Субсидия берудегі сорақылықтар
Субсидия берудегі сорақылықтар
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің субсидия беру мәселесіне жүргізген сараптамасы нәтижесінде әртүрлі айла-шарғы жасау арқылы бюджет қаражатын жымқыруға бағытталған көптеген елеулі кемшіліктер мен қылмыстық схемалардың беті ашылды. Мұндай «батпан құйрықтан» ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өздері де сырт қалмағаны анықталды. Олардың кейбіреулері білместіктен мұндай қадамға барса, кейбіреулері пайдакүнемдік мақсатын көздеген. Сөйтіп, бір малға бірнеше рет субсидия алған шаруашылықтар бар екені әшкере болды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығына қатысы жоқ фирмалар да қаржыландырылған. Еліміздің барлық өңірлерінде жұртшы­лықты, тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, ауыл шаруашылығын субсидиялау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргі­зілген талдау нәтижесінде Солтүстік Қазақстан облысында бірқатар сыбайлас жемқорлық тә­уекелдері анықталды. Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің айтуынша, ең алдымен субсидияға бөлінетін бюджет қаржысын жоспарлау тиімділігі төмен әрі оның мақсатты жұмсалуын бақылау тетіктері жоқ. Атап айтқанда, бюджетті жоспарлаған кезде ауыл шаруашылығы тауа­рын өндірушілердің нақты сұранысы ескеріл­мейді. «Әрине, жергілікті жерлерде ауыл шаруашылығы бөлімдері тауар өндірушілерден сұрастырады, дегенмен бөлінген қаражат алып үлгерген адамға ғана бұйырады. Сараптама барысында мемлекеттің қолдауын тек «Зенчен­ко және К» коммандиттік серіктестігі, «Тайын­шаАгроИнвест», «Тұқым», «Шатило и К» сияқ­ты ірі шаруашылықтар ғана алатыны анық­талды. Ал шағын шаруа және фермерлік қожалықтар тапсырыс беріп үлгермегендіктен, мұндай қолдаудан қағылып отыр. 2020 жылы бір ірі тауар өндірушіге бөлінген қаржы сомасы 400 миллион теңгеден 2 миллиардқа дейін ауыт­қиды. Ал шағын шаруашылықтарға бө­лінгені – небәрі 5-6 миллион теңге ғана», – деді Нұрлан Серікұлы. Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Ысқақов та оның сөзін қолдады. Оның айтуынша, бұған субсидия алу үшін шамадан тыс талап қойылатыны себеп. Мәселен, бұқа­ларды бордақылау үшін бір мезгілде 1000 ірі қара сыярлық бордақылау алаңы болуы шарт. «Біздің өңірде мұндай алаңға ие кәсіпорын­дардың саны үшеу-ақ: «Шатило и К», «Зен­ченко и К» және «Тайынша Астық» серіктестігі. Солар ғана субсидия ала алады. Ал шағын тауар өндірушілер шөміштен қағылады», – дейді Марат Жақсылықұлы. Оның айтуынша, тәулігіне кемінде 1 500 бас ірі қараны союға арналған жеке жабдықтың болуы туралы талапқа сәйкес келетін ет комбинаты Солтүстік Қазақстан облысы түгіл, елімізде жоқ екен. Сондай-ақ ай сайын сүт сынамасын тапсыру туралы талап та қиындық туғызатын көрінеді. Себебі облыс аумағында мұндай зерттеу жүр­гізетін екі-ақ зертхана бар әрі олар шаруа­шылықтарға бармайды.

