Алматының агломерациялық ахуалының әңгіме болып келе жатқанына да біраз жыл болып қалды. Қаланың бас жоспары да неше рет өзгерді. Себебі біреу-ақ. Мегаполистің соңғы жылдары асқан жылдамдықпен қарқын алып келе жатқан урбанизациямен ұдайы бетпе-бет келіп отыруы. Осы мәселені шешудің бірден-бір жолы ретінде бірнеше жыл бұрын Алматы мен Қапшағай қалалары арасында төрт серіктес қала салу мәселесі көтерілген болатын. Төрт бірдей спутник қаланың орналасатын жер аумағы Алматы облысына тиесілі. Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елімізде жаңадан үш облыс құрылатынын айтты. Соның бірі – қазіргі Алматы облысын екіге бөліп, қайта құру. Алдағы екі айдың ішінде барлық тиісті құжат реттеліп болған соң Алматы облысының аумағы Алматы және Жетісу облыстары болып, жеке шаңырақ көтермек. Облыс бөлінер-ау, 4 спутник қаланың жайы не болмақ? Әрі қарай жоба жалғасын таба ма? Аймақ екіге бөлінген соң бұл қалалардың құрылысы мен болашағына тікелей кім иелік етпек? 2007 жылдары ел Үкіметі Алматының қасынан төрт серiктес қала салу жоспарын көпшілікке таныстырған. Болашақта салынады деген төрт спутник шаһарға Gate City – iскерлiк және қаржы орталығы, Golden City – мәдениет және бiлiм орталығы, Growing City – өнеркәсiп және логистикалық орталық, Gereen City туризм және демалыс орталығы деп атау да беріп қойған. Ол сол кездегі 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасына да енгізілген болатын. Төрт қаланы салуға оңтүстіккореялық құрылыс компаниясымен келісімшарт та жасалған. Бірінші серіктес қала бес жыл ішінде бітсе, қалғаны жалпы мерзімі 15 жылда аяқталады деп күтілген. Содан бері де бірнеше жыл өтті. Әзірге бой көтерген қала, қоныстойын тойлаған тұрғын жоқ. Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, аталған серіктес қалаларды салу жоспары әлі де өз күшінде. Бірақ алғашқы қаланың құрылысын аяқтау 2031 жылға дейін шегерілген. Ендігі мәселе Алматы облысының аумағы жақында екіге бөлінген соң жоспардағы шағын қалалардың тағдыры қалай болмақ? Көкейдегі сауалға жауап алу мақсатында Алматы облыстық әкімдігіне хабарластық. «Негізінен, 4 спутник қала салу жобасы күн тәртібінен түскен жоқ. Оның алғашқы қадамдары да жасалған. Мәселен, бірінші қаланың алғашқы 4 тұрғын үйінің құрылысы жүріп жатыр. Қажетті инфрақұрылымдар жүргізілген. Ал «облыс екіге бөлінген соң қалай болады?» дегенге келер болсақ, аумақтарды бөлу нормаларына сәйкес, бұл қалалардың аумағы жаңадан құрылып, орталығы Қапшағай қаласы болатын Алматы облысының аумағында қалып қояды. Ары қарайғы жұмыстармен осы жаңа облыс айналысатын шығар», – деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Ербота. Атауы өзгермегенімен, аумағы қайта жасақталатын су жаңа Алматы облысының алдында тұрған кезек күттірмейтін мәселенің бірі де осы болатын шығар. Әу баста бұл 4 қала шетелдік инвесторлардың қаржысымен салынатын болған еді. 2017 жылы сол кездегі Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин жобаға инвестиция тартуға бар жағдай жасалғанын, қажетті көлік, инженерлік инфрақұрылымдардың дайын екенін жеткізген. Сонымен қатар ол «инвесторлармен белсенді жұмыс істеу қажет. Тікелей инвестицияларды қамтамасыз етуіміз керек» дегенді де айтқан. Қалай болғанда да, жаңа төрт серіктес шаһар ертелі-кеш салынатын сияқты. Ал ол қалалардың тамырына қан жүгірту – о бастағы жоспарға сай Іскерлiк – қаржы, мәдениет – бiлiм, өнеркәсiп пен логистикалық қызмет және туризм мен демалыс орталығына айналдыру шаруасы жаңадан қайта жасақталатын Алматы облысының мойнына тікелей артылатын сыңайлы.
Алматы