Оразада нені есте ұстаған жөн?
Оразада нені есте ұстаған жөн?

Ораза тұтудың ағзаға пайдалы еке­ні дә­лел­ден­генін білеміз. Алайда дұ­рыс режим қалып­тас­тырып, ас мәзірін өзгертпесек, пайдасынан гөрі зия­ны  болуы бек мүмкін. Сондықтан дие­то­лог­­тардың ораза тұту турасындағы ақыл-кеңесін ұсы­намыз.

Гүлбала ЕСЕНБЕКҚЫЗЫ, Қазақстан дието лог тар ассоциациясының мүшесі:

Ағзаны шаршатып алмаңыз

Әрбір адам ораза ұста­мас бұ­рын ағза­сын алдын ала дайын­дау қажет. Шама келгенше жалпы қан талдамасын, ақуыз мөлшерін, фер­­­ритин мөлшерін және Д ви­та­миніне анализ тапсыру керек. Қандай да бір дәрумен же­тіс­пеген жағдайда тағаммен немесе дәрілік препарат­тарды ораза уақытын­да әлсіреп қалмас үшін рационға қосу маңыз­ды. Әрине, дәрігермен кеңесіп алған дұрыс. Ораза уақытында міндетті түрде рационда май, ақуыз және көмірсулар жеткілікті бол­ға­ны жөн. Күнделікті жы­лы су ішуді естен шы­ғармаңыз. Айта кетерлігі,  салқын немесе ыс­тық су асқазанның шырышты қабатына ке­рі әсе­рін тигізеді. Қалыпты температурадағы су­ды отырып, асықпай ұрттап-ұрттап ішеміз. Мәзірімізде ұннан жасалған тағамдарды мүлдем қол­данбаған абзал. Яғни, печенье, бә­ліш пен ақ нанды біраз уақытқа ұмыта тұрыңыз. Қант немесе қанты бар тағам­дардан бас тартып, қуырылған тағамдардан бойды аулақ ұстаңыз. Пандемия кезінде иммунитетімізді кө­теру мақсатында сәресіне сүт (бие, түйе, еш­кі), сары май (қолдың сары майы), жаң­ғақ­­тар, әсіп, қазы, балық, құс еті, ботқа, сүз­бе, қай­на­тылған жұмыртқа, сүйек сорпа­сын, жеміз-жи­дек (жемісті аз мөлшерде) қол­­­­дануға бо­лады. Ауызашарға жеңіл тез қорытылатын тағамдар (көкө­ністі салаттар, сорпалар, буға, пеште дайындалатын та­ғам­дар, голубцы, долма), кешкі тағам құрамында жасұнық көп болуы қажет. Тойып тамақтануға болмайды, асқа­занымыздың үштен бір бөлігі тамақ,  тағы бір бөлігі су, қалған бір бөлігі ауаға толы бол­ғаны маңызды. Оразада ұйқының біздің ағзаға тигізер ықпалы  зор. Сә­ресін ішіп болған соң сағат 7-8-ге дейін ұйықтап алған абзал. Күндіз де ағза шаршап қалмас үшін 1-2 сағат ұйқы қа­­жет. Күнделікті иммунитетті көтеру үшін Д дәру­менін, Омега-3 ішуге болады. Профи­лак­тика ретінде тамақпен бір­ге 2 мезгіл аталған дәруменді қабылдаңыз. Таңертең С дәру­­менін және В комплексін ішуге болады. Міндетті күрде таза ауамен үй ішін желден­діріп отыру қажет, шама кел­се жеңіл жаттығу­лар­ды жасауға болады. Жүкті әйел­дер, емізе­тін әйелдер, созылмалы аурулары бар адам­дар, қарт кісілер міндетті түрде дәрігер кеңе­с­ін алу қажет. Меруерт ҚАЗЫБЕКҚЫЗЫ, дұрыс тамақтану мен СС қалыптастырудың дипломдалған маманы:

Құнарлы май өкпе жұмысына көмектеседі

Қазір трендке айналған «құр­ғақ ашығу», интервалды ашығу, 16/8 және тағы басқа ашы­ғу түр­лері көп. Ғылыми тіл­мен айтсақ, ораза сол күрделі болып саналатын «құрғақ ашы­ғуға» жа­тады. Енді оразаны тек физиологиялық тұр­ғыдан қа­рас­тырсақ, сол ашығулардан әлдеқайда пай­далы әрі жеңіл өтеді. Оразада ағзада болатын өзгерістерге байланысты ға­лым­дар сараптама жасап, 4 кезеңге бөлген. Бірінші кезең – ең ауыр кезең.  Жүрек айну, бас ай­налу, әлсіздік, тағы басқа осы сияқты симптомдар болуы мүм­кін. Ағзаның тазалануға енді кірісіп жатқан кезеңі. Осы кезеңде қан қысымымен бірге қант төмендейді. Екінші кезең – ағза жаңа тәртіпке бейімделіп, ас­қо­рыту жүйесі барынша демалады. Ағза, бар күшін енді та­за­лануға, жаңару процесіне жібереді. Үшінші кезең – ағзадағы тазалану процесі одан әрі кү­шейе түседі, энергия арта бастайды. Бауыр, бүйрек, жү­рек, ішек, тері барлығында детоксикация жүреді. Осы ке­зең­де ағза зақымдалған жасуша­лар­ды қалыпқа келтіріп, өз-өзін жөндейді. Төртінші кезең – оразаның соңғы он күні, ағза барынша тазаланып, жаңарудың шырқау шегіне жетеді. Адамның күш-жігері тасып, ағза өз максимумында жұмыс істейді. Сондықтан оразада адам ағзасында әртүрлі өзгерістер болуы – заңдылық. Пандемия кезінде ораза жеңіл өту үшін, иммунитет төмендеп кетпеу үшін таң сәресіне ет немесе жұмыртқа қосқан абзал. Өйткені бұлардың құрамында ағзамызға қажетті ақуыз және май бар. Ал құнарлы  май өкпеміздің толыққанды жұмысы үшін қажет. Мұнда мен өсімдік майын айтып тұрғам жоқ. Сондықтан жоқ дегенде, таң сәресіне сапалы сары май қосыңыздар.  Өйткені өкпеге тікелей әсер ететін пандемия кезінде, өкпенің жұмысына кедергі келтірмеу маңызды. Сондай-ақ еттегі ақуыз бен май біраз уақыт тоқ жүруімізге көмектеседі. Ал таң сәресі мен ауызашарға балғын көкөніс қосу  – біздің ағзамызға қажет дәрумендер мен минералды береді. Жалпы, ораза жеңіл өту үшін, өкпе жұмысын жақ­сарту үшін таза ауаға көбірек шығыңыздар. Ағза тезі­рек тазалану үшін, кофе, шай емес, таза су ішіңіздер. Ал қимыл-қозғалысы аз адамдарға айтарым, тамақтан­ғанда ет пен балғын көкөністерге акцент жасап, дәнді дақыл, макарон өнімдерін барынша азайту.   Айзада КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ, диетолог:

Тамақтану тәртібіне мұқият болыңыз

Ауыз ашқанда құрма жеп, су ішу­ді ұмытпаңыз. Бұл ауыза­шар­да ағзада неге сұраныс барын анық­тап береді. Сәйкесінше, мөл­­шерден тыс тамақ жеудің алдын алады. Ауызашар болсын, сәресі болсын жаңа піскен өнімдерді пайдаланыңыз. Же­міс-жидек, көкөніс таңдаған кезде осы айтқанымды есте ұстаңыз. Сәресіне дейін бірнеше стақан су ішкен дұрыс. Егер су ішуді ұнатпасаңыз, оның орнына айран, қантсыз компот, өсімдік шайы мен лимон қосылған су ішіңіз. Одан бөлек, тез шөлдететін тағамдардан бас тартыңыз. Рационды уақытша өзгертіп, сіз бен біз пайдаланатын тұзды өнімдерден, балықтан бас тартыңыз. Асықпай тамақтаныңыз. Әсіресе, оразаны алғаш рет ұстаған адамдар тамақты асықпай, жаймен жегені дұрыс. Өйткені ораза кезінде ішкі ағза күйзеліске түседі. Ауызашарды жеңіл тамақпен бастаңыз. Асығыс тамақ­тансаңыз асқазан тамақты дұрыс қорыта алмайды. Әсерінен ораза біткесін артық салмақ қосып алуыңыз мүмкін. Рамазан айында кофені мүлдем ұмытыңыз. Шектен тыс кофе ішу ағзаға зиян. Кофе ішу қан қысымының көтерілуіне, асқазандағы қыжылдың пайда болуына әкеледі. Тамақтану тәртібіне мұқият болыңыз. Біз күнделікті өмірде 3 рет тамақтанамыз. Рамазан айын­да да осылай істеу керек. Мәселен, ауызашардың бірінші бөлігін ыстық тамақ ішумен бастап, екінші бөлігінде майсыз тамақты тұтыныңыз. Сәресінде жеміс-жидекті қолданыңыз. Бұл әдіс денсаулық үшін өте маңызды. Егер шайды көбірек ішетін болсаңыз, жалбыз қосылған шай мен көк шай ішіңіз. Одан бөлек, айран, қатық, ірімшік, құрт жеген пайдалы. Аталған өнімдердің құрамындағы кальций, фосфор, мырыш ағза үшін маңызды. Сәресіне сергек оянған абзал. Ол үшін жатар орынға майлы тамақ жемеңіз. Оның орнын жеміс-жидекпен алмастырсаңыз, бұл мидың қалыпты жұмыс істеуіне, тынығуына көмек­теседі. Коронавирус инфекциясы ауа тамшылары арқылы таралады. Әдетте, Рамазан айында топтасып қонаққа бару жиілеп кетеді. Сондықтан індеттің алдын алу үшін ауызашарды әркім өз отбасымен бірге өткізгені жөн. Ағзада ақуыз, май мен дәрумендер жеткілікті мөлшерде болмаса, иммунитеттің әлсіреуіне әкеліп соғады. Артын­ша ағза әлсіреген соң, адам инфекцияны жұқтыруға бейім болады. Сол себепті жеке гигиенаны сақтап, індет­тің тарауына тосқауыл қойыңыз.  

 Айзат АЙДАРҚЫЗЫ