Қазақстанда парақорлық кеселі өршіп барады. Бұл ретте аса ауыр коррупциялық қылмыстар саны өскен, яғни аса ірі қаржыны «қылқылдата жұтатындар» көбейді. Ұсталған және сотталған жемқорлар саны да артты. Мұның бәрін сырт көз сарапшылар емес, Антикордың өзі айтып отыр. Сыбайлас жемқорлықпен күресуші орган кейінгі жылдардағы ісінің қорытындысын шығарды. Күрестің біраз нашарлағаны байқалады. Енді агенттік күрес тактикасын өзгертпек. Салада реформа қолға алынады.
Торда шортандар шоршып жатыр...
Кейінгі 1 жылда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшысы 3 рет ауысыпты. Осы органның тізгінін жеті жыл үздіксіз ұстаған Алик Шпекбаев 2021 жылғы 16 сәуірде қызметінен кетті. Сол күні Президенттің Жарлығымен бұл лауазымға Марат Ахметжанов тағайындалған еді. Алайда ол 2022 жылғы 15 ақпанда орнын босатып, Ішкі істер министрі креслосына ауысып отырды. Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қазіргі төрағасы Олжас Бектенов.
30 наурызда Антикор Шымкенттің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының лауазымды тұлғалары мен «Ария-Жаңа Астана» ЖШС басшылығына – Гүлмира Сатыбалдыға қатысты 2021 жылы нақты орындалмаған құрылыс-монтаждау жұмыстары үшін аса ірі мөлшерде – 747 млн теңге бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын ресми жария етті.
13 наурызда Антикор лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қылмыстық іс ашып, осы қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлының тұтқындалғанын хабарлады. Қ.Сатыбалдыұлының мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін басқа қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.
Осыдан-ақ «жемқорлықпен күрес торына тек шабақтар тұтылып, шортандар құтылады» деген сын ескіріп қалғандай. Ел басшылығы қойған міндетке сәйкес, енді Жаңа Қазақстан өз бойындағы «жемқорлықтың іріңді жараларынан» тазарады деген үміт пайда болды. Оқа-погонына, салмақ-мәртебесіне, шығу тегіне қарамастан, коррупционерлерге қарсы ымырасыз күрес майданы ашылғанға ұқсайды.
3 наурызда ведомство «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Самұрық-Энерго» және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компанияларының басшылығына қатысты тергеу басталғаны хабарланды. Нақты аты-жөндері тергеу мүддесі үшін айтылмады. Дегенмен кейбір дерек бойынша, квазимемлекеттік сектордың осы аталған алпауыттарына қатысы бар көптеген ірі тұлғаның шетелге шығуына тыйым салынған. Бір анығы, «Самұрық-Қазына», «Самұрық-Энерго», ҚТЖ-ның басшылығы қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдалану арқылы жекеменшік компаниялардан пайда алып келген делінді. Алдын ала есептің өзі мемлекетке аса ірі мөлшерде – 3,8 миллиард теңге залал келтірілгенін әшкереледі. Бұл тек басы ғана.
Ерік болса, былық жойылады
Осының алдында, 28 ақпанда антикоррупционерлер Қытаймен шекарадағы «Нұр Жолы» кеден бекетін жылдар бойы заңсыз баю көзіне айналдырып келген бірқатар лауазымды тұлғаларының қылмыстық әрекетінің жолын кесті. Жемқорлар ірі көлемде тауар контрабандасын жасыру үшін тексерушілерге ондаған мың доллар пара беретін болған.
Қытай жақ кедендегі жемқорлықтың ауқымын келесіден білуге болады.
«Жыл сайын еліміздің сыртқы сауда статистикасының ҚХР статистикасынан айтарлықтай алшақтығы тіркеледі. 2018 жылы Қытайдан жіберілген тауарлар экспорты және тиісінше Қазақстанға енген қытай импортының арасындағы алшақтық 5,9 млрд, 2019 жылы 6,1 млрд долларды құрады. 2020 жылы 5,3 млрд долларға төмендегенімен, 2021 жылы қайтадан 5,6 млрд долларға өсіп шыға келді. Мұның негізгі себептерінің бірі – экономикалық контрабанда. Қазынаға миллиардтаған кедендік төлемдер мен салықтар түспейді», – деп түсініктеме берді Ұлттық экономика министрлігі. Миллиардтаған доллар кімдердің қалтасына түскен? Мұны құзырлы органдарға анықтауға тура келеді.
Сарапшылар осы орайда екі жайтқа назар аудартады. Бір жағынан мұндай батыл күрес үшін ел басшылығының саяси ерік-жігері болуы керек. Ондай ерік қазір бар. Биылғы 25 ақпанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жаңа төрағасын өзі таныстырған Қасым-Жомарт Кемелұлы ведомство активімен жеке, жабық жүздесті. Жиында Мемлекет басшысы О.Бектеновке ең ірі жемқорлардың да қылмыстары үшін жауапкершіліктен жалтарып кетпеуін қамтамасыз етуді жүктеген көрінеді. Бұған қоса, ел Президенті елден ұрланып кеткен активтерді қайтаруды Антикордың басымдығы ретінде белгілеген. Тұтастай алғанда, қалыптасқан ахуалды сапалы өзгертуді тапсырған.
Басқа жағынан алғанда, бұрынғы жылдарда күрес әлсірегендіктен, биылғы іс-қимылдар таңданарлық болып көрінуі мүмкін. Мысалы, Алик Шпекбаев тұсында, 2020 жылы антикоррупциялық орган бірде-бір (0) ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтай алмапты. Ал 2021 жылы М.Ахметжанов тұсында 3 ҰҚТ қызметі әшкереленіп, тыйылды. О.Бектенов «Самұрық-Қазына» қорынан, ұлттық компаниялардан, ауыл-аймақтан қанша ҰҚТ табатынын (таппайтынын) тек уақыт көрсетеді.
Президент Қ.Тоқаевтың қатаң сынынан кейін Ахметжанов елімізде біраздан бері миллиардтаған теңге көлеңкелі табыс тауып келген, Қазақстанды энергетикалық дағдарысқа ұшырата жаздаған майнинг фермаларымен пәрменді күресті бастаған еді. Мысалы, олар биылғы ақпанда Алматы облысының Жамбыл ауданында, бұрынғы мата зауыты болған «Қарғалы» АҚ аумағында ірі заңсыз майнинг фермасын әшкереледі. Арасында шетелдіктері бар ұйымдастырушылар тоқыма өндірісінің атын қалқан тұтып, тұтынылған электр қуатына жеңілдетілген тариф бойынша төлеген. Тінту кезінде антикоррупционерлер құны 1 миллиард теңгеден асатын криптовалюта өндіретін ірі шифрлау кешенін, 2 800 бірліктен астам жабдықты тәркіледі. Майнинг фермасының қожайындары «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мен Жамбыл ЭТА-ның қызметкерлеріне 1,5 млн теңгеге дейінгі пара беріп отырған.
О.Бектенов бұл күресті ары қарай жалғастырғандай. Аса ірі заңсыз майнинг кешендерінің тұрғын үйлерде, электр стансалары аумағында, арнайы экономикалық аймақтар мен индустриялық аймақтарда заңсыз жұмыс істеп келгені белгілі болды. Олар тіпті стартап терісін жамылып, елордадағы EXPO-2017 кешеніндегі Astana Hub IT-стартаптардың халықаралық технопаркінде мемлекеттен қолдау алып отырыпты.
Жемқор органдар рейтингі жарияланды
2022 жылдың 2 айында коррупциялық қылмысымен 240 тұлға әшкереленді, оның 40-ы – республикалық және облыстық деңгейдегі ірі басшылар. Оның ішінде 1 вице-министр, 1 қала әкімі, сондай-ақ 11 облыстық басқармалардың басшылары бар. Келтірілген залалды өтеу үшін күдіктілердің 5,4 млрд теңге тұратын мүлкіне бұғат салынды.
Нақтылай кетсек, Антикор 25 ақпанда Түркістан облысының Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановтың аса ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Тергеу мәліметінше, Кентау әкімі 2022 жылғы 23 ақпанда сенімді тұлғалары арқылы МЖӘ тетігімен Кентаудағы жолдарды жөндеумен айналысатын серіктестік директорынан 98,5 мың доллар (42,5 млн теңгедей) пара алған көрінеді. Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Әкімге қатысты сотқа дейінгі тергеуді Алматы қаласының жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізіп жатыр.
Ресми статистикаға сәйкес, жыл сайын тіркелген сыбайлас жемқорлық фактілерінің саны үнемі азайып келеді: 2018 жылы – 2 375, 2019 жылы – 2 245, 2020 жылы – 2 193, 2021 жылы 1 557 іс тіркелді.
Сыбайлас жемқорлық қылмыстарына ары мен қолын былғағаны үшін 2021 жылы 892 адам сотталды (2020 жылы 1 021 адам). Жемқорлығы үшін сотталғандар арасында бірінші орында полицейлер, ішкі істер органдарының өкілдері тұр: былтыр 207-сі (254) түрмеге отырды. Әкімдіктердің және олардың құрылымдық бөлімшелерінің 150 (2020 жылы 211) қызметкері бостандығынан айырылды. Соның ішінде былтыр 5 әкім жемқорлығы үшін сотталды. 2020 жылы 19 әкім ұзақ мерзімге абақтыға жабылған-тын.
Қаржы министрлігінің 34 (67) қызметкері, Ауыл шаруашылығы министрлігінің 19 (18), Денсаулық сақтау министрлігінің – 16 (5), ұлттық қауіпсіздік органдарының – 10 (5), экономикалық тергеу қызметінің – 4 (7), прокуратураның – 3 (6) қызметкері сотталды. Былтыр пара алғаны үшін 3 судья (2020 жылы 5 судья) түрмеге аттанған.
Реформа жаңалықтары қандай?
«Сыбайлас жемқорлық қылмыстар құрылымында жыл сайын парақорлық үлесі өсіп барады! Оған пара алу және беру, парақорлыққа делдал болу кіреді. Мысалы, 2015 жылы әрбір үшінші қылмыс қана парақорлыққа қатысты болса (2 733 істің 895-еуі), ал 2021 жылы – барлық істің 67%-дан астамы немесе 1 557 істің 1 053-ы парақорлыққа қатысты болды. Бұл мемаппараттың жұмысында «қауіпті аймақтардың» бар екені, олар бюрократия және күрделі рәсімдерден бастау алатыны туралы белгі береді», – деп дабыл қақты Антикор.
Сондықтан антикоррупциялық орган күреске бірқатар өзгеріс енгізуді жоспарлапты. Оның жаңалықтарына тоқталсақ, біріншіден бұл қызметтің өз қатарын «тазалауға» бағытталған шаралар қабылданды. Екіншіден, follow the money қағидаты бойынша қаржылық тергеу дамытылады. Яғни, қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздеп табу және тәркілеу ісі Батыс елдерінде қолданылатын осы жаңа қағидатқа көшіріледі. Оған сәйкес, қаржылық тергеу жемқорды соттаумен бітпейді, ол талан-тараж еткен қаржылар табылғанша жалғасады. Бұрын тергеушілер оны қайтаруға бас қатырмайтын, тиісінше коррупционер босап шыққан соң ол мүлкін пайдалана алатын. Енді Антикор жұмысында мемлекеттен ұрланған қаржы-мүлікті қайтару міндеті басым болуы тиіс.
Үшіншіден, мониторинг жүргізіліп, байлықтың шығу тегі анықталады. Бұл мысалы, Ұлыбританияда өріс алған тәжірибе. Ірі шенеуніктердің, әкімқаралардың, квазимемсектор басшыларының шығысы кірісінен асып кетпеуі қадағаланбақ. Тиісті заң жобасы Парламентке енгізілді.
Төртіншіден, пара беруге уәде бергені не ұсынғаны үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілмек. Сондай-ақ жемқорлық үшін заңды тұлғалардың, компаниялардың жауапкершілігін күшейтуге бағытталған заңнамалық түзетулердің тағы бір топтамасы пысықталады.
Бұдан бөлек, жаңашылдықтар қатарында Қазақстанда батыстағыдай лоббистік қызметті реттеу, бір көзден сатып алу үшін негіздерді қысқарту, жемқорлықты зерттеу және талдау мәселелерімен айналысатын ғылыми орталық құру, коррупциямен күреске үлес қосатын журналистердің құқығын қорғау шараларын қабылдау және басқасы бар.
Сонымен, салада ауқымда реформа басталды. Ол «қоғам өзегіне түскен жегіқұртты» жоюға ықпал етсе, игі.