Футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан кубогында ірі есеп тіркелді. А тобында бақ сынайтын еліміздегі ең беделді клуб «БИІК-Шымкент» топтың аутсайдері саналған «Қызылорда» командасының тас-талқанын шығарды. Бір қызығы, ойында соғылған 22 голдың бәрі бір қақпаға енді. Бірінші таймда теңбіл снаряд – 14, екінші таймда 8 рет торда тулады. Гүлнара Габелия – 7, Светлана Бортникова – 8, Екатерина Бабшук, Ксения Хайрулина, Алина Литвиненко қос допты өз еншілеріне жазды. Ал Мария Демидова бір голдың авторы атанды. Мұның алдында осы топта өнер көрсететін шымкенттік «СДЮСШОР 17» командасы да алғашқы ойында Сыр елінің атынан сынға түсіп жүрген клубты 11:1 есебімен жеңген. Енді, міне қызылордалықтар тағы да ойсырай жеңілді. Бұл жолы ел чемпиондары жасыл алаңда қарсыластарына көсіле шабуға еш мүмкіндік берген жоқ. Жалпы, бірнеше жылдан бері футболдан әйелдер арасындағы Қазақстан біріншілігінде, кубоктық ойындарда «БИІК-Шымкентке» тең келер клуб табылмай тұр. Өйткені өзге клубтардың жағдайы мәз емес. Айтпақшы, бұған дейін «БИІК-Қазығұрт» болған шымкенттік клуб былтырдан бастап атауын «БИІК-Шымкент» деп өзгертті. Он жыл жаттықтырған бапкерін де ауыстырды. Бірқатар көшбасшы ойыншысы да командадан кетті. Бірақ бұл өзгерістер команданың жылдағыдай үздік нәтиже көрсетуіне кедергі келтіре қоймады. Мұны команданың Қазақстан біріншілігі мен Қазақстан кубогы аясындағы ойындарда көрсеткен үздік көрсеткішінен білуге болады. Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасының баспасөз хатшысы Сейіл Қожатай Қазақстан кубогында қос клуб арасында ірі есеп тіркелетінін матч басталмай тұрып күткенін айтады. – Негізі, әйелдер футболында ірі есеп жиі тіркеледі. Оған жанкүйерлердің де көзі әбден үйренген. Бірақ бәрібір ерлер футболымен салыстырғанда әйелдер футболында тіркелетін есептер бізге нонсенс болып көрінеді. Түптеп келгенде мұны таңғаларлық есеп деуге келмейді. Себебі «БИІК-Шымкент» – Қазақстандағы ең үздік клуб. Футболдан әйелдер арасында Қазақстан чемпионатының әр маусымын жеңіп жүрген команда. Елімізде оларға тең келер ешкім жоқ. «БИІК»-тің Еуропа клубтары арасында да өзіндік орны бар. Жыл сайын Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде еліміздің намысын абыроймен қорғап жүр. Сондықтан олардың 22 гол соққанына таңырқаудың еш қажеті жоқ. Оның үстіне, екі команданың деңгейі екі бөлек. Мысалы, «БИІК-Шымкентте» ойнайтын аяқдопшылардың басым бөлігі Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері. Ал Қызылорда командасында өнер көрсететін футболшылардың көпшілігі жас қыздар. Тәжірибелері аз. Тіпті, кейбіреуі футболдың ережесін толық білмейді. Осындай екі деңгейдің ойыншылары бір-біріне қарсылас атанған соң ірі есеп тіркелуі заңдылық, – дейді ол. Сейіл Қожатай сонымен қатар «БИІК-Шымкенттің» президенті Бауыржан Абдубаитов клубқа жақсы қаржы бөліп, жаттығу базасын салып, шетелден мықты легионерлер шақыртып, клубтың деңгейін көтергенін айтты. – Бұл клубта жыл сайын үздік шетелдік аяқдопшылар команда сапын толықтырып отырады. Әйелдер футболында үздік саналатын АҚШ құрамасының футболшысы да шымкенттік командада доп тепті. Одан өзге де мықты ойыншылар клубтың жейдесінде өнер көрсетті. Шымкенттік клубтың Еуропадағы жетістігінің арқасында еліміздің атынан бір емес, екі бірдей команда Чемпиондар лигасында бақ сынауға мүмкіндік алды. Өткен жылы «Оқжетпес» пен «БИІК-Шымкент» бақ сынады. Бірақ екі клубымыз да топтық кезеңге өте алмаған. Биыл тағы да екі командамыз қатысады. Өкініштісі, әйелдер футболында даму баяу жүріп жатыр. Көп команда жабылып қалды. Бұрын «Алматы ҚТЖ» деген мықты клуб болған. Солар «БИІК»-ке жақсы қарсылық танытатын. Кейін жабылып қалды. Үздік көрсеткіш көрсетіп келе жатқан тағы бір астаналық клуб та таяуда банкрот болды. Қазір «Оқжетпес» пен «Томирис-Тұранның» көрсеткіші жаман емес. Бірақ олар шымкенттік клубқа бәсекелес бола алмайды, – дейді Сейіл. «Шымқала» футбол лигасының баспасөз хатшысы, футбол комментаторы Толқын Бәкірқожаев Қазақстан чемпионатының флагманы саналатын «БИІК-Шымкенттің» шығар биігі әлі алда деп есептейді. Әсіресе, әйелдер арасында Қазақстан футболында тек бір команда нәтиже көрсетіп жүргенін, өзге клубтардың оған шамасы жетпейтінін айтады. – «БИІК-Шымкенттің» қаржысы ішкі біріншіліктегі бес клубтан жоғары. Әрі еліміздегі танымал футбол клубы жас футболшыларды тәрбиелеуде көп жұмыс атқарып келеді. Үздік жаттығу базасымен де ерекшеленіп, спорттық инфрақұрылымы бойынша баршаға үлгі болуда. Содан да болар, жыл сайын чемпионатта қарсылас шақ келтірмей, Еуропаның клубтарымен де терезесі тең ойын өрнегін көрсетіп жүр. Бір кездері Чемпиондар лигасы аясында өткен ойында әйгілі «Барселонаның» өзін 3:1 есебімен жеңгені бар. Ол аз десеңіз, Нидерландтың «Аяксын», Италияның «Веронасын», Шотландия мықтысы «Глазго Ситиді», Португалияның «Спортингін» және өзге де танымал клубтарды жеңіп, мықтылығын талай рет дәлелдеді. Қазақстан чемпионы бірнеше рет Чемпиондар лигасының 1/16 финалына дейін жетті, үш рет 1/8 финалға шықты. Әзірге шымкенттік клуб үшін кәрі құрлықтағы ең беделді турнирлердің бірі Чемпиондар лигасының 1/4 финалы бағынбайтын белес болып тұр. Алайда алдағы уақытта шымкенттік клубтың үздік төрттіктің арасында бақ сынайтынына сенемін, – дейді ол. Ішкі біріншілікте «БИІК-Шымкенттен» бөлек тағы 5 команда бақ сынайды. Олар – «Томирис-Тұран», «Жас-Сұңқар», «Оқжетпес», «СДЮСШОР 17» және «Қызылорда» командалары. Ал 2009 жылы құрылған «Биік-Шымкент» – Қазақстанның 10 дүркін чемпионы, Қазақстан кубогын 11 рет жеңген. Еуропаның клубтар арасындағы рейтингісінде 17-орынға жайғасқан. Яғни, әлемнің 20 үздік клубының қатарына кіреді. Бірқатар еуропалық клубтан турнирлік кестеде жоғары тұр. UEFA рейтингінде әйелдер арасындағы клубтық рейтингіде 127 команда бар екенін ескерсек, бұл – үздік көрсеткіш. Мұндай жетістікке отандық команда жыл сайынғы Чемпиондар лигасындағы сәтті ойындарының арқасында қол жеткізіп отыр. Айтпақшы, былтыр шымкенттік клуб 14-орында болған. Биыл үш саты төмен сырғыды. Бір нәрсені мойындауымыз керек, негізі «БИІК»-тің биікке көтерілуіне Калоян Петков үлкен еңбек сіңірді. Болгариялық бапкердің тұсында клуб айтарлықтай жетістікке жетті. Биыл сол мақтаулы Петков литвалық клубтың тізгінін ұстады. Оның орнына бразилиялық Лукас тағайындалды. Енді жанкүйерлер аталған маманнан көп үміт күтеді. Әзірге жаңа бапкердің жасақтаған командасы жылдағы үрдісінен жаңыла қойған жоқ. Осы жылы да «БИІК-Шымкент» Қазақстан кубогында 22 гол соғып, көптің талқысына түсті. Әзірге ел біріншілігінде «БИІК-Шымкенттің» бәсі бәрінен жоғары. Бірақ бұл есеп команданың мықтылығын көрсетпейді. Нағыз сыналар шақ алдағы Чемпиондар лигасындағы маңызды кездесулер болмақ. Сол кезде жаңа бапкердің әуселесін байқаймыз.