 3 мың теңге көтерме бағамен саудалайды. Министрліктің дерегінше, бұл қымбатшылыққа Батыс Еуропадан қағаз шикізатын ағартуға арналған реагенттерді жеткізудегі іркілістер ықпал етуде. Сондай-ақ Ресейде кеңсе қағазын өндіру көлемі құлдырады. Солтүстік көрші бүгінде қоңыр түсті қағаз шығаруға көшіп жатыр. Қазақстанда кеңсеге арналған дайын қағазды кесу және ораумен айналысатын 2 зауыт жұмыс істейді. Өткен жылы осы кәсіпорындар 600 мың А4 қағаз бумасын өндірген, бұл ішкі нарықтағы барлық тұтыну көлемінің 5%-ын ғана құрайды. «Негізі, Qagaz Ordasy ЖШС жылына 3 млн бума, ал Goida.kz 3,6 млн А4 кеңсе қағазын шығаратын өндірістік қуатқа ие. Кесуге және буып-түюге арналған қағаз орамдары түріндегі шикізаттың негізгі бөлігі Ресей мен Финляндияда өндіріледі. Алайда ресейлік зауыттар қазақстандық компанияларға қағаз орамдарын тікелей сатпай, оларды Қазақстандағы өз өкілдері – «Литан» ЖШС және «Резервснаб Плюс» арқылы ғана саудалайды. Сәйкесінше, сауда-саттықты шектеп отыр», – деп түсініктеме берді Индустрия министрлігі.