Қазақстанда ауа сапасының нашарлығынан нақты қанша адамның зардап шеккені, ауру-сырқау болғаны туралы дерек жоқ. Дегенмен тәуелсіз сарапшылардың айтуынша, ауаның, судың және топырақтың ластануы салдарынан кейбір аймақтарда аллергия, онкология, тыныс жолдары және жүрек-қан тамырлары аурулары 40 пайызға артқан. Қазақстанда Кеңес одағы заманынан қордаланып қалған және жаңадан туындап жатқан экологиялық проблемалар аз емес. Соның ең қауіптісі – ауада түзіліп қалған радиоактивті қалдықтар. Қазақ даласында қырық жыл бойы ядролық қарудың сыналуы із-түзсіз кеткен жоқ. Соның кесірінен полигонға жақын аймақтарда өмір сүретін халықтың арасында әлі күнге дейін онкологиялық дерт асқынып тұр. Екінші қасірет – Аралдың тартылуы. Оған негізінен көрші мемлекеттің Сырдария мен Әмудариядан шамадан тыс су алуы себеп болған. Бұл өз кезегінде тағы бір проблеманы тудырды: жел эрозиясы күшейіп, топырақтың құнары қашты, сөйтіп көпшілік жерлер ештеңе өнбейтін сортаңға айналды. Сондай-ақ газ-мұнай өндірісінің әсерінен Каспий теңізінің экожүйесі зақымданып, ол да экологиялық зардаптарға ұрындырғалы тұр. Одан бөлек, республика аумағында тіркелген 3,9 млн автомобильдің 2,5 миллионы (64%) 10 жыл және одан да көп уақыт қолданыста болғандықтан, қоршаған ортаға көлік құралдарынан келетін зиян өз алдына бір төбе. Осы түрлі залалдар Қазақстанды әлемдегі экологиялық жағдай ушыққан мемлекеттің біріне айналдырды.
Қазақстан қалаларының ауасы неге лас?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауаның ластануынан әлемде жыл сайын 7 миллионнан астам адамның мезгілсіз қайтыс болатынын, өлім-жітімнің 70 % Орталық және Оңтүстік Азияға тиесілі екенін мәлімдеді. Бірақ оның ішінде Қазақстанның үлесі қандай екені белгісіз. Дегенмен швейцариялық IQAir бақылау тобының 2021 жылғы ауаның ластануы бойынша рейтингісінде біздің ел әлемде 23-орында тұр. «Қара тізімнің» басында, 1-орында – Бангладеш, 2-орында – Чад, 3-орында – Пәкістан. Алғашқы ондыққа Тәжікстан, Үндістан, Оман, Қырғыз Республикасы, Бахрейн, Ирак және Непал енген. Ең ластанған астаналар рейтингінде Нұр-Сұлтан 35-орында орналасқан. Айта кетейік, 2020 жылы атмосфераға шығарылатын зиянды заттар мөлшері 2019 жылмен салыстырғанда 84 %-ға төмендеді. Оған пандемияға байланысты карантин шектеулерінің септігі тиді. Алайда 2021 жылы экономикалық белсенділік қайтадан жандана бастағанда қоршаған ортаға келетін зардап бұрынғысынша үдей түсті. Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфукар Жолдасовтың айтуынша, 2021 жылы өндірістен ауаға тарайтын зиянды тозаңдардың көлемі 2,4 миллион тонна болды. Бұл көрсеткіш жыл сайын орташа алғанда 100 мың тоннаға ұлғайып отырады. Егер осы қалпымен кете беретін болса, онда 2030 жылға қарай зиянды шығарындылардың көлемі 3,6 млн тоннаға жетуі мүмкін. Сондай-ақ 4,2 миллион тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдықтар түзілген. Ал қолданыстағы 3007 полигонының 80%-ы экологиялық және санитарлық нормаларға сай болмай шыққан. Әсіресе, Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Шымкент қалаларының атмосфералық ауасы қатты ластанған. Кейбір қалаларда ауа сапасының нашарлауы рұқсат етілген нормадан 8-10 есе асып кеткен. «Жалпы, қоршаған ортаны қорғауға қатысты әр өңірдің өзіне тән проблемасы бар. Мәселен, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында ауаның ластануының негізгі себептері – жылу көздері (ЖЭО, қазандықтар), автокөлік және жеке сектор. Өскемен және Теміртау қалаларында – өнеркәсіп. Ал Ақтөбе және Атырау қалаларында кәріз-тазарту құрылыстары ескірген», – дейді З.Жолдасов. Атмосфераны ластаушы элементтердің 79,5%-ы газ тәрізді және сұйық заттар, 20,5 %-ы қатты заттар. Өңірлер бойынша ауаға шығарылған зиян заттардың жартысынан көбі Павлодар (723 мың тонна) мен Қарағанды (627,7 мың тонна) облыстарына тиесілі. Одан кейін зиянды кәсіпорындар Атырау (154), Ақтөбе (135,1), Шығыс Қазақстан (127,2) және Қостанай (123,4 мың тонна) облыстарында тіркелген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Физикалық-химиялық зерттеу және талдау орталығының аға ғылыми қызметкері Айымгүл Керімрай жағдайдың дәл бұлай қалыптасуына республикада отыз жыл бойы экологиялық проблемалардың жүйелі шешілмей келе жатқанын айыптайды: «Қазақстанда экологиялық зерттеулер сирек жүргізіледі, тіпті жүргізілген күннің өзінде оған қаржы аз бөлінеді. Жоғарғы оқу орындарында сала бойынша мамандар даярлау ісі көңілден шықпайды. Ауаны ластаушы нысандарға жеткілікті деңгейде бақылау қойылмайды және оларға қатаң шара қолданылмайды, тағы-тағысын келеңсіздіктер көп»,– дейді эколог. Оның айтуынша, бізде қала ішінде жасыл желек отырғызуды экологиялық шараға жатқызады, бірақ ол абаттандыру ісіне көбірек келетін көрінеді. Ал енді Үкімет тал-дарақ отығызумен бірге қоршаған ортаны ластаушы кәсіпорындардың мұржаларына заманауи сүзгі орнаттыруды міндеттесе, оның ауа сапасының сауығуына септігі анағұрлым көп екенін айтады. Сондай-ақ қалалардың орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету жүйесін көмірден газға көшірмей, бұл істе елеулі жетістіктерге жете қоюымыз неғайбіл. Өйткені Қазақстанда ЖЭО-лар да, жекеменшік үйлер де көмірді көп пайдаланады. Негізінен ауа сапасын бүлдіріп жатқан да солар.Экологияны жақсартатын жобалар керек
Әлбетте, мемлекет ауаны сауықтыру бағытында айтарлықтай шаралар атқарып жатыр. Осы мақсатта 2025 жылға дейін республика бойынша 485 жобаны қамтитын 17 Жол картасы бекітілді. Оларды іске асыру қалалардағы атмосфераның ластану индексін төмендетуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, Алматы қаласында ЖЭО-ны жетілдіру арқылы 2025 жылдың соңына дейін шығарылатын зиянды қалдықтардың мөлшерін 37 мың тоннадан 6 мыңға дейін (83%) қысқарту қарастырылған. Ал Нұр-Сұлтанда кейінгі жылдары ЖЭО – 1,2 су жылыту қазандықтары газға ауыстырылуына байланысты ауаға шығарылатын қалдықтар 20 мың тоннаға дейін (25 %) азайған. Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жаңа электр сүзгілерінің құрылысын бастады, бұл эмиссияны 2025 жылға дейін 31,6%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Теміртау қаласының маңайына 500 мың тал егуді міндетіне алды. Ақтөбе қаласында «Қазхром» ТҰК»АҚ 1 және 2 электр сүзгілерін жетілдіріп жатыр. Қазіргі кезде ферроқорытпа зауытында цехтарды қайта құру жобасын іске асыру басталды. Нәтижесінде, 2022 жылдың соңына қарай шығарындылар 30 %-ға төмендейді деп межеленген. Қазірдің өзінде қаланың кәріз-тазарту құрылғыларында күкіртсутегінің шығарындыларын сүзетін арнайы катализатор қолданылады. Атырау қаласы бойынша АМӨЗ-де мұнай шламдарын сусыздандыру қондырғысы орнатылды. Қаланың сол жағалауындағы күлтөкпені қайта жасақтау аяқталды. Ал 2023 жылы одан басқа тағы бір ескі полигон жаңартылып, 2024 жылы «Квадрат» буландырғыш тоғаны тазартылатын болды. Бұдан бөлек, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы бойынша республиканың 16 ірі өнеркәсіптік объектісі эмиссияны 20%-дан 30 %-ға дейін төмендетуге міндеттеме алды. Ол үшін озық үлгідегі технологиялар енгізілетін болды. Қазірдің өзінде төрт кәсіпорынға 2022 жылға Ұлттық жоспардың нормативтеріне сәйкес эмиссияға рұқсат берілді. Мысалы, Балқаш мыс қорыту зауыты күкірт қышқылы цехының екінші желісін салу арқылы күкірт диоксиді шығарындыларын 2,3 есеге, яғни 61 мың тоннадан 26 тоннаға дейін төмендетпекші.Әкімдерге басымдық берілді
Жаңа Экологиялық кодекске сәйкес кәсіпорындар 2025 жылдан бастап қоршаған ортаға неғұрлым зиян келтірмейтін озық технологияларға көшуі тиіс. Бүгінде ол бойынша технологиялық аудит жүргізіліп жатыр. Екі жыл ішінде ірі 82 компания аудиттен өтіп үлгерді. Бірінші кезекте ауаға зиянды қалдықтарды неғұрлым көп шығаратын ТОП-50 кәсіпорынға залалсыз технологияға енгізілуі тиіс. Олардың қатарында жылу энергетикасының, мұнай-газ саласының және химия өнеркәсібінің нысандары бар. Екінші кезекте I санатты 2,5 мың кәсіпорын белгіленген. Егер кәсіпорындар өндіріске залалсыз технологияны енгізбейтін болса, эмиссия төлемі бірнеше есе қымбаттатылатын болады. Сондай-ақ қала көшелерін автомобиль түтінінен арылту үшін Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында электрмен қуаттандыратын 100 станса салынды. Жыл ішінде облысаралық күрежолдардың бойында тұрған ірі қалаларда электрмен қуаттандыратын тағы 46 жаңа станса орналастыру көзделген. Одан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, республика аумағында 2021-2025 жылдар аралығында 2 млрд ағаш отырғызу жоспарланған. Ал 2021-2030 жылдар аралығында Арал теңізінің құрғаған түбіне, шамамен 1,1 млн га аумаққа сексеуіл отырғызу қарастырылған. Сонымен қатар Қазақстанның 2060 жылға қарай көміртегінен арылу жоспары бар. Көміртектік бейтараптыққа қол жеткізу – көмір энергетикасынан түпкілікті бас тарту дегенді білдірмейді. Көмір генерациясының үлесі сақталады. Тек қоршаған ортаға шығатын зиянды қалдықтар көміртекті ұстау технологиясын (CCUS) енгізу есебінен азайтылатын болады. Сарапшылардың айтуынша, CCUS технологиясын қолдану CO2 шығарындыларын жылу энергетикасында –107,6 Мт-ке, өнеркәсіпте – 13,07 Мт-ке, болат өндірісінде – 60%-ға, алюминий өндірісінде – 35%-ға, цемент өндірісінде 48%-ға қысқартуға мүмкіндік беретін көрінеді. ЭЫДҰ Қазақстанның қоршаған ортаны қорғау шараларына қолдау көрсетуге, әсіресе CCUS жобалары үшін инвестиция салуға әзірлігін білдірді. Бұл бастаманы Азия даму банкі де, Еуропалық қайта құру және даму банкі де қолдады. Ең бастысы, Экологиялық кодексте жергілікті атқарушы биліктің құзыреті анағұрлым кеңейтілген. Әкімдіктер қоршаған ортаны қорғау сапасы бойынша әр бес жыл сайын мақсатты көрсеткіштерді бекітіп тұратын болды. Сондай-ақ әкімдіктер ауа райы бұзылған кезде, тіпті метеорологиялық жағдай нашарлағанда (мысалы, желсіз күні-авт.) көлік құралдарының қалаға кіруіне шектеу қоюға да құқылы. Яғни, әр әкім өз өңіріндегі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына ғана емес, сонымен қатар ауаның сапасына да жауап беретін болды. Ал оның экологиялық ахуалды сауықтыруға қаншалықты септігі тиетінін уақыт көрсетер.