«БИІК-Қазығұрттың» шоқтығы биік
«БИІК-Қазығұрттың» шоқтығы биік

Футзалдан «Қайрат» әлем­де үздік клубтардың бірі са­налса, футболдан әйелдер ара­сында «БИІК-Қазығұрттың» орны бөлек. Бұл да аяқдоп­тағы жарқын жетістіктеріміздің бірі.

2009 жылы құрылған «Биік-Қазы­ғұрт» – Қазақстанның 16 дүр­кін чемпионы, Қазақстан кубогын 10 рет жеңген азулы команда. Еуропаның клубтар арасындағы рей­тингісінде 14-орынға жайғас­қан. Яғни, әлемнің 15 үздік клу­бының қатарына кіреді. Бұл же­тістікке отандық команда жыл сайынғы Чемпиондар лигасындағы сәтті ойындарының арқасында қол жеткізді. Еліміздегі танымал футбол клу­бы жас футболшыларды тәрбие­леуде де көп жұмыс атқарып келеді. Үздік жаттығу базасымен де ерек­ше­леніп, спорттық инфра­құрылымы бойынша көпке үлгі болуда. Содан да болар, жыл сайын чемпионатта қарсылас шақ келтірмей, Еуропаның клубтары­мен де терезесі тең ойын көрсетіп жүр. Соңғы жылдары еуро­кубоктық ойындарда жоғары нә­тижеге қол жеткізген «БИІК-Қазы­ғұрт» биыл іріктеу кезеңіне қатыс­пай, Чем­пиондар лигасын бірден 1/16 фи­налдан бастады. Бұл кезең­де украиналық «Жилстрой-2» клу­бын екі ойын қорытындысы бо­йынша (1:0, 1:2) жарыс жолынан шығарған шымкенттік команданың қыз­дарын алда үлкен сынақ күтіп тұр. Жақында әйелдер арасындағы UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 фи­налының жеребесі тартылды. Тур­нирдің аталған сатысында Шым­кент­тің «БИІК-Қазығұрт» коман­да­сына Германияның «Бавариясы» қарсылас атанды.   Неміс футбол­шы­лары бұл сынның 1/8 финалын­да Нидерландтың «Аяксын» екі ойын қорытындысы бойынша 6:1 есебімен сүріндірді. Қарсыластың қаншалықты қарымды екенін осы ойынына қарап-ақ бағамдай беруге болады. Алғашқы кездесу нарыз­дың 3-4 аралығында Қазақстанда өтеді. Ал қарымта матч 10 немесе 11 наурыз күні Германияда өтетін болды. «Баварияның» осы кезеңде бір жыл бұрын «БИІК-Қазығұртты» екі ойын қорытындысы бойынша ірі есеппен жеңгені бар. Бұл жолы да қыздарымыз намысқа тырысып көреді. Тым болмағанда өз алаңын­да жеңіске жете алса, оның өзі қа­зақ­стандық клуб үшін үлкен жетіс­тік болмақ. Бірақ атағы алысқа кеткен немістің қыздарын жеңу кім-кімге де оңайға түспесі анық. Әйгілі «Барселонаның» өзін ал­ғашқы ойында 3:1 есебімен жеңген жерлестеріміз, қайсарлық танытып қос ойын нәтижесі бойынша «Ба­вариядан» айласын асырар болса, қазақстандық клуб өз тарихында бірінші рет ширек финалға жол­дама алады. Алайда оған сенетіндер қатары аз. Спорт журналисі Мадияр Қазы­бек те қарсылас команданың «оңай шағыла қояр жаңғақ емесін» айтып қалды. «Биіктің» сырт алаң тұрмақ, өз алаңында гол соғуының өзі қиын болатынын да жасырмады. – Шабысы бөлек командамыз осы жылы тағы да әйелдер арасын­дағы UEFA Чемпиондар лигасында өнер көрсетеді. Әрине, бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Қыздары­мыз­дың еуропаның алпауыт команда­ларымен бірге ойнап жүргені Қазақ­станның атын да әлемге әйгі­лей­ді. Бірақ осы жылы коман­да­мыздың ойынына көңілім то­лың­­қырамады. Мүмкін, каран­тин­нің де әсері болған шығар. 1/16-да Украиналық клубтың өзін үлкен қиындықпен жеңді. Осы жолы немістің «Бавариясы» қарсылас атан­ды. Олардың жолы өткен жылы да біздің қыздармен түйіскен еді. Нәтижесінде, ірі есеппен жең­ді. Әлемдік рейтингте жоғарғы орын­да тұрған «Бавария» біраз жетіс­тікке жеткен команда. Тарихы да терең клуб. Сондықтан бұл сын­да командамыздың келесі кезеңге өтуге мүмкіндігі бар деп айта ал­май­мын, – дейді Мадияр Қазыбек. Жалпы, Қазақстан чемпионы аталған турнирдің 1/8 финалында үш рет өнер көрсетіп, ел футболы­ның тарихына енді. Мұның өзі жетістік. Қыздарымыз 2016/17 жыл­ғы кезеңде Францияның ПСЖ коман­дасына,  2017/2018 жылғы ке­зеңде «Лион» командасына, 2019/20 жылғы кезеңде биылғы қар­­сы­ласы «Баварияға» жол берді. Әзірге Колеян Петков жаттық­тыратын шымкенттік клуб үшін кәрі құрлықтағы ең беделді тур­нир­лердің бірі Чемпиондар лигасының 1/4 финалы бағынбайтын белес болып тұр. Төртінші ұмтылыста төбемізді көкке жеткізіп жатса, қанеки. Бәлкім, бұл жолы жолымыз болар. Сәттілік жолдас болсын дейміз. Қалай дегенмен де, ел мерейін әлемдік аренада асқақ­татып жүрген «Биіктің» шығар биігі алда.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