Қазақстан Молдовадан басым түсіп, С тобында қалды
Қазақстан Молдовадан басым түсіп, С тобында қалды
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Молдовамен UEFA Ұлттар лигасы өтпелі сатысының қарымта ойынын өткізді. Бірінші кездесуде Қазақстан құрамасы сырт алаңда Молдованы 2:1 есебімен жеңген. Қарымта матчта молдовалық футболшылар ойынды белсенді бастады. Нәтижесінде 13-минутта қонақтар сапынан Игорь Армаш қазақстандық ойыншылардың қателігін ұтымды пайдаланып, қақпаны дәл көздеді. Осылайша екі ойынның қорытындысы бойынша таразы басы теңесті.  Бұдан кейін де қос құраманың есепті өзгертетін мүмкіндігі болған. Алайда таблодағы есеп өзгеріссіз қалды. Екі ойынның нәтижесі бойынша таразы басы теңескендіктен матч овертаймға ұласты. Қосымша 30 минутта да жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальти сериясында Қазақстанның жолы болды. Матч соңындағы лотерея 5:4 есебімен Қазақстан құрамасының пайдасына шешілді. Алаң иелері сапында Абзал Бейсебеков мүмкіндігін пайдалана алмады. Қарсылас құрамында Николаескудің соққысын Игорь Шацкий қайтара білді. Шешуші сәтте молдовалық қорғаушы Ревенконың тепкен добы қақпадан биік кетті, ал қазақстандық жартылай қорғаушы Жуковтің голы құрамамызға жеңіс сыйлады. Қазақстан ұлттық құрамасы 2022-2023 жылғы маусымда Ұлттар лигасының үшінші дивизионының үшінші тобында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. С тобында Андрей Карпович футболшылары Словакия, Беларусь және Әзербайжан құрамаларымен сынға түседі.