Францияда Әміредей феноменнің ізін жаңғырта ән салып, бағалана білген Қарқаралы тумасы Қазыбек ӘДІКЕЙ осы кеште әуелете ән шырқап, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді. Бұл – Қарағанды Тәттімбет атындағы өнер колледжінің 70 жылдығы және колледждің халық аспаптар бөліміндегі қылқобыз сыныбының ұстазы Жаңқаш Жұмабековтің бастамасымен ашылғанына 30 жыл толуына орай өткізіліп жатқан мерейтойлық шара еді. Ал Қазыбектей әншінің осы Жаңқаш Ықыласұлының шәкірті екенін білеміз бе? Қарағандылықтар ұлттық өнердің қадір-қасиетіне толық жететінін осы жолы байқадық. Себебі қылқобыз концертіне халық біршама жиналды. Залдың қай орын қатары болмасын кетігі жоқ. Түгелінде өнерге ынтық жандар самсап отыр. Кешті тізгіндеген айтыскер ақын Тілеген Әділов пен Айтбай Жұмағұлов өлеңдете сөйлеп, шара шымылдығын түрді. Ықыластай күйшінің мұрасын аманат етіп арқалаған Жаңқаш Ықыласұлы сол төрткүл дүниеге тең таралған Ықылас Дүкенұлының «Кертолғау» күйімен дүйім жұртқа сәлем берді де, ары қарай бір шеті сонау Ақтөбеден, Алматы шаһарынан өнер деп қолдарына қызыларша домбырасы мен үйеңкіден үйірген қобызын қолтықтай келген шәкірттеріне берді кезекті. Сондай-ақ концерттік бағдарламада қобыз атасы Қорқыттың күйлері, Ықылас Дүкенұлы шығармалары және халық композиторларының шығармалары академиялық Тәттімбет атындағы халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды. – Арнайы келдім. Ұстазым Жаңқаш Ықыласұлына деген құрметім бөлек. Қылқобыз сыныбының ашылуына бірден-бір себепкер болған ол кісінің мен секілді біршама шәкірті халықаралық байқауларда өнер көрсетіп жүр. Мен ұстазымның берген тәлімімен 2012 жылы Алматыға аттандым. Сосын ол жақта консерваторияға түсіп, ары қарай осы қобыз аспабын жетік меңгеруге көштім. Қазір Ақтөбе қаласындағы Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда қызмет атқарамын. Осы шараға мен арнайы Медет Есбергенов деген қазіргі заманауи сазгердің «Күз» шығармасын ала келдім,– дейді ақтөбелік шәкірті Аяулым Жетпісбаева. Бір-бірінен өткен шәкірттердің кезегін Қазыбек Әдікей жалғай жөнелді. Ол қолына ысқышын алып ту құйрыққа тіл беріп, сонау Париж төрінде әуелеткен халық әндері «Қара-ай көзім», «Ағажай, Алтайдай жер қайда?» шығармаларын шырқап, көп қауымның қошеметіне бөленді. Көрермен қобызбен үндескен әнге ұйып, әншіден бірнеше ән орындауын өтінді. «Халық сұраса, хан түйесін сояды» демекші көптің сұрауымен Қазыбек әнші халық әндерінен тағы шырқап жиналған жұрттың ықылас, батасын алды. – Бұл – кешегі әрісі Қойлыбай бақсы, берісі Дәулет Мықтыбаевтан қалған өнерді жалғастырып, насихаттау тұрғысынан ұйымдастырылған шара. Осынау іс-шарада қылқобыз сыныбын бітірген шәкірттердің жеткен жетістіктерін, орындаушылық шеберліктерін халыққа тарту ету де мақсат. Өйткені шәкірт бойында ұстазға беймәлім ашылмаған қырлары осындай дүбірлі шараларда ашылуы әбден мүмкін. Дарыны мен шеберлігі үйлескен тұста ғана олар танымалдылыққа ие болады. Ал қобызшылар, оның ішінде мен баулып өсірген шәкірттер танымал болса, ол менің де жеңісім деп білемін. Жаңа байқағандарыңыздай, менің алғашқы шәкірттерімнің бірі Қазыбек Әдікейді елі ардақтай қарсы алғанда, ішім жылып, көңіл жадырап сала берді, – деп ризашылығын білдірді ұстаз Жаңқаш Жұмабеков. Жалпы, Қарағанды шаһарында қыл қобыз өнерінің өркендеуіне тағы бір тұлғаның атсалысқанын тілге тиек етті. Ол – марқұм Мейірхан Адамбеков. Осынау сыныптың ашылуы үшін қолынан келген көмекті аямай басы-қасында болған марқұм ағамыз бүгінгі шараға масаттанар ма еді?! Әкеден қалған ізді жалғап, бұл шараға ұлы Алданыш Адамбеков келді. Ол сахна төріне шығып «Сағындым», «Шайтанкөл» әндерін домбыраға тіл бітіріп, дауысымен үндестіре шырқап, Мейірхан ағаны сағынған қауымның көңілдерін босатты. Іс-шара соңында қонақтар күнделікті эстрада әніне емес, рухани ой берер, ежелден елдің мұңын ішекке арқау еткен қылқобыздың әуеніне бастарын иіп, жан-жақты пікір білдіріп, алғыс жаудырып жатты. – Қобыз – сонау Қорқыттың заманынан бергі қазақтың аспабы. Сүйінбай айтқандай «Бөрілі байрақ көргенде» деп, біз қобыз көрсек Қорқыт пен Ықылас есімізге түседі. Енді бүгін Жаңқаш Ықыласұлының осынау шарасы жалғыз біздің ғана емес, барша жиналған жұрттың көңілінен шыға білді. Біз концерттен рухани ләззат алдық. Қобыз өнері атадан балаға осылай мұра болып жалғаса берсін. Осындай өнер жанашырлары барда ұлы өнердің өлмейтініне сенеміз, – деді көрермен Сара Зейнелқызы. Осыншама әсерді арқалаған дүйім жұрттың тарқағысы жоқ. Әншілермен суретке түсіп жатыр. Өнер бағаланса, өнерпаздың тасы өрге домалағаны емес пе? Қарағандылықтар ежелгі өнердің асыл қазына екенін біліп қана қоймай, оны өз туғандарымен бөлісердей әсерде тарқасты.
Қарағанды қаласы