Көкшетауда жылу қазандығы сенатордың зәресін ұшырды
Көкшетауда жылу қазандығы сенатордың зәресін ұшырды

Көкшетаудағы жылу қазандығы жарылып, әп-сәтте жарамсыз болып қалуы мүмкін. Әбден ескірген пеш шытынып сынған. Осыны көрген сенатордың зәресі ұшты. Нұрлан Бекенов 20 жылдан бері жыр болған жылу орталығының мәселесін өз көзімен көруге келіпті, - деп хабарлайды КТК арнасы

Айтуынша, алдағы сәуір айында мердігер компанияға байқау жарияланатын болды. Соған қарағанда құрылыс 2026 жылы емес, одан ертерек басталуы мүмкін дейді халық қалаулысы. 40 жыл бойы Көкшетауды жылумен қамтамасыз етіп келген аудандық қазандық дәл қазір әрең тыныстап тұр. Биылғы жылдан әупірімдеп шыққан күннің өзінде, келер жылу маусымын қалай бастайтынын басшылардың өзі де  білмейді. Ескі-құсқыны іске қосуға қыруар қаражат керек. «Көкшетау жылу» кәсіпорны электр жарығы мен көмір, тасымалдау қызметі үшін қарызға батқан. Қазірдің өзінде 3 миллиард 600 миллион теңге берешегі бар. Енді үш жылу пеші мен қосалқы құрылғыларды жөндеуге бюджеттен тағы 2 миллиард 800 миллион теңге сұрап отыр. Күрделі жөндеу істелінбесе, облыс орталығы мүлдем жылусыз қалады. Қазандықтың жағдайы сенатордың да зәресін ұшырды.
"Мынадай күйде деп ойлаған жоқпын, құлдырап тұр. Әне, көрдіңдер ғой, пештің барлығы жан-жағынан жарылып, тесіліп жатыр. Қазір 100 гигакалорияның орнына 50 ғана беріп тұр. Бірақ сонша көмір, мазут кетіп жатыр. Қаланың жылу жоқ деп шулап жатқаны содан", - деді Сенат депутаты Нұрлан Бекенов.
Көкшетаулықтардың тоңып отырғаны да осыдан дейді кәсіпорын басшылары. Қазандық бар күшінде жұмыс істеп тұрғанымен, жылу жетпейді. Пәтерлері 10-15 градусқа дейін ғана жылытқан жұрт электр құрылғыларын пайдалануға мәжбүр. Бірақ табысы төмен отбасылар мен зейнеткерлерге бұл қосымша шығын.
"Қалың киініп жүреміз, киіммен ұйықтаймыз. Осы дұрыс па?! Гигиена қайда? Ваннаға жуынсаң, үстіңнен бу шығып тұрады. Бір біздің үй ғана емес, барлық шағын аудандағы жағдай осы. Ауру-сырқау жандар бар. Кішкентай балалар тоңып, жаурап отырады", - деді Көкшетау қаласының тұрғыны Надежда Аносова.
"Иә, жылуға шағымданушылар көп. Пештеріміз тоз-тозы шығып, әбден ескірді. 100 пайыз штатты жағдайда жұмыс істеп тұр. Бірақ 100 гигаколория тұтынушыға түгел жетіп жатқан жоқ. Бізде тариф өте төмен. Кіріс аз. Оның үстіне инфляцияға байланысты шығын артты. Күрделі жөндеу істеп қазандық жаңартылмаса, қиындықтан шыға алмаймыз", - деді «Көкшетау жылу» МҚК бас директоры Руслан Мақышев. Қиындықтан шығуға қажет 3 миллиардқа жуық соманы қала да, облыс бюджеті де тауып бере алмаймыз деп отыр. Ал жаңа ТЭЦ құны 240 миллиардқа жуықтайды. Ол республикалық бюджеттен қарастырылып жатқан көрінеді. Соған қарағанда көкшетаулықтарға әзірге шыдай тұруына тура келеді.