Көкшетау. «Аристондар қаласы»
Көкшетау. «Аристондар қаласы»
278
оқылды
Елдегі жылу электр стансасымен қамтылмаған жалғыз қала – Көкшетау. Ыстық суы жоқ. Жылу жүйесі жиі апатқа ұшырайтын қала тұрғындарының көпшілігі қысты үнемі жаурап қарсы алады. Осындай жағдайдан соң қала ежелден бері «Аристондар қаласы» атанған. Ондаған жылдардан бері қалаға жылу электр орталығын (ЖЭО) салуға уәде беріліп, тіпті тиісті инвестициялық қаражат та облыс бюджетінің қоржынына түсуі тиіс болған. Алайда биылғы жағдай жылдағыдан да ушығып, қаланы жылумен қамтитын қос бірдей жылыту қазандығының тозығы жетіп, бірі апатқа ұшырады...

Жылу қазандықтарының тозығы жеткен

Түйіні тарқатылмай келе жат­қан мәселе бойынша жақында Пар­ламент Сенатының депутаты Нұрлан Бекенов Үкімет басшысы Әли­хан Смайыловтың атына де­путаттық сауал жолдаған. Сенатор облыс орталығының күні бүгінге дейін жылу және электр энергия­сының заманауи көзі жоқ екенін айтып, сын садағына алған. Сонау 1978 жылы пайдалануға берілген жылу қазандықтарының әбден тозығы жеткенін назарға алды. Сондай-ақ шаһардағы электр қуатының да басқа өңірлерге қа­рағанда тарифі мүлде жоғары. Се­натордың айтуынша, қалаға қазіргі заманға сай жылу электр орталығын салуды тиісті министрлік кабинеті тек 2026 жылға жоспарлапты. Се­натор бұл уақытқа дейін қаланың жылу қазандықтарының шыдамай­тынын алға тартқан.

Үкімет ЖЭО салуды 2026 жылға жоспарлапты

«Үкімет басшысы бекіткен Жол картасына сәйкес, Көкшетауға ЖЭО-ның бірінші кешенін пайда­лануға беру, өкінішке орай, тек 2026 жылдың қазан айына жоспар­ланған. ЖЭО құрылысы республи­к­алық жоба ретінде танылғанына қарамастан, оның құрылысы ұзақ­қа созылып бара жатыр. Тек мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік туралы шартқа қол қою мерзімінің өзі 2023 жылға жоспарланған», – деді Нұрлан Бекенов. Қала әкімдігі де жылумен қам­титын «Көкшетау Жылу» ком­му­нал­дық шаруашылығының бас­шы­лығы да жылу қазандықтары мен жүйе­сінің әбден тозғанын мойын­дады. «Қазір қаланың барлық тұтыну­шыларын жылумен РК-2 қамтама­сыз етеді. Олар – осыдан 24 жыл бұ­­рын 1998 жылы пайдалануға бе­­ріл­ген жылу қуаты 100 Гкал үш кө­мір­то­заңды жылу қазандығы. Бү­гінде олар іс жүзінде шамамен 70-80 Гкал-дан аспайтын жылу беруге қау­қары же­теді. Өйткені жы­лыту қа­зандықта­рының әбден тозығы жет­кен. Біз жыл сайын осы жөндеу жұ­мыстарын жүр­гізіп, жы­лу қазан­дығы қалыпты жұмыс істеу үшін бар­лық шараларды қабылдап отыр­мыз. Алайда мұнда күрделі жөндеу үшін қосымша қо­мақты қа­­ражат ке­рек. Дәл қазір №8 қа­зан­дық агре­га­ты осындай күрделі жөндеуді қажет етіп отыр», – дейді «Көкшетау Жылу» ШЖҚ КМК бас директоры Руслан Мәкішов.

