Қасиетті Рамазан айы басталды. Отыз күн ораза тұтудың сауабы да бар, ашығудың пайдасы да зор. Ғылымда да ашығудың денсаулыққа пайдасы көп екені жиі жазылады. Тіпті, ғалымдар 365 күн тамақ ішетін адамдарға 30 күн ораза тұту дұрыс деп есептейді. Әсіресе, медицинада қант ауруын емдеу үшін де 10-15 күн ашықтыратыны бар. Сол себепті де, 30 күн ораза ұстаудың артықшылығы көп. ҚМДБ бөлім басшысы Хасан Аманқұл: «Рамазан айы – Алла Тағаланың мүмин пенделеріне берген үлкен нығметі. Бұл айда Раббымыздың мейірімі төгіледі, әсіресе Оның біз үшін берілетін ғинаяты артады. Атап айтқанда, Рамазан айының бірінші түнінен бастап ғибадаттар жеңілдей түседі. Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етіледі, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан айының бірінші түнінде шайтандар және өз бетімен кеткен жындар кісенделеді, тозақтың бір есігі қалмай барлығы жабылады, ал жәннаттың барлық есіктері ашылады. Сондай-ақ, әр түнде: «Уа, жақсылық істеуші, бағалай біл! Уа, жамандыққа бейім тұрушы, өзіңді ұста!», – деп жар салады. Әр түнде Алла Тағала көптеген пендені тозақтан құтқарады», – деген. Шайтандардың кісенделуі, шүбәсіз, ғибадаттардың орындалуын жеңілдетеді», – дейді.
Денсаулыққа тигізетін зияны бар ма?
Денсаулыққа оразаның қандай пайдасы бар? Ең алдымен, ас қорыту жүйесі дұрысталады. Адам семіздіктен арылады. Қан қоюлануы азаяды. Яғни, холестеринді азайтады. Бүйрек, бауыр, қуық, қант диабеті, жүрек пен тамыр ауруларына да қарсы төзімділікті арттырады. Тері ауруларына да пайдасы зор. Мәселен, ораза тұтқан адамның қанында су мөлшері азаяды, яғни терідегі су құрамы да кемиді деген сөз. Бұл – терінің қуаттылығын арттырып, зиянды микробтар мен бактерияларға қарсы тұруға көмек береді. Хасан Аманқұлдың айтуынша, адамның күнәсі көп болса, рухани ауруға душар болуы мүмкін. Оның зейіні, қабілеті төмендеп, көңіл күйі өзгереді. Жүрегі қарайды, қатайды дегеннің мағынасы осында. Ораза ұстау арқылы осы қиындықтың бәрінен тазарады. Мінезі, іс-әрекеті өзгереді. Мейірімділігі артады, жомарттығы көбейеді. Ауыз бекітудің тағы бір пайдасы – асқорыту жүйесінің дем алуына мүмкіндік береді. Тамақ қорытуға арналған сөл әдеттегіден аз мөлшерде бөлінгенімен, сөл бөлу процесі қалыпты жағдайда өз қызметін атқара береді. Ораза ұстаған кезде де асқазан қышқылдық бөлуді тоқтатпайды. Сол себепті де, асқазанда жарасы бар адам ауыз бекіту кезінде абай болғаны жөн. Оразаның осындай пайдасы көп. Бастысы, дұрыс тамақтанып, дұрыс режим тұтынуда. «Негізінде, оразаны Алла Тағаланың разылығын ниет етіп ұстау шарт. Ал құлшылық мақсатында ұстаған аштық пен әдеттегі аштықтың қайсысы екені ниет етумен ғана анықталады», – дейді Хасан Аманқұл. Оның айтуынша, оразаны дұрыс ұстаса, оның денсаулыққа пайдасы тиетіні анық. «Денсаулыққа қандай пайдасы бар?» деген сауалымызға, Хасан Аманқұл бірнеше жолын айтып берді. Ең алдымен, жүрек жұмысын жақсартады. Ораза жүрек-қан тамырлары жүйесін жақсартуға көмектеседі. Өйткені 15 сағат аштық жүректің асқазанға қан жіберуге жұмсайтын күшін тежейді, сондай-ақ қандағы майдың үлесін азайтады.Майлы тамақ жемеген де абзал
Көбінде жастар ауыз бекіткенде сәресін ішпей, ұйықтап қалады. Мұның да организмге тигізетін зардабы бар. Кез келген адам сәресінде тойымды әрі өте пайдалы тағамды тұтынған жөн. Тамақтанғанда бірден майлы, ет тағамдарын жеген де зиян. Оның орнына салат, сорпа ішкен ыңғайлы. Сонда ағзадағы зат алмасу процесі дұрыс жүреді. Кәсіби диетолог Салтанат Болатбекқызы ораза кезінде организм өздігінен тазаланатынын, асқазанның көлемі кішірейетінін айтып отыр. «Егер адам ораза кезінде тамақты көп мөлшерде жейтін болса, кішірейген асқазанның формасы үлкейеді. Асқазанның көлемі тұрақты болмаған соң метаболизм процесі бұзылады. Оразадан кейін де ағза ауырлықты сезінсе, асқазанда ойық жара пайда болуы мүмкін. Тұтынған тағамның бәрін бауыр сүзгіден өткізеді. Шамадан тыс тамақтану бауыр жұмысын төмендетеді. Бұл бауыр мен бүйректе тастың пайда болуына әкеледі. Сол себепті ораза кезінде тамақтануға аса мән берген абзал. Басқа уақытта дұрыс тамақтанбасақ та, ораза кезінде міндетті түрде дұрыс тамақтану керек», – дейді диетолог. Диетологтар сәресіне қант қосылмаған талқан, ботқа, құрамында ақуызы көп тамақтарды жеген дұрыс дейді. Асыңыз тойымды болуы үшін сүт немесе айран ішкен де дұрыс. Ірімшік, жұмыртқа, дәнді нан, шикі көкөністер мен зәйтүн майы қосылған салат та тойымды, әрі денсаулыққа пайдасы зор болмақ. Ауызашар мен сәресі арасында су ішкеннің де зияны жоқ. Қуырылған, ащы тамақтардан бас тартқан жөн. Сонда организмде де көп өзгеріс бола қоймайды.Айым БЕКТҰР