Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өңір тұрғындарымен кездесуді жабық кеңседе ғана емес, ауыл-ауылды аралап, ел жағдайын өз көзімен көре отыра жүргізді. Осы уақытқа дейін облысқа қарасты бірнеше қала мен ауданды аралап шықты. Бұқар жырау ауданында болған кездесуде ауыл тұрғындары әлеуметтік мәселелерден бастап мал ұрлығына дейін көптеген мәселені көтерді. Аймақ басшысы тұрғындармен келесі кездесуін Бұқар жырау ауданында өткізді. Жеңіс Қасымбек Қызылжар, Ростовка ауылдарына барды. Қызылжарда 800-ден астам адам тұрады. Фельдшерлік пункт пен фельдшер жұмыс істейді. Бірақ 1964 жылы салынған ғимарат көптен бері күрделі жөндеуді қажет етеді. Облыс әкімі «биыл жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы басталады» деп ауыл тұрғындарын бір қуантып тастады. Ауыл тұрғындары спорт залын да қалпына келтіруді сұрады. Өйткені ұзақ уақыт бойы бос тұрған ғимарат құрылыс материалдары үшін жартылай бұзылған. Жеңіс Қасымбек жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге конкурс жарияланғанын хабарлады. Аудан басшылығына облыс әкімі ғимаратты тезірек жөндеуді тапсырды. – Бала кезімнен осы ауылда тұрамын. Күреспен айналысамын. Бұрын бұл жаттығу залына барып жаттығушы едім. Осы жерден талай чемпион өсіп шықты. Қазір ауылда спорт залы жоқ – балалармен күреспен айналысатын жер жоқ. Бұл ғимарат қалпына келтіріледі деген үміттеміз және облыс әкімінің бізге ұсынған шешіміне көңіліміз толды, – дейді Қызылжар қаласының тұрғыны Амангелді Есенғали. Ал Ростовкада Жеңіс Қасымбекке ауыл жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны туралы айтылды. Оның бір бөлігі былтыр ретке келтірілсе, биыл қалған көшелерге асфальт төселмек. Тұрғындар өз кезегінде мектеп-интернатта педагогикалық кадрлардың жетіспейтінін, сондай-ақ ғимараттың күрделі жөндеу жұмыстарының сапасына шағымданды. Жеңіс Қасымбек мердігердің жұмысын бағалайтын комиссия құруды тапсырды. Компания кепілдік бойынша барлық ақауды жөндейді. Сонымен қатар Бұқар жырау өңіріндегі өткір мәселе – мал жаюға арналған жайылымдық жер жоқ. Облыс әкімі жер заңнамасы аясында бұл мәселе шешіліп, Президент тапсырмасы бойынша пайдаланылмай жатқан жер ауыл тұрғындарының пайдалануына беру үшін мемлекет меншігіне алынатынын жеткізді. Ботақара мәдениет үйінде өткен кездесуге аудан орталығының ғана емес, басқа да ауылдардың тұрғындары жиналды. Кездесуге келгендердің әрқайсысы өз сұрақтарын қойды. Мысалы, Доскей ауылынан келгендер электр желілерінің жағдайына шағымданды. Бұл мәселенің шешілуі монополистің инвестициялық бағдарламаны іске асыруына тікелей байланысты. Қушоқы тұрғындары ДСК салып беруді сұрады. Басқа ауылдарда да спортпен шұғылданатын орындар жетіспейді. Аудан әкімі Сержан Аймақовтың айтуынша, биыл 17 елді мекенде жаңа спорт нысандары ашылады, онда көпфункционалды хоккей корттарын, шағын футбол алаңдарын, Workout көше алаңдарын орнату жоспарланған. ДСК Ботақара кентінде, Ғ.Мұстафин ауылында салынады деп көзделіп отыр. Қушоқы үшін де жоба әзірленбек. Ғ.Мұстафин кентінде көпірді жөндеу мәселесі бірнеше жыл бойы шешілмеген. Биыл бюджеттен қаражат бөлініп, жұмыстар басталады. Ауыл клубын жөндеу, физиотерапия кабинетін жабдықтау, мектепке жапсарлас ғимарат салу – бұл ауыл тұрғындарының өтініші. Көптеген сұраққа облыс және аудан әкімі бірден жауап берді. Кейбіреулеріне бір апта ішінде жазбаша жауап беріледі. – Жалпы, Бұқар жырау ауданы дамып келеді, оң динамика бар. Бұл – жаңа үйлер мен жаңартылған жолдар. Доскей ауылында бес қабатты екі үйге күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып қалды, сондай-ақ облыстық басқармалар есебінен тағы үш үй қалпына келтіріледі. Ауданда «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының арқасында ауылдардың инфрақұрылымы жақсарып келеді, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. – Бірақ шешілмеген мәселер аз емес. Осы кездесудің қорытындысы бойынша сіздер айтқан ұсыныстар мен ескертулерді ескере отырып, іс-шаралар жоспары әзірленетін болады. Келесі кездесуде не істелгені туралы есеп береміз. Есеп беру кездесуінің жаңа форматы Бұқар жырау ауданының халқына ұнады. – Бүгін жерлестерімнің проблемалары туралы айтып бердім. Әкімнің есебіне бірінші рет келіп отырған жоқпын. Осындай кездесулер көп болуы керек. Еш жалтақсыз, ашық диалог болды. Біздің мәселелеріміз шешіледі деп үміттенеміз. Халыққа жақын болу – бұл өте жақсы. Мұндай кездесулер билікке деген сенімді арттырады, – деді Ботақара кентінің тұрғыны Раушан Сағандықова. Кездесуден кейін облыс әкімі жеке мәселелер бойынша да қабылдау өткізді.
Қарағанды облысы