Жыл басынан бері мемлекеттік еңбек инспекторлары мыңнан астам жұмысшының құқығын қорғаған. Нәтижесінде, жауапсыз басшыларға 11 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Еңбек министрлігінің мәліметінше, 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша республиканың 129 кәсіпорыны 2,6 мың қызметкеріне уақытылы жалақы бермегені үшін 564,9 миллион теңге қарыз болған. Тіпті, олардың 58-іне талаптарды орындау міндеттеліп, 11 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. – Қабылданған шаралардың арқасында 1071-ден астам қызметкердің құқығы қорғалды. Оларға 442 миллион теңге төленді, – делінген Еңбек министрлігінің хабарламасында. Жалпы, жалақыға байланысты әрбір қызметкер өз құқығын білуі тиіс. Егер жұмыс беруші еңбек міндеттемелерін орындамаса, қызметкер сотқа беруге құқылы. Бірақ заңгердің айтуынша, қызметкерлердің басым көпшілігі мекеменің уақытша қиындығы деп біраз күте тұруды дұрыс көреді. Әрине, мұндай әрекет басшылықпен қарым-қатынасты бұзбай, сыйластықты сақтауға көмектеседі. Алайда қызметкерлер іштен тынбай, басшылықпен ашық сөйлесіп, жалақының кешігу себебін анықтап алғаны дұрыс дейді заңгер. – Заңда көрсетілгендей, кез келген жұмыс беруші жалақыны әр айдың 10-на дейін беруі керек. Егер сол кезден кешіктірсе, заңды бұзғаны. Мұндайда, ең бірінші, Еңбек инспекциясына шағымдануға болады. Бірақ олар мәселені түбегейлі шешіп бермейді. Әрине, жағдайды келіп тексеріп, бақылап кетеді. Әрі кетсе жалақыны уақытылы беруді тапсырады. Қызметкер үшін бұл тиімсіз шешім. Себебі, жұмыс берушінің бәрі бірдей Еңбек инспекциясынан қорқып, тапсырмасын орындап, жүгіріп кетпейді. Тіпті, жұмыскер прокуратураға шағымданса да, оның ісін Еңбек полициясына жібереді. Сондықтан «баяғы жартас, бір жартас» қалпында қалады. Сол үшін бірден сотқа шағымдануға кеңес етемін. Ол үшін алдымен сотқа дейінгі процестен өтіп, өзара келісімге келуге тырысу керек. Міне, осыдан кейін ғана сотқа бере алады. Қызметкердің құқығын қорғап, мәселесін түбегейлі шешіп беретін сот қана. Сотқа ғана жүгініңіз, – дейді Есбол Зеңгір. Еңбек кодексінің 113-бабына сәйкес, айына бір рет коллективті келісімшартқа байланысты белгіленген нақты бір датада берілуі тиіс. Егер жалақы беретін күн мереке күндері мен демалысқа сәйкес келетін болса, төлем алдын ала жасалады. Осы баптың екінші тармағында жұмыс беруші қызметкеріне әр ай сайын алатын жалақысының мөлшері, оның қаншасы ұсталатыны, қайда кететінін анық көрсетіп, хабарлап отыруы керек. Жалақы уақытында түспесе, кешіктірілген әр күніне айыппұл төленеді. Оған қоса, жұмыс берушіге Еңбек кодексін бұзғаны үшін айыппұл салынады. Сонымен қатар қызметкерге мереке немесе демалыс күндері, түнгі уақытта жұмыс істегеніне төленетін қосымша ақыны өтемесе, жұмыс берушіге айыппұл салынады.