Шымкенттегі қағаз өндіретін мекеме жұмысын тоқтауға мәжбүр, – деп хабарлайды 24.kz. Кеңсе қағазын шығаратын кәсіпорын шикізат тапшылығына байланысты жұмысшыларын уақытша демалысқа жіберді. Себебі, шикізатты Финляндия мен Ресейден тікелей жеткізуде проблема бар. Екі мемлекеттің қағаз өндіру саласында белгілі бір шектеулер мен уақытша тасымал тоқтаған. Келісімшарттың бұзылуынан пайда тапқысы келетін алыпсатарлар шикізат бағасын қолдан екі есе қымбаттатып отырған көрінеді. Олардың өндірістік қуаты қағаздың А4 форматын 3 миллион, А3 қағазын 300 мыңнан астам бумаға дейін шығаруға жетеді. Мемлекеттік тапсырысты орындауға жұмыс істеген мекеме түрлі себеппен «қара тізімге» енген. Сондықтан мұндай шектеуді уақытша алып тастауды сұрап отыр.
Кәсіпорын басшысының орынбасары Қанат Әлімбаев: «Өндірушілер, СБК-лар әр кәсіпорынға бір вагон сатуға лимит қойған. Бір вагон деген 25-24 мың дана қағаз болады. Ол тіпті 1% қамтамасыз ете алмайды. Бізге айына 10 вагонға дейін өндіріп, шығаруға болады. 200-250 мың қорап», – деді.
Бұған дейін А4 форматындағы 1350 теңгелік кеңсе қағазы 3-4 мың теңгеден сатылып жатқанын хабарлаған болатынбыз.