Биыл пәтер жалдау бағасы тағы да шарықтап шыға келді. Құны көп адамның қалтасын қағады. Әртүрлі себеп айтылады, бірақ қымбатшылықты қолдан жасайтындар да аз емес. Құрылысқа қарқын бергенмен, салаға қажеттіні өзіміз өндірмедік. Ақыры баспана алу түгілі пәтер жалдау да машақатқа айналды.
Шетелдіктердің қатысы қандай?
Таяуда жылжымайтын мүлік саласындағы мамандар елімізде жалдамалы пәтер құны шамамен 30-40 пайызға қымбаттағанын мәлім етті. Онсыз да тұрғын үй бағасы құбылып тұрған шақта бұл жағдай «жығылғанға жұдырық» болғаны анық. Әуелі аяқастынан пәтер жалдау құны неге өскенін зерделеп, себебін қарастырып көрсек. Көпке мәлім екі себеп бар. Біріншіден, Ресей мен Украина арасындағы қақтығысқа байланысты елімізге уақытша тұрақтауға келгендердің көбейгені айтылып жүр. Олар пәтерді кемі 6 айға жалға алғысы келуі мүмкін, яғни сұраныс артады. Сұраныс артқанда бағаның да құбыла қалатынын білеміз. Екіншіден, теңге құнсызданып, доллар бағамы өскені де әсер етуі мүмкін. Мұндай «әдет» пәтерді жалға берушілерде бар екені жасырын емес. Доллардың қымбаттағанын алға тартып, қолдан бағаны өсіретін дағды жылжымайтын мүлік саласын да жайлаған. Ал мүлікті бағалау бойынша сарапшы Александр Калинин жалға алу құнына бірінші себептің көбірек әсер еткенін айтады. – Жалға алу бағасы басқа елдердің азаматтары, әсіресе ресейліктер елге келіп жатқан соң басталды. Украинадан да келетіндер бар. Бұған қоса кәсіпкерлер, шетелдік компаниялардың, халықаралық желілердің өкілдері де келеді. Олардың құр қол келмейтіні анық, ақшасы бар адамдар. Сондықтан жалдау құны да күрт өспей қоймайды, – дейді маман. Қазір Алматы мен елордадағы бір бөлмелі және екі бөлмелі пәтерлер ерекше сұранысқа ие екен. 1 бөлмелі пәтерлердің иелері бір айға коммуналдық шығындарды есептемеген күннің өзінде 130-140 мың сұрап тұр. Ал былтыр көктемде мұндай бағаға екі бөлмелі пәтерді жалдауға болатын еді. Элиталық тұрғын үй де қымбаттаған. «Шетелдіктер тұрғын үйді орташа есеппен 6 айға жалға алады. Әзірге адамдар күтуі қажет. Ал тұрғын үйді сатып алу бойынша нақты болжам айту мүмкін емес», – дейді Калинин. Яғни, саяси, экономикалық жағдайлар тұрақсызданып тұрған шақта байлам жасау қиын тәрізді. Ал экономист Бауыржан Ысқақов жалдамалы пәтердің қымбаттауына тікелей Украинадағы жағдайдың қатысы жоқ деп есептейді екен. Оның айтуынша, мәселенің түпкі мәні баспана қымбатшылығынан шығып отыр. – Бұған қатысты бірнеше себеп бар. Біріншіден, баспананың сатылым бағасы шарықтап тұрған соң оған жағдайы жетпейтін көпшілік жаппай пәтерді жалға алуға көшті. Сұраныс ұсыныстан асып кетті. Екіншіден, экономикалық факторлар бар. Инфляция деңгейі өсті. Үшіншіден, пандемиядан кейін жұрт онлайннан офлайн әлемге оралды. Қалаға ағылғандар көп. Төртіншіден, биыл Үкімет есепте тұрған көптеген адамның арендалық төлемдерін төлеуге 50 млрд теңге ақша бөлді. Ол да нарыққа серпіліс болды, – дейді маман.Құрылыс материалдары бағаға әсер етті ме?
Бұл тұста айтпай кетуге болмайтын тағы бір дүние бар. Әуелі тұрғын үй бағасының, одан қалды жалдамалы пәтер құнының өсуіне құрылыс материалдарының қатысы бар. Ал елімізде құрылыс материалдарын өндіру артта қалған. Толығына дерлігін шетелден аламыз. Ол бір төбе, өзімізде өндіріледі дейтін цемент пен арматура құны да жиі өседі. Себебі өндіріске қажетті химиялық қоспаларды түбі сол шетелден алдыртады. Құрылыс одағының мәліметінше, М-400 маркалы цементтің тоннасы 2021 жылдың қаңтар айында 18 500 теңге болса, сол жылы мамырда 21 000 теңгеге жетті. Ал қазір 32 500 теңге тұрады. 1 жылдың ішінде 2 есеге жуық өскен. Арматураның былтыр жыл басында 190 мың теңге еді, жазда 325 мың теңге болды. Қазір 370 мың сұрап тұр. Қазір елде цемент өндірумен 12 кәсіпорын айналысады. Олардың өндіру қуаты – 16 жарым млн тонна. Қазақстанда цемент тапшылығы болуы мүмкін емес. Нарық заңдылығына сәйкес, тапшы болмаса «баға не себепті көтеріліп жатыр?» деген сұрақтың тууы заңды. Зауыттан шыққан цемент тұтынушыға жетем дегенше 25 пайызға қымбаттайды екен. Бірақ бағаның шектен тыс қымбаттауына цемент шығарып отырған зауыттар «кінәлі емеспіз» деп талай айтқан. Бағаны базардағы сатушылар жазғы құрылыс маусымы қызған шақта қолдан өсіретінін алға тартады. Елімізде құрылыс материалдары индустриясының өңдеуші өнеркәсіптегі үлесі бар болғаны 6 пайыз. Республикада құрылыс өнімдерін 1 965 кәсіпорын өндіреді. Олардың ішкі нарықты қамтамасыз ете алмай отырғаны белгілі. Енді не істемек керек? – Құрылыс материалдары – тұрғын үй мен жалдамалы пәтер бағасына әсер ететін негізгі фактор. 80 пайыз қажеттілік сырттан келеді. Ал шетелден келген құрылыс материалдары валюта бағамына байланысты арзанға түспей тұрғанын онсыз да білеміз. Қазіргі жағдайлардан кейін Ресейден келетін құрылыс материалдары азаюы мүмкін. Сондықтан баға құбылды. Мәселені шешуде импорттық тәуелділіктен құтылудан басқа жол жоқ. Бұл тұста мемлекет құрылыс материалдарының отандық өндірісін жолға қоюы тиіс, – дейді экономист Бауыржан Ысқақов.ТҮЙІН: Өткен жылы цемент, арматура, кірпіш, газды бетон сияқты құрылысқа ең қажетті материалдардың бағасы қымбаттағаны сол еді, елдегі жаңа тұрғын үй құны да шарықтап шыға келгені есте. Яғни, құрылыс материалдары баспана бағасына тікелей әсер етеді. Жалпы алғанда, жылжымайтын мүлікке қатысты мәселе бастан асады. Шешімін әркім айтып жатады, бірақ іске асар түрі жоқ.