НЕГІЗСІЗ БЕРІЛГЕН ҚАРЖЫ КӨП

Субсидияларды заңсыз алуға байланысты жүйелі заңбұзушылықтардың ішінде ең негіз­гісі – тұқымдарды, пестицидтерді нақты пай­даланбаса да, сатып алатын жосықсыз ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге бай­ланысты. Мәселен, 2020 жылы «Талшық Астық Агро» кәсіпорны гербицид сатып алу мақса­тына 59 миллион теңгеден астам субсидия алған. Алайда тексеру барысында өтінімде көрсетілген жер телімі мәжбүрлі түрде мем­лекет меншігіне қайтарылып, шабындық жер ретінде пайдаланылғаны анықталды. Осы іспеттес жағдай «Жаңа ел» серіктестігінде де болған. Олар 43 миллион теңгеден астам сома­ға картоп тұқымын сатып алып, пайдаланбаған. Мемлекеттік органдар 2021 жылдың бірінші жартысында 1 миллиард теңгеден астам субси­дия негізсіз берілгенін анықтады. Мониторинг барысында белгілі болғанын­дай, «Атамекен Агро» АҚ-ның 15 еншілес ұйы­мы бар екен. Олардың барлығы пестицид­терді тек бас компаниядан сатып алатын кө­рінеді. Мысалы, «Сағат-СК» ЖШС 2020 жылы пестицидтерді субсидиялауға 20 өтінім беріп, оларды тек «Атамекен Агро» АҚ-дан сатып алған. «Атамекен Агро» ЖШС-ның басқа ен­шілес ұйымы 2020 жылы жалпы сомасы 350 млн теңгеден астам сомаға пестицидтерді ұқсас схема бойынша сатып алған. Алайда про­курорлық тексеріс барысында жер телімдері жайылымдық жер болып табылатындықтан, 8 өтінім бойынша пестицидтер пайдаланыл­мағаны анықталған. Бұл схема жосықсыз тауар өндірушілерге субсидияларды заңсыз алуға мүмкіндік береді. Өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералдық тыңайтқыштар мен тұқымдарды субсидия арқылы сатып алу кезінде үлестес болу мәсе­лесі ведомстволық нормативтік актілермен реттелмеген. Бір улы химикаттарды екі рет субсидиялау да кездеседі. Мәселен, 2020 жылы «АБИ ЖЕР» ЖШС пестицид сатып алу үшін 112 млн тең­геден астам субсидия алған. Бұл шаруашы­лық – «Агрофирма Жамбыл» және «Агрофирма Есіл» ЖШС-ларына пестицидтерді тұрақты жеткізіп беруші. Тіпті, электрондық шот-фак­тура егжей-тегжейлі талданған күннің өзінде субсидияланған құралдар ғана сатылғанын дәлелдеу мүмкін емес. Былтырдан қалған пес­тицидтер сатылуы мүмкін. Сондықтан маман­дар пестицидтер мен минералды тыңайт­қыштарды жеткізіп берушілерді субсидиялау тетігінен алып тастау қажет деген ұсыныс жасады. Өйткені өнім беруші дәл субсидия­ланған препаратты пайдаланғанын немесе оны басқа тауар өндірушіге сатқанын бақылау мүмкін емес. 2021 жылы Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша шаруа қожалықтарына қатысты жалпы сомасы 7 млн 990 мың теңге (алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін ұрлау немесе алдау жо­лымен бөтеннің мүлкіне құқық алу) көлемінде және Айыртау аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің лауазымды тұл­ғаларына қатысты Қылмыстық кодекстің 371-бабы бойынша (немқұрайдылық) сотқа дейінгі екі іс қозғалды.

БІР МАЛ БІРНЕШЕ РЕТ СУБСИДИЯЛАНҒАН

Субсидиялаудың Qoldau, Plem.kz ақпарат­тық жүйелерінің жетілдірілмегеніне қатысты тәуекелдер бір төбе. Бұл ақпараттық жүйелер мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйеле­рімен кіріктірілмеген әрі бюджет қаражатының түскені хабарланбайды. Мемлекеттік қызмет­терге тең қол жеткізу құқығы бұзылады және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін әкімшілік тосқауыл көп. Өтінім беру үрдісін автоматтандыру дәрежесі төмен. Бұл өз кезе­гінде өтінім қаралған кезде субъективті тәсілді қолдануға жол ашады. Мәселен, «Qol­dau» пор­талы электрондық шот-фактуралардың ақпа­раттық жүйесімен ықпалдастырылмаған. Бұл шешім қабылдайтын лауазымды тұлғаның жауапкершіліктен жалтаруына қолайлы жағдай туғызады әрі жалған шот-фактура ұсынуға мүмкіндік береді. Plem.kz жүйесінің кіріктірілмегені шын мәнісінде жоқ малға субсидия алуға мүмкіндік береді. Солтүстік Қазақстан облысында мұндай жағдайлар да болғаны белгілі болды. Сондай-ақ ауыл шаруа­шылығына үш қайнаса сорпасы қосылмайтын шаштараз, массаж салондары сияқты фир­малар қаржыландырылған. Себебі өтінімге қоса берілетін құжаттардың дұрыстығын тек­серу үшін басқа деректер базасымен байланыс жоқ. Соның салдарынан жануарлардың саны, түрі, жынысы және жасы бұрмаланған. Тіпті, бір мал басы бірнеше рет субсидияланған. Былтыр бастапқыда қаржы түспегендіктен, кейін техникалық себептерге байланысты «Qoldau» порталының жұмыс істегенінен істе­меген күні көп болыпты. Соның салдарынан кейбір шаруашылықтар тапсырыс беру мер­зімін өткізіп алған. Сондықтан олар қаржы­ның бар-жоғына қарамастан, тапсырыстар қа­был­данып, кезек сақталса және оның ашық­тығы қамтама­сыз етілсе деген ұсыныстарын жеткізді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин «Qoldau» пор­талындағы кемшіліктер үшін шынында да ешкім жауап бермейтініне таңданысын жа­сырмады. «Тіпті, кейбір кемшіліктер үшін бі­реуді жауапкершілікке тартайық десек, жауап беретін адам жоқ», – дейді ол. Qoldau порталын пайдалану ақылы. Жыл сайынғы абоненттік төлем субсидиялау мөл­ше­ріне байланысты 3-тен 11 айлық есептік көр­сеткішке дейінгі аралықта. Ал мемлекеттік қыз­меттер ақылы болмауы тиіс. Сонымен қатар Qoldau порталы автомат­ты есептеу калькуляторларымен, оларды авто­матты тексерумен қамтамасыз етілмеген, қоса берілетін файлдарды жүктеудің көлемі шек­теу­лі. Өтінім­дер мен олар бойынша есептерді қыз­меткер қол­мен қайта тексереді. Бұл нақты тауар өнді­ру­ші бойынша шешім қабылдау ке­зінде субъективті тәсіл танытуға мүмкіндік береді. Яғни, бұл жағ­дайда Ауыл шаруашылығы басқармасы кәсіп­кер сияқты порталды пай­даланушы ғана. Субсидиялардың экономикалық тиімділі­гін анықтаудың нақты критерийлері жоқ. Солтүстік Қазақстан облысында жыл сайын барлық субсидиялардың 48,3% өсімдік шаруа­шылығына, оның 28,6% өсімдіктерді қорғау құралдары – пестицидтерге бөлінеді. Соған қарамастан 2019-2020 жылдары астық өнім­ділігі тиісінше гектарынан 14,2 және 14,4 цент­нерді құрады. 2006-2007 жылдары да би­дай шығымдылығы дәл осындай болған. Гек­тарынан 20,9 центнерден өнім алынған ең жо­ғары көрсеткіш 2011 жылы, яғни субсидия­лау бағдарламалары іске асырылмай тұрған кезде тіркеліпті. Осындай мысалдар бюджет қа­ражатын жұмсаудың экономикалық тиім­ділігі жоғын немесе мақсатсыз пайдаланы­латынын айғақтаса керек.

Солтүстік Қазақстан облысы