«Көкшетау жылу» миллиардтап қарызға батқан

Жылыту қазандықтары агре­гат­та­рынан бөлек электрмен қамту мәселесі де басы ашық күйі қалған. Өйткені РК-2 жылыту қазанды­ғын­да электр жабдықтары 1993 жы­лы пайдалануға берілсе, ал РК-1-де сонау 1977 жылы қолданыла бас­таған. Яғни, пайдалану мерзім­дері әлдеқашан өтіп кеткен. Кәсіп­орын­ның қаржылық дағдарысқа ұшырап, қарызға белшесінен бат­қанын бас директордың орынба­сары Асқар Нұрмағамбетов баса айтты. «2019 жылдан 2020 жылға дейін тариф 20-30 пайызға дейін төмен­деді. Тиісінше, бұл кәсіпорынның қаржылық жағдайына өзінің кері ықпалын тигізді. Инвестициялық бағдарлама орындалмағандықтан, 2020 жылы өтемдік тариф енгізіл­ген. Ал 2021 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын біздің кәсіпорын 600 миллион теңге кірісті ала ал­май­ды. Биылғы жылға тариф дең­гейі мораторийді ескере отырып, бекітілді. Халыққа тариф өзгертіл­мегенімен, заңды тұлғаларға 13,6 пайызға, ал бюджеттік ұйымдарға 6 пайызға көтерілді. Қазір кәсіп­орынның жеткізушілер алдындағы несиелік қарызы 3 миллиард 677,7 миллион теңгеге жетті. Ал халық­тың дебиторлық қарызы – 579 мил­лион теңге. Қазандық агрегат­тары, жылу желілері, сору құрылғы­ла­ры­ның бәрі жаңартуды қажет етіп тұр», – деді Асқар Нұрмағанбетов. Кәсіпорын басшылығы қалада жылу электр орталығы болмаған­дық­тан, тариф бағасын көтермесе тығырыққа тірелетінін баса айтты. «Біздің тариф кемінде 7 800 тең­геден кем болмауы тиіс. Кли­мат­тық жағдайларымен бізге Қос­танай мен Петропавл сәйкес ке­ле­ді. Есептеу құрылғылары бар жеке тұлғалар үшін тариф бізде – 1 588 теңге, Қостанайда – 4 109 теңге, Петропавлда 3 564 теңгені құрайды. Бірақ бұл екі қалада да ЖЭО бар. Сондықтан электр энергиясының құны едәуір төмен» деп толық­тырды Асқар Нұрмағанбетов.

«Жақында жылынады, сәл шыдаңыздар!» – қала әкімдігі

Ал қала әкімдігі тұрғындарды сабырға шақырып, жақын арада қа­лада жылудың қалпына келті­рілетінін жеткізді. «Құрметті қала тұрғындары! Сіз­дерді РК-2 жылыту қондырғы­сының ұзақ уақыт ішінде пайдалану мерзімі өтіп, тозығы жеткендіктен, жылыту қазандығының жұмысы бұ­зылып жатқанын хабарлаймыз. Қа­зір №4 және №9 қазандық агре­гаттары штат­тық режимде жұмыс істеп тұр. №10 жылу қазандығының анықтал­ған ақауын жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Қысқа мерзім ішін­де қалада температу­ралық ре­жим қалпына келтіріледі», – де­лін­ген әкімдіктің рес­ми парақшасында. Өңірдегі жылу мәселесінің ты­ғырыққа тірелгені соншалық, жа­қында Сенат депутаты Нұрлан Бе­кенов аталған жылу қазандығына арнайы ат басын бұрған. «Бүгін РК-1 және РК-2 жылу қа­зандықтарындағы мен көрген жағ­дай адам шошырлық. Сөзбен ай­тып жеткізу мүмкін емес. Жағдай өте мүшкіл. Мұнда жұмыс істейтін жі­гіттердің қалай амалдап отырға­нын түсіне алмадым. Мазут қазан­дығының да, көміртозаңды қазан­дықтардың да халі нашар. Әбден тозығы жеткен. Біз бұл бағытта жұмысты жал­ғастыра береміз. Барлық күшті жұм­сап, қалада ЖЭО салу мәселесін де­реу шешу қажет. Ал бұл 240 мил­лиард теңге соманы қажет етеді. Яғни, бұл құрылысты облыстық бюд­жеттің қалтасы кө­тере алмай­тыны айдан анық. Мә­селе тек рес­пуб­ли­ка көлемінде ғана шешіледі.», – деді Нұрлан Бекенов.
P.S. Сонымен, қаладағы жылу жү­йесінің мүшкіл жағдайы дереу шешім қабылдауды қажет етіп тұр. Ал Үкіметтің 2026 жылға қойған жоспарына дейін қала мүлдем жылусыз қалуы мүмкін. Сондықтан Көкшетауға ЖЭО салуды тездетпесе болмайтын сияқты...

Ақмола облысы