Түркістанда мәслихат хатшыларының республикалық кеңесі өтті
Түркістанда мәслихат хатшыларының республикалық кеңесі өтті
204
оқылды

Түркістан қаласында «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесінің отырысы өтті.

«Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігі және Түркістан облыстық мәслихаты ұйымдастырған жиында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауы талқыланды.  Жиынды жүргізген «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеубек Мұқашев «Жаңа Қазақстанды бірге өркендетейік!» деген бірлестіктің үндеуін жариялады. – Қазір әлемде түрлі геосаяси жағдайлар орын алып, қырғи-қабақ қатынастар кезеңін бастан өткерген уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдің саяси-экономикалық жүйесіне түбегейлі реформалар енгізу арқылы болашағы жарқын, келешегі кемел ел құруда ізгі істі қолға алды. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауын жолдап, «Біздің мұратымыз – Жаңа Қазақстан құру. Жаңа Қазақстан дегеніміз – егемен еліміздің болашақтағы айнасы», – деп халықты ұлы мақсатқа бірігуге шақырды. Президенттің Жолдауында айтылған экономикалық өсімді қалпына келтіру, халықтың әл-ауқатын арттыру, құқық қорғау жүйесін жаңғырту, саяси реформаларды іске асыру, өнеркәсіптік әлеуетімізді толық пайдалану, елдің дамуының тұтас стратегиясын белгілеу сынды жасампаз жаңалықтар, орасан зор реформалар бәрімізге жоғары жауапкершілік жүктейді. Ынтымағымызды, бірлігімізді, татулығымыз бен тұрақтылығымызды көздің қарашығындай қастерлеп, жұмыла жұмыс жүргізгенде ғана алға қойған мақсаттарға қол жеткіземіз, – деді ол өз сөзінде. Сонымен қатар жиынға қатысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мемлекет басшысы тарапынан өңірге жақсы көңіл бөлініп жатқанын, Түркістан – бірлік пен татулықтың орталығы ретінде дамитынын айтты. Ел бірлігін нығайтуда Түркістан тәжірибесі жоғары бағаланғанын атап, облыстың даму барысымен таныстырды. Одан басқа кездесуге облыстар мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мәслихаттарының хатшылары, депутаттар, Түркістан облысы қалалары мен аудандары мәслихаттарының хатшылары қатысты